Медицина • 06 Ақпан, 2019

«Времянка» және «акиматтағы таныс»

549 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астананың «Көктал-1» шағынауданында көлемі 30 шаршы метр болатын жертөледе бір үйдің бес бірдей баласы жарым түнде өртке оранды. Балалардың ата-анасы сол уақытта жұмыста болған. 

«Времянка» және «акиматтағы таныс»

Бұл оқиға көп жұрттың қабырғасын қайыстырып, жүрегін ауыртты. Әлеуметтік желіде әлеуметтің кез келген өкілі сырт қала алмаған суыт хабар әлеуетіміздің қаншалықты екенін көрсетеді. Бұл орайда жалпақ жұрттың жан ауыртар жыр жолдарымен де жоқтау айтып жатқанын байқауға болады. Тіпті оқушы қыздардың бейкүнә бейнелері мен мектептерде жаңажылдық мерекеде салған суреттері де төтенше қазаның қаншалықты орны толмас ауыр қайғыға душар еткенін сезіндіреді. Бұл бітеу жараның орнын қалай жазамыз? Өйткені бұл отбасының басындағы жағдай бізге таңсық емес қой.

Қала маңындағы көбіне дұрыс жолы, газы, мектебі, ауруханасы жоқ, бар болса да білім мен медициналық қызмет сапасы көңіл көншітпейтін, балалар белуардан балшық кешіп, айдаладағы мектепке қатынайтын немесе құлқын сәріде тұрып, жұмысқа асыққан ересектердің арасында автобусқа жанталаса мініп, қым-қуыт қалаға итеңдеп жететін ауылдар аз ба? Аз емес. Қазақ қоғамындағы мұндай «трущобаларда» мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам тұрып, Қазақстанның болашағы – балаларын өсіріп жатыр. Олардың арасында өзі соққан үйінде тұрып жатқандары да, сондағы «времянкаларды» пана етіп жатқандары да бар. Өртке оранған бұл отбасы – сондай көп халықтың бірі.

Бұл халықтың қандай күйде екенін көру үшін таңғы, иә кешкі апақ-сапақта Алматының шетіне қарай шықсаңыз көресіз. Қоғамдық көліктің дұрыс жолға қойылмағаны сондай, қала маңындағы құжыраларына жетіп алу үшін жанталасқан халық күре жолдардың бойында қол көтеріп, табан тоздырады. «Алтын орда» сияқты базарлардың маңында көлік жолының екінші, үшінші жолағына дейін шығып кетіп, кез келген көлікті тоқтатып алуға асығады. Қол көтеріп тұрғандардың арасында отбасылар да, балалар да, бала көтерген әйелдер де көп. Біздегі ауылға деген көзқарастың, урбанизацияның көрінісі – осы. Ауылда болашақ жоқ болғандықтан, қаланы мекен еткен жұрттың үй салғаны салды, сала алмағаны осындай жертөлелерді місе тұтты.

Бұл еліміздегі урбанизация үдерісінің, тұрғын үй саясатының, әлеуметтік қорғау саласының тым жабайы деңгейде жүргізіліп жатқанына тағы бір мысал болады. Себебі қазір кез келген ел азаматының осы аумақтарда өз меншігі немесе туған-туысы тұрады. Ал олардың стихиялы түрде қоныстануына, онда әлеуметтік инфрақұрылымдардың болмауына немесе бей-берекет тартылуына қажетті талдау жүргізу қоғамымызда жоққа тән деуге болады.

Осы қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Алматыда сот үкімімен алаяқтығы үшін алты жылға сотталған әншінің президенттің атына жазды деген хаты желіде таратылды. Президентке жазған хатында әнші құрбысының «Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер алып бере алатынын айтқан сөзіне алданғанын баяндайды. Сот материалдарына қарасақ, әнші өз туыстарына үш пәтер, тағы бір құрбысына бір пәтер «алып берген». Мұнда мәселе алаяқтықтың болған-болмағанында емес. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, мұқтаж жандарға арналып жасалатын, яғни әлеуметтік теңдікке бағытталған бағдарламаларға «әкімдіктегі таныстары» арқылы ортадан килігіп, батпан құйрықты алып қалуға дайын адамдардың көптігінде, әрі мұны Мемлекет басшысының өзіне ұялмастан ашық жаза алатынында. Осы істегі басты ұйымдастырушыны батпан құйрықты алмақ болып алданған 33 адам сотқа берген. Мұнда алданғандарды кінәлау да орынсыздау. Олар да – «әкімдікте істейтіндердің», яғни жемқорлықтың құрбаны болып тұр. Бірақ олар бұл схеманың жемқорлықты одан әрі өршітетінін, сол арқылы елдегі заң үстемдігіне, әлеуметтік әділдікке нұқсан келтіріп отырғандарын түсіне ме? Олар баспанаға мұқтаж болса, заңды жолмен «Қолжетімді баспана» аясында үй алуға болатынын білмей ме? Меніңше, олардың көбі заңды жолмен үй алу мүмкін емес деп ойлайды, яғни мұқтаж жандардың өзі араға «әкімдіктегі танысын» салып, тұрғын үй мәселесін шешу керек деп түсінеді. Халықта мұндай «сұраныс» болғанда, «ұсыныстың» да шығатыны белгілі.

Есесіне, адал жолмен кезекке тұрып, бұрқыраған қағаз жинап, мекемелердің табалдырығын тоздыратындар, сол кезегі келгенше құжыраларда қоңыр тірлік кешетіндер қаншама? Олар да «әкімдікте істейтін танысы барлардың» үй алғаны туралы естиді. Бірақ алаяқтардың құлқынын толтыруға не ақшасы жоқ, не ары жібермейді, не мемлекетке сенеді.

Ең өкініштісі, ол отбасының баласы осындай әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті көріп өседі. Олар да теледидардан жалаулатқан салтанатты жиындарды, мақтау мен мадақты, гүлденген ел туралы сюжеттерді көріп өседі. Балшықты кешіп бара жатып немесе автобуста қысылып тұрып ол өз мемлекеті туралы көзқарас қалыптастырады, сол оймен өсіп-жетіледі. Ертең дұрыс білім алып, жақсылыққа ұмтылып, әлеуметтік сатының жоғарырақ тұсына шыға алатындары да бар. Бірақ төмен құлдырайтындары да көп. Өкінішке қарай, біздің заманның трагедиясы осы «времянкалар» мен «акиматта істейтін таныстар» болып тұр.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттанушы-конфликтолог