Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Бәрі де Баку съезінен басталған

974 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және «Мәдениеттерді жақындастыру» орталығының қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Түркі жазуы: рунадан латын әліпбиіне дейін» атты тақырыпта ой-пікір алмасу мақсатында белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Алматыдағы түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен консулдықтарындағы лауазымды тұлғалар дөңгелек үстел басына жиналды.

Бәрі де Баку съезінен басталған

Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтанов түркі мәдени мұрасын сақтау, әліпбиді латын графикасына көшіру, жалпы әлемдік қауымдастықтағы түркі ха­лық­тарының орны туралы баяндай келе, жиынға қатысушылардың 1926 жылы Баку қаласында өткен Бірінші Бүкіл­одақтық түркітану съезінде жа­салған баяндамалар негізінде да­йын­­далған кітаптың тұсаукесеріне ар­найы шақырылып отырғанын айтты.

Рәсім алдындағы алғашқы сөзді алған белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­кері Олжас Сүлейменов дөң­ге­лек үстел басындағы дерегі мол дә­йек­ті әңгімесін өзінің ежелгі мә­де­­ниеті мен өткен тарихын қай­та қарастыру кезеңін бастан өт­керіп отырған қазақстандық ғылым­дағы түркологияның өркендеуі тұр­ғысынан бастады. «Барлық түркі халықтары үшін маңызы жоғары болған тарихи съезге Қазақстанның атынан Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев қатысып, сөз сөйлеген. Съезге барлығы 130 делегат қатысқан. Бірақ осы бір-бір елдің рухы мен туын көтеріп барған марғасқалардың бәрі дерлік, Мәскеуден барған Бартольд, Малов, Ашмарин секілді бірді-екілі ғалымдардан өзгесінің бәрі де кейін тұтас атылып кетті. Түркі әлемін­дегі серкелер тұтас саяси жүйе­нің құр­баны болған соң бұл ғылым­ның дамуы да тежелді. Құрамын­да түркітілдес халықтар мекендеп отырғандықтан, Одақта баяу болса да, оң қадамдар жасалып отырды. Бірақ соған қарамастан, түркология ғылымы әлі де жөргектегі сәби қал­пында келеді. Әрине жергілікті грамматиканы зерттеу, сөздіктер әзірлеу, фольклор, этнографияны өр­кендетуде ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатқанын терістей алмаймыз. Бірақ түркі этносы қалай пайда болды, тілдері қалай дамыды, жазу қайдан өркендеді – бұл сұрақтарға толыққанды жауап әлі алынған жоқ. Ал бүгінгі түркологиядағы бізге бел­гілі мәліметтер ол 1926 жылға дейін де белгілі болған деректер. Сон­дық­тан жеке емес, жалпы әлемдік түрко­логияны дамытудағы қозғалыс енді басталып, қайта өркен жайып келеді», деді «АЗиЯ»-ның авторы. 

О.Сүлейменовтің айтуынша, түркология ғылымының іргетасы берік қаланған. Әйтпесе сусылдаған құмның үстіне салынған үй секілді әлдеқашан құлап қалған болар еді. Ол түркі халықтарының ортақ қоғамдық санасы, мәдениеттерді жақындастыру негізінде мығым бола түспек. Түркілердің қалай, қайдан пайда болғаны 1926 жылғы Баку конференциясында да ғалымдардың қызу пікірталасын туғызған. Түркология туралы сөз енді басталған кезде, ол толастамауы тиіс. Сол себепті биылғы жылдың маусым айында Түркістан облысында «Ежелгі дүниедегі түркілер» атты халықаралық үлкен конгресс жұмысын өткізу жоспарланып отыр. Түркі-шумерлер, Вавилонды, Ежелгі Римді мекендеген түркілер, Оңтүс­тік Еуро­падан табылған түркі іздері туралы табылған тарихи деректерді жинақ­тап, сүзгіден өткізіп, мәміле нег­ізінде сұрыпталған маңызды мәлі­меттер осы конференцияда ғалым­дардың кең талқылауына түспек. 

Дөңгелек үстел басындағы негіз­гі әңгіме «Бірінші Бүкілодақтық түркі­тану съезі. Стенографиялық есеп» атты кітаптың жарыққа шығуы туралы болғандықтан, осы жинақты тарту етіп отырған Әзербайжан Респуб­ликасының Алматыдағы консулы Рамил Рзаев ғасыр басында өткен түр­кологтар жиынының маңызына көбірек тоқталды. Съезде түркітілдес елдерден келген ғалымдардың бәрі де өз ұлтының тілдік ерекшелігі мен дамуы, латын әліпбиіне көшу туралы ойымен шектелмей, ортақ түркі әліпбиін түзіп, қолданысқа енгізу туралы мәселе көтергенін еске салды. 

Кеңестік жүйеге бағынып, жаңа­ша өмір сүруді бастаған түркі ел­дері­нің рухани дамуына бұл тарихи съезд зор серпін береді. Осы съезде Ахмет Байтұрсынов «Орфо­графия туралы» және «Қазақ терми­нологиясының принциптері туралы» деген тақырыптарда баяндама жасап, екі рет мінбеге көтеріледі. Ең ғажабы, бірнеше тілде еркін сөй­лейтін кемеңгер ғалымның баяндама­сына съезге қатысушылардың ықы­ласпен құлақ қойып, ой-пікірі­нің терең­дігіне қызығушылық та­ныт­қаны сондай, қолдауы мен мүд­де­лес­тігін қатты соғылған алақан ша­па­лағымен білдіріп, қайта-қайта қол­паштауға көміп салып отырған. Ахмет Байтұрсынов – осы съездің негізгі дем берушісі, тірегі әрі басты тұлғасына айналады. 

А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Баку съезі әлемдік деңгейдегі түркі халықтарының тұңғыш құрылтайы болғанына, Баку съезінен кейін де КСРО-да үлкенді-кішілі халықаралық құрылтайлар өткенімен, бұл кезде «Түркі» деген сөзді айтуға тыйым салын­ғанына тоқталды. 

Жалпы, осы дөңгелек үстелде таныстырылған бұл кітап ғалым­дардың кәсіби­лігін танытуға, түркі­тілдес елдерді бір-біріне жақын­дастыруға, рухани тұрғыдан интеграциялануына мүмкіндік беретін бағасы зор мәдени ескерткіш. Баку­ден басталған тарихи маңызды қадам­ды қуаттап отыруға бүгінгі күні бүкіл түркі дүниесі тегіс мүд­делі болуы тиіс.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ