Қазақстан • 05 Ақпан, 2019

Маңғыстауда жобалық кеңсе таныстырылды

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалында білімдерін жетілдіріп жатқан тыңдаушыларға «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі таныстырылды.

Маңғыстауда жобалық кеңсе таныстырылды

Жоба туралы Агенттіктің аумақтық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай толығырақ түсіндіріп өтті. Негізгі міндеттері – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу.

Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады. Маңғыстау тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету, жою бойынша өздерінің ұсыныстарын еңгізе алады. Сондай-ақ, жұмыс барысында туындаған мәселелерді қарау үшін кәсіпкерлер, ғалымдар, азаматтық сектордың және БАҚ өкілдері арасынан сарапшылар тартылмақ.

Сонымен қатар «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жаңа әдістер енгізу мақсатында жоба менеджменті қолданылатын болады. Ол мақсатта, жоба аясында Маңғыстау облысы әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатарынан жоба кеңсесі құрылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бар күшімізді саламыз деген тілегін жеткізді.

Айта кету керек, жобалық кеңсе «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» атты жобаны жүзеге асыру аясында еліміздің барлық облыстарында ашылған болатын.

Академия тыңдаушыларының алдында сөз сөйлеген агенттіктің аумақтық департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Мендалиев, қолға алынған жоба аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыру керектігі айтылған болатын және «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында жобалық кеңселердің ашылуын қамтамасыз ету тапсырылған. Осы жобаның жүзеге асырылуы өңір тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өз жемісін береді деп сенеміз, деді ол.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы