Өнер • 07 Ақпан, 2019

Иран каллиграммасының құпиясы

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Елбасы кітапханасы музейінің ғимаратында Иран­дағы ислам революциясы жеңісінің 40 жылдығына арналған «Иран каллиграммасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Иран каллиграммасының құпиясы

«Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Елбасы кітапханасы Иран Ислам Республикасы елшілігімен бірлесе ұйымдастырған айтулы шараның тұсаукесеріне Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Маджид Самадзаде Сабер, көрме авторы Саид Хушманеш және тағы да басқа құрметті қонақтар мен өнертанушы мамандар  қатысты.

– Каллиграмма өнерінің 30-40 жылдық тарихы бар. Иран­дық наққаши-хатты тарихи жаз­балар мен қасиетті жерлерден, мөрлер мен ыдыстардың беті­нен кезіктіруге болады. Оның негізін қалаған Пиларам, Мафи, Зендеруди, Афджеии, Ехсаии сынды тұлғалардың жолын бүгінде Саид Хушманеш жалғастырып, каллиграмма өнерінің кең таралуына үлес қосып отыр. Айта кетер маңызды жайт, каллиграмма көрмесіндегі суретші жұмыстарынан оның осы өнер тарихының қыр-сырын меңгеріп жазудың және оның оқылуының қиындығынан еш тайсалмағандығын, жаңа­лық­тар енгізу барысында кө­не дә­уірлерге де тиесілі элемент­тер­ді шынайылықпен суреттей білгендігін байқауға болады, – деді Елбасы кітап­ха­на­сы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева көрменің салтанатты ашылу рәсімінде. 

Айтулы көрмеге ирандық суретші Саид Хушманештің 40-қа жуық жұмысы қойылды. Өзінің бар кәсіби және шығармашылық ғұмырын каллиграфия өнеріне арнаған қылқалам иесі елорда тө­рінде өткен бүгінгі жауапты сәт­ке 3 жыл бойы үздіксіз әрі тың­­ғылықты дайындалыпты. Бұл жөнінде Саид Хушманеш бы­лай деді:

Каллиграфия өнерінің жаңа ағымын қазақ халқына көрсетуді ұйғардық. Жалпы, өзім каллиграфия өнерімен 27 жылдан бері айналысып жүрмін. Оның 7 жылын оқуға арнасам, қалған 20 жыл бойы каллиграфия және графикалау өнері бойынша дәріс оқып келемін. Осы жылдарда каллиграмма өнері бойынша сурет салу техникамды жетілдірдім. Алғашқы кезде салынған туындыларым мен қазіргі жұмыс­тарым бір-біріне мүлдем ұқса­майды. Бүгінгі көрмедегі қа­зақ­стандық өнерсүйер қа­уым на­зарына ұсынылып отыр­ған топтамаға тазхибпен безендірілген әрі ирандық клас­си­калық және дәстүрлі кал­ли­графияға жатқызылатын «нас­талик» жазуы қолданылған бір­неше туынды, сондай-ақ заманауи ирандық графика және каллиграфия қалыбына келтірілген дәстүрлі насталик, шекасте жазулары қолданылған бірқатар туындылар қойылды, деп суретші іс-шара бағдарламасымен жан-жақты таныстырып өтті.

Аталған көрме Елбасы кітап­ханасы музейінің ғимаратында 2019 жылдың 10 ақпанына дейін жалғасады.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»