Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Дуалды оқыту жүйесінің тұңғыштары

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Сандықтау ауданы Каменка селосында орналасқан №2 агротехникалық колледжде үш жұмысшы мамандығы бойынша 208 студент білім алуда. Бұл білім ошағы облыс бойынша алғашқылардың бірі болып дуалды оқу жүйесіне көшті.

Дуалды оқыту жүйесінің тұңғыштары

40 процент оқу кабинеттері мен зертханаларда теориялық білім алып жатқан болашақ мамандар таңсық жүйеге де бойларын үйрете бастады. Ерте көктемнен сарыала күзге дейін әлеуметтік серіктестердің, яғни жұмыс берушілердің егістік алқаптары мен мал шаруашылықтарында тыңғылықты тәжірибеден өтеді.

– 2016 жылдан колледж толығымен дуалды оқу жүйесіне көшті. Әрине, алғашқы жылы біршама қиын болды. Жаңалықты жақсылап игеру үшін оқытушылар мен өндірістік шеберлердің білімін тереңдеттік. Бірнеше ұстаз облыс орталығында білімін жетілдіріп қайтты. Шәкірттеріміз жергілікті «Каменка және Д» серіктестігінде тәжірибеден өтеді. Олардың басым бөлігі ауданымыздың көптеген шаруашылығында егін егіп, мал өсіреді, – дейді  колледж директорының орынбасары Константин Кудин.

– Колледж ауыл шаруашылығы кадрларын білікті етіп дайындайтын тірек орны іспетті. Өйткені, серіктестіктегі механизаторлардың көбі осы білім ошағының түлектері. Колледж бен серіктестік арасындағы байланыс тіптен нығая түсті. Болашақ мамандар барлық науқандық жұмыстарға белсене қатысады. Өз тарапымыздан материалдық көмек көрсетіп тұрамыз. Жақында ғана қуатты тракторды сыйға тарттық, – дейді «Каменка және Д» серіктестігінің бас директоры Алексей Джейранов.

Дуалды оқу жүйесіне көшкеннен бері студенттердің білім сапасы да арта түсті.

– Мен бірінші курста оқимын. Болашақ мамандығым фермерлік шаруашылық жүйесі. Мамандығым өзіме ұнайды. Күзде егін орағына қатысып, шетелдік техниканы меңгерудің әдістерін үйрендім, – дейді студент Даниил Малышкин. Теориялық білімді тәжірибе арқылы жетілдіріп жатқан колледж студентерінің болашақта жер ананы аялай білетініне сенім зор.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы

Сандықтау ауданы