Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Мектеп мұғалімі – Массачусетс магистранттары

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде «Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйы­мының көптеген игі жобасы­ қатарына MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» баста­масын қо­суға болады. Яғни Мас­сачусетс технологиялық институты (АҚШ) магистранттарының зият­керлік мектептердегі өндірістік тәжі­рибесіне қатысты жоба қазір жүйелі жолға қойылып, өз нәти­жесін беруде.

Мектеп мұғалімі – Массачусетс магистранттары

Аталған тәжірибенің зияткерлік мектептерде осымен үшінші жыл өткізіліп отыр­ғанын айта кеткен жөн. Бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Қарағандыда басталып, оң нәтиже көрсеткен. Жоба негізінен студенттердің жаратылыстану пәндері бойынша білімін тереңдетуге, теориялық білімді практика жүзінде қолдана білу дағдыларын дамытуға, салыстырмалы­ ойлау қабілетін арттыруға арналған. Биыл елімізде MIT студенттерін Астана, Ал­маты, Шымкент, Қарағанды және Семей қа­ла­ларының мектептері қарсы алды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыс­тар жөніндегі орынбасары Мәди Измай­ловтың айтуынша, шетелдік студенттер Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақы­нырақ білуі үшін жергілікті отбасыларда тұруды өздеріне мақсат тұт­қан. Ежелден қонақжайлығымен та­ныл­ған отандас­тарымыз меймандарды құшақ жая қарсы алды.

«Ағымдағы жылдың алғашқы айында Семейдегі физика-математика бағы­тындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне АҚШ-тың ғана емес, әлемдегі үздік білім ордасының бірі – Массачусетс технология институтынан іс-тәжірибеден өтуге келген Джим Майли Мари Ю Лианг пен Годфри-Игве Стейси Чидера 3 апталық са­парында 11 сынып оқушыларына химия, физика пәндерінен сабақ берді. Бірі – био­инженерия, бірі – көлік құрастыру ма­ман­дықтары бойынша білім алып жат­қан оларға Қазақстан бейтаныс ел. Ал­ғашқы сапарының өзінде ел мен жер тарихынан, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру дағдысы, салт-дәс­түрі жайлы ақпараттарға қаныққан олар қаламыздағы облыстық өлкетану мұ­ра­жайы мен Невзоровтар отбасы атын­дағы өнер мұражайларын аралап көрді. Жексенбі күндері қала маңындағы шаңғы базасына барып, алғаш рет шаңғы тебулерінің өзі студенттерге ерекше әсер сыйлады», дейді М.Измайлов.

Массачусетс студенттері сондай-ақ Ас­тананың әсем архитектурасы, Алматы мен Қарағандының көз тартар табиғаты, көне Түркістан қаласының тарихы мен зияткерлік мектеп оқушыларының ал­ғыр­лығынан алған әсерлерін шынайы жет­кізген. Өз ойымен бөліскен Эндрю Сорэнсон бұл өзінің алғашқы алыс сапары екенін айтады. «Мен осы өлкемен та­нысып, беймәлім Қазақстанды ашып жа­тырмын. Қазақстан – көпұлтты, тарихы терең, халқы қонақжай, кішіпейіл, ерек­ше ел», дейді Арқада атқа мініп, шаң­ғымен сырғанаған қызықты сәттерін еске алып. 

Ал Эшли Уонгқа Астана мен қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнаған. «Астана­да күн суық болса да, сәулетінің сұлулығы тұла бойыңды жылытып жібереді, зият­­­кер­лік мектеп оқушылары үш тілде ер­кін сөй­­леп, америкалық балалармен са­лыс­тыр­ғанда жоғары сыныптарда күр­делі бағдарламаны еркін игерулері мені таң­ғалдырды. Балалар көп білгісі келеді», дейді Эшли.

Алматыдағы химия-биология бағы­тындағы мектепте физикадан дәріс берген­ Ханна Диль Алматының әсем таби­ғатына, әсіресе Іле Алатауына ғашық еке­нін жет­кізіп, Байқоңырды көруді ар­ман­­дағанын, сол арманына жеткенін жасырмады.

Қазір әлем жаһандануға бет бұрды. Ақ­параттық-технологияның дәуірінде бі­лім са­ласы да жаңа үдерісті бастан кешуде. Зият­керлік мектептерде қолданысқа ен­ген шетел­дік студенттердің елімізде іс-тәжі­ри­бе­­ден өтуі болашақ жас мамандарға ғана емес, шәкірттерімізге де пайдалы бо­­­­­­лып отыр. 

Бұл ретте Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің 11 сынып оқушысы Темірлан Әмірғазин өткен жылдан бері мектебінде шетелдік студенттердің іс-тәжірибеден өтуі дәстүрге айналғандығын ай­тады. «Әрине, әр елдің, халықтың өзін­дік ұстанымдары, қағидалары бар. Бай­қағанымыз – америкалықтар адамды тез баурап алатын, жылы жүзді ел екен. Ке­ле сала тіл табысып, бір заманның өкі­­­лі бол­ған соң ортақ қызығушылықта ер­кін пікір алмасып кеттік. Сабақ беру мәне­рі де өзгеше. Қызықты деректер, түрлі пі­кір­­таластар сабақтың жоғары деңгейде өтуіне әсер етті. Майли мен Стейси сабақ­тан тыс уақытта бізге болашақта қажет болар-ау деген дүниелерден ақпарат беріп, біл­гендерімен бөлісті. Мектеп жа­­тақханасы тәр­биеленушілерімен түрлі ойындар өткізіп, білім деңгейін көтеруге септесті», дейді Темірлан.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»