Медицина • 10 Ақпан, 2019

Еңбек министрлігі көп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірді

2237 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Балалы отбасыларды қолдау мақсатында 2019 жылға 365 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды.

Еңбек министрлігі көп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірді

Ведомство мәліметінше, бүгінде Қазақстанда баласы бар отбасыларды қолдаудың кешенді моделі түзілген. Оған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамту шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер еніп отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік қолдау отбасылардың 5 санатына көрсетілуде, яғни 1 жасқа дейінгі баласы бар аналар мен отбасыларға; көпбалалы отбасыларға; мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға; аз қамтылған отбасыларға; асыраушысынан айырылған және балаларды қамқырлыққа алған отбасыларға қолдау жасалады. «Қазақстандық жүйе азамат өмірінің барлық кезеңінде қолдау шараларын қамтып отыр.

Отбасыларды қолдаудың әлеуметтік жүйесі түрлі өмірлік жағдайларды қарастырады. Барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне қарай индекстеледі», - делінген хабарламада. Бала туған кезде бір жолғы жәрдемақы ескерілген, оның көлемі бала санына байланысты. 2019 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға арналған жәрдемақы 95 950 теңгені құрады, ал төртінші және одан кейінгі балалар туғанда 159 075 теңге төленеді.

Соңғы үш жылда осы жәрдемақының сомасы 38 пайызға өсті. Бұл санаттағы отбасыларды қолдау үшін 2018 жылы 40,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жәрдемақыны 395 мың адам алды. Сонымен бірге, Қазақстанда бала бір жасқа толғанша әлеуметтік қолдау қарастырылған. Бұл төлем жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға беріледі. Егер де баланың анасы жұмыс істемесе, онда бала өмірге келген сәттен бастап бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы тағайындалады, сондай-ақ бұл төлем ай сайын беріледі. Жәрдемақы сомасы 14 544-тен 22 473 теңге аралығында болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша осындай жәрдемақыны 125 мыңнан астам адам алған. Жалпы, осыған 30 млрд теңге бағытталды. Соңғы үш жылда аталған жәрдемақы көлемі 19 пайызға артты. Егер де баланың анасы жұмыс істеп, сол үшін әлеуметтік аударымдар жасалса, оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер бөлінеді. Біріншіден, жүктілік пен босану бойынша төлемдердің мөлшері соңғы 12 айдағы әйелдің орташа айлық табысына байланысты.

Өткен жылы осындай төлемнің орташа көлемі 391 170 теңгені құрады. Екіншіден, соңғы 2 жылда орташа айлық табыстан 40 пайыз мөлшеріндегі бір жасқа дейін баланы күтіп-бағуға арналған төлем. Аталған төлемнің орташа сомасы 2018 жылы 32 361 теңгені құрады. Өткен жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы 165 млрд теңге көлемінде 400 мыңға жуық ата-анаға төлем жасалды. Бұдан бөлек, мемлекет әйелдерге орташа айлық табысынан 10 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялайды. Бұл шаралар баланы күтімі бойынша демалыс кезеңінде зейнетақы жинақтары үздіксіз болуы үшін жасалып отыр. Жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен кепілдіктері еңбек заңнамасымен қорғалған. Мысалы, экономикалық себептер бойынша штатты қысқарту, жұмыс көлемін төмендету негізінде еңбек шартын бұзуға жол берілмейді. Бұл тұрғыда жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтама ұсынған аяғы ауыр әйелдерге, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы барларға және 14 жасқа дейінгі (18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар) жеткіншектерді тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналарға қатысты болып отыр.

Сонымен қатар, өз ісін ашуға ниетті нәзік жандыларға әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың түрлі бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2018 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 3 033 әйелге шағын несие берілді, 1 243 әйел 100 АЕК сомасында жаңа бизнес-идеяларды дамытуға грант алды. «Мемлекет көп балалы аналарға ерекше назар аударып отыр және оларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы өмір бойы беріледі, яғни зейнетақыға шыққаннан кейін де тоқтамайды, сондай-ақ оның табысына қарамай тағайындалады.

Қазіргі кезде жәрдемақы 16 160 теңге (6,4 АЕК) және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстеледі», - делінген министрлік мәліметінде. Бұл жәрдемақы құрметті атақтарды алуына байланысты аналарға тағайындалады, сондықтан да ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланбайды. Бүгінде осындай құрметті атақ 237 мың анаға тиесілі. Жыл сайын бұл жәрдемақыға 45 млрд теңге бөлінеді. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған көп балалы аналар көлік және жер салықтарынан босатылады. Мұнымен қоса, тұрғылықты жерін тіркеу кезінде нотариалдық әрі заңнамалық маңызды іс-қимылдарды жасау кезінде, төлқұжат пен жеке куәлікті алу шараларында мемлекеттік баж төлемейді. Төрт және одан артық кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Өткен жылы 271 мың отбасы жалпы сомасы 32,8 млрд теңгеге осындай жәрдемақы алды. 5 баланы дүниеге әкелген аналар және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелегендер 53 жаста мерзімінен бұрын зейнетке шығады. Атап айтқанда, табысы төмен отбасылар үшін мемлекеттік қолдаудың бөлек шаралары қарастырылған. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасыларға атаулық әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі енгізілді. Ведомство мәліметінше, осы көмекті көрсетудің өлшемдері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде 2017 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмектің орташа көлемін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік берді. Атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта беріледі және ақшалай төлеммен қатар, әлеуметтік қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар, жұмысқа тұру, оқыту, шағын несиелерді беру мен өзге де шараларды қамтиды.

Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды, асыраушысынан айырылған отбасыларды қолдаудың бөлек әлеуметтік шаралары ескерілген. Мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді қолдау шаралары 16 жасқа дейін ай сайын 41 578 теңге сомасында жәрдемақы төлеуді қамтиды. 16-дан 18 жасқа дейін мүгедектік тобына қарай: бірінші топқа - 57 021 теңге, екінші топқа - 47 220 теңге, үшінші топқа - 35 638 теңге беріледі. Осы төлемдерге қосымша кәмелет жасына жеткенше дейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамға жәрдемақы тағайындалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 80,6 мың адам мұндай жәрдемақы алды. 2019 жылы жәрдемақы көлемі 31 183 теңгені құрады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі үшін жәрдемақы енгізілді. Былтыр осы көмек 11,5 мың адамға берілді. 2019 жылы жәрдемақы 31 183 теңгеге жетті. Бұдан бөлек, жекелей қажеттіліктерді ескере отырып, балалар техникалық қосалқы құралдармен (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлоқұрал), арнайы қозғалыс жабдықтарымен, шипажайда емделумен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Асыраушысынан айырылған отбасылар үшін бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған, яғни асыраудағы бір адамға 25 541 теңгеден бастап, алты және одан көп балалар болған кезде 62 663 теңгеге дейін. Егер де асыраушы адам жұмыс істесе, онда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер ескерілген. «Халық үшін мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету үшін былтырдан бастап қызметтің төрт түрі проактивті режімде іске қосылды.

Бала туғанда тіркеу, мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою, бала туғанда жәрдемақыны тағайындау мен бір жасқа дейін баланың күтімі бойынша төлемдер бір проактивті қызметке біріктіріліп, әйелдердің мекемелерге арнайы баруын талап етпестен іске асырылады», - деп атап өтілген министрлік мәліметінде. Еңбек министрлігі өкілдерінің пайымынша, ана мен баланы әлеуметтік қорғау аясында қабылданған шаралар халықтың демографиялық өсіміне оң әсер етті. Соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 10 пайызға өсті (2008 жылы 356,6 мың бала, ал 2018 жылы 391 мың бала дүниеге келді).