Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Қорғаныс министрі жұмыс сапарымен «Іле» полигонына барды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев «Іле» полигонына жұмыс сапарында екінші жиынтық бітімгершілік ротасы әскери қызметшілерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік мүмкіндіктерімен танысты.

Қорғаныс министрі жұмыс сапарымен «Іле» полигонына барды

Сапар барысында Қорғаныс министрі бітімгершілік ротасымен жабдықталған оқу-материалдық база мен әскери техниканы аралап көрді. Қазіргі уақытта Ливан Республикасында бітімгершілік миссиясын орындау үшін 120 әскери қызметші жұмыс істейді.  

Дәрістерді бітімгершілік қызметінде тәжірибесі бар мамандар, офицерлер және бітімгершілік даярлығы жөніндегі сержанттар өткізеді. Сабақтың теориялық бөлігі БҰҰ-ның жалпы ережелері мен құрылымын, Ливандағы бітімгершілік миссиясының ерекшеліктерін зерделеуді қамтиды. Іс жүзінде бітімгерлер блокпостарда, бақылау-өткізу пункттерінде қызметті ұйымдастыру дағдыларын жетілдіріп, патрульдеуді жүзеге асырады.

«Ливан Республикасындағы бітімгершілік миссия лайықты атқарылып келеді. Бұл мемлекеттік маңызды іс. Өйткені Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастық алдындағы халықаралық міндеттемелерін орындауы болып табылады. Бітімгершілік миссияға қатыса отырып, сіз Қазақстан Республикасын халықаралық аренада таныстырасыз. Алынған жаңа білім мен жауынгерлік дағдылар әр түрлі стандартты емес жағдайларда бекетке шабуыл жасау кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Миссияда бола отырып, барлық заңдарды, ережелер мен нұсқаулықтарды қатаң және дәл орындай отырып, жеке қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, батыл, тәртіпті жауынгерлер болыңыздар» деді министр.

Оның айтуынша, Қорғаныс Министрлігі Әскери-саяси жағдайы күрделі аудандарда, бейтаныс физика-географиялық жағдайларда қызмет атқарудың пайдалы практикалық тәжірибесін алу мақсатында қазақстандық әскери қызметшілердің шетелде бітімгершілік миссияларға қатысуын кеңейту жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде.

«Осыған байланысты «Іле» полигонында бітімгершілік даярлықтан өткен Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің санын арттыру жоспарланып отыр. Сіздерге әскери борышын жоғары деңгейде орындап, Отанға деген абыроймен оралуларыңызға тілектеспін» деді Қорғаныс министрі.

Сондай-ақ, сапар барысында Алматы гарнизонының әскери бөлімдері тексерілді.