Тарих • 07 Ақпан, 2019

Майданға барып қайтқан хаттар

880 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық көпшілік кітапханасында өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісовтің «Хаттар сыры» атты кітабының таныстырылымы өтті. Шығармаға Ұлы Отан соғысына бір үйден аттанып оралмаған төрт азаматтың тарихы, қазақ даласы мен қан майданның арасын жалғаған үшбұрыш хаттар, махаббат хикаясы арқау болған.

Майданға барып қайтқан хаттар

Бұл – болған оқиға. Елден майданға, май­­даннан елге жазыл­­­ған хаттар да – түпнұсқа. Кітап кейіпкерлері де өмірде болған адамдар. Кітапты ақтарып отырып осы бір әулеттің тағдыр-та­рихынан – ХХ ғасырда тұтас қазақ халқының басынан өткен зұл­мат-зобалаңды көруге болады екен. 

...Нарын құмын жайлаған Мұқаттың Мұхамедияр деген аруақты ұлы 1928 жылы Қазақ­станда ірі байлар қатарында алдымен кәмпескеге ілінген 696 байдың қатарында болыпты. Бәлшебектер Мұхамедиярдың бір туған бауыры Қаби Мұқатұлын да аямаған: 1930 жылы өз үйінде ауырып жатқан оны «жасырған ақшаңды бер!» деп сабап өлтірген. Қаби­дан қалған 4 ұлды әйелі Бәлиза жал­ғыз жүріп өсіріпті. Бірақ 1941 жылы со­ғыс басталғанда төртеуі де майданға алын­ған.

– Қабидың үлкен ұлы Бақ­тыгерей 1942 жылы 1 қыркүйекте әскерге алынып, 1944 жылы а­қпан айында хабарсыз кеткен. Со­ғыс­тан бұрын Бәуия деген қыз­ға үйленіп, Сәуле деген қызы болған екен, жастай шетінепті. Бәуия шешей өмір бойы ерін күтіп, жалғызбасты жесір күйінде Жаңақала ауданының Пятимар ауылында қайтыс болған, – дейді кітап авторы Жәнібек Әбіл­пейі­сов.

Қабидың екінші ұлы – Дәу­леткерейдің тағдыры тіпті аянышты. Сауатты, соғыс­тан бұ­рын­ есепші болып қызмет еткен ол майданда қоршауда қалып, неміс тұт­­қынына түскен. Кейін тұт­қыннан қа­шып шығып, тобына қосылғанымен, соғыс­тан соң «саяси сенімсіз» ретінде тұт­қындалып, Кеңес түрмесінде қаза тап­қан. Осы Дәулеткерейден қал­ған жалғыз ұл – Ғаділ ғана Қаби әулетінің шежіресін жал­­ғапты.

Қабидың Ғабдыжан мен Ға­лым­­жан ат­ты екі ұлы да соғыстан бұрын Орал облысы Тайпақ ауда­нында мұғалім болып қыз­­мет атқарған. 1945 жылы «хабарсыз кеткен» Ғабдыжанның соңынан елге, ана­сына ұлының Қызыл Жұлдыз ордені келіпті. Әскерде зеңбірекші, аға сержант болған Ғабдыжанның кейінгі тағдыры белгісіз. Кейін, 1985 жылы «Жұлдыз» журналына жарияланған «Нью-Йорктегі қа­зақтар» атты мақаладан туыс­та­ры дәл осы Ғабдыжанды таны­ған­дай болған...

Әулеттің кенжесі Ғалымжан 1939 жы­лы әскерге алынып, 1941 жылы со­ғыс­тың алғашқы кезеңінде опат бо­лып­ты. Бір таңғаларлығы, осы Ғалым­жанға сүйген қызы Мақ­­­палдың елден жаз­ған хаттары сақталып қалған. Бұл хаттарды Ғалымжан қаза тапқан соң жолдастары оның үйіне, анасы Бә­лизаға салып жіберсе керек. Бәлиза ана Дәулеткерейдің, Ғабдыжанның, Ғалым­жанның үйге жазған хаттарымен бірге «кел­мей қалған ке­лінінің» де жазбаларын көздің қарашығындай сақтапты. Ла­тын әрпімен жазылған, сарғайған хаттар сол заманның қиындығын, суретін сол күйінде беріп тұр.

– Бұл хаттарда ауылдағы қазақ қы­зының ұяңдығы, кіршіксіз махаббаты, сол кездегі жастардың сезімі, тіл бай­лығы анық көрініп тұр. Эпистолярлық жанрдың керемет үлгісі ретінде де қымбат қазына, – дейді «Хаттар сыры» кітабының тұсаукесер кешін жүргізген ақын Сағынтай Бисен­­ғалиев.
Ағайынды Қабиевтердің қилы тарихын баспасөз бетінде алғаш көтерген жур­на­лист Есенжол Қы­стаубаев ел­де қалған хат кейіп­­кер­лерін қалай із­дес­тір­гені туралы әңгімелеп берді. Кі­­тап­ханада өткен шараға қатысқан оқыр­­­мандардың бәрі де осы хаттарды сақ­таған, қан­ майданға кетіп қайтпай қал­­ған ­төрт ұлының орнында қалған жал­­­­ғыз немересін жетілдіріп, одан төрт шө­­бере сүйіп барып өмір­ден өткен Бә­лиза әженің қайсарлығына, ерлігіне там­­санды. Дәулеткерейдің немересі, Ғаділ­­дің ұлы Ақылбек Дәулеткереевтің демеу­шілігімен шыққан бұл кітап «күндей күр­кіреп өткен» сұрапыл со­ғыс­­­­­тың құрбан­дарына арналған әдемі ескерткіш болды. 

Айтпақшы, Хадиша Бөкеева атын­дағы Батыс Қазақстан об­лыс­тық қазақ дра­ма театрының әде­биет бөлімі меңге­рушісі Нұр­лан Сәдір осы деректі кітап же­лі­сімен 6 көріністі драмалық шы­ғарма жазып шыққан екен. Құ­рылымы қара­­пайым, халық театрларының өзі сахналай бе­руге арналған бұл пьеса да Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнал­ған тың туынды дер едік. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы