Қазақстан • 05 Ақпан, 2019

Әлеуметтік төлемнің көлемін арттыру көзделген

458 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әлеуметтік төлемнің көлемін арттыру көзделген

«Қазіргі таңда әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік қатердің үш түрі бойынша параметрлерді қайта қарау ұсынылады. Олар: еңбек ету қабілетін жоғалту, асыраушысынан және жұмысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдер. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді», деді С.Жақыпова.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, мұндай қадам әлеуметтік қатер туындаған кезде азаматтардың әлеуметтік сақтандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ азаматтардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандыруды, еңбек қатынастарын формализациялауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар С.Жақыпова мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды әзірлеу барысымен таныстырды.

«Ұлттық жоспар мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толық интеграциялау үшін жағдайлар жасауға арналған кешенді және ведомствоаралық тәсілді қамтамасыз етуге тиіс. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқығын қамтамасыз ету бойынша жеті басым бағыт белгіленді», деді вице-министр. Аталған Ұлттық жоспар жобасы 2019 жылғы мамыр айында енгізіледі.