Хоккей • 08 Ақпан, 2019

Әуесқой хоккейшілердің финалы Мəскеуде өтеді

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хоккейден «RedBull Шлем» жəне «Краги» ашық мұз айдындарында өткен халықаралық турнирдің іріктеу сындарының жеңімпаздары анықталды. Бұл жайында INFO JUMP ақпараттық порталы хабарлайды.

Әуесқой хоккейшілердің финалы Мəскеуде өтеді

Алматыда өткен жарыста «Трехногие» клубы  теңдессіз деп танылса, Астанадағы бәсекеде «Бригантина» бас жүлдені олжалады. Осы жеңістерінің арқасында айтулы қос команда 23 ақпанда Мəскеуде өтетін Суперфиналда бақ сынайды.

Осы жарыс хоккейдің қолжетімді жəне динамикалық спорт түрі екенін анық байқатты. Біздің басты мақсатымыз – осы спорт түрін барынша насихаттау еді. Бұл жоспар ойдағыдай жүзеге асты, – дейді турнирдің техникалық директоры, SportConcept қоғамдық қорының негізін қалаушы Алексей Кузнецов.

Біздің əуесқой команданың құрылғанына бес жылдан асты, – дейді Алматыдағы турнирде жеңімпаз атанған командасының ойыншысы Алексей Федорченко. – Күннің жылуынан мұздың үсті сəл-пəл еріп жатты. Ал біздің ашық аспан астында ойнаудағы тəжірибеміз аз еді. Десек те осы жарыста барымызды салып, жеңіске жеттік. Алған әсеріміз де керемет.  

Біздің команда атауының өзіндік тарихы бар, – дейді Астанадағы турнирде топ жарған команданың капитаны Азал Мəмбетəлиев. – Жетпісінші жылдардың басында менің атам Теміртау қаласында «Бригантина» деп аталатын аула клубын құрған еді. Бүгінгі таңда сол дәстүрді біздер жалғастырып отырмыз. Үш ағайындылар – мен, Руслан жəне Асхат  Астанада хоккей шеберлігі мектебін құрып, атамыз бастаған істі қайта қолға алдық.  Осы турнирде біз өз мектебіміздің бапкерлер құрамымен ойнадық. Жарыс деңгейі өте жоғары болды.

Ресейде қолға алынған бұл жарыстың жалауы қатарынан төртінші рет желбіреуде. 2019 жылы айтулы турнирде қазақстандық командалар да бақ сынауды құп көрді. Демек, бұл бәсеке халықаралық мəртебеге ие болды. Іріктеу сайыстары қос көршілес мемлекеттің 17 қаласында өтуде. Сол жеңімпаздардың барлығы 23 ақпан күні Мəскеудегі Жеңіс Саябағында бас қосып, жарыс жеңімпазын анықтайды.

Ал Қазақстандағы жарыс Алматы мен Астана қалаларының əкімдігі, Алматы хоккей федерациясы, НСК жəне HardeesKazakhstan сақтандыру компанияларының қолдауымен ұйымдастырылды.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Егемен Қазақстан»