Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Ел чемпионатына облыстық іріктеу кезеңі өтті

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетауда каратэ спортынан Қазақстан Республикасының чемпионатына облыстық іріктеу кезеңі өткізілді. Жарыста Көкшетау қаласы мен Атбасар, Бурабай, және Зеренді аудандарының өрендері бақ сынады.

Ел чемпионатына облыстық іріктеу кезеңі өтті

Каратэ – Қазақстанда соңғы жылдары дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Республикалық, халықаралық дәрежедегі додаларда топ жарып жүрген спортшыларымыз бұған дәлел бола алады. Каратэден Қазақстан Республикасының чемпионатына облыстық іріктеу кезеңі өтті. Сайыста өңірдің 4 ауданынан келген  170-ке жуық қатысушы бақ сынады.  

–Облыс спортшылары республикалық додаларда топ жарып жүр. Былтырғы жылғы чемпионатта 7 спортшымыз жеңімпаз атанды,–дейді бас төреші Данияр Рахымжанов.

Жекпе-жек додасына 6 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер қатысты. Спортшылар екі күн бойы каратэнің «Ката» және «Кумитэ» түрлері бойынша күш сынасты.

–Мен сайысқа Көкшетау қаласының атынан шығып отырмын. Каратэ спортымен екі жарым жыл айналысамын. Бүгінгі іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанып, республикада облыс намысын қорғағым келеді,– дейді сайысқа қатысушы Денислан Бектасов.

Сайыс жеңімпаздары Ақтау қаласында ақпан айында өтетін республика чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Көкшетау қаласы