Ауыр атлетика • 11 Ақпан, 2019

Таиландтан табысты оралдық

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таиландтың Чиангмай қаласында ауыр атлетикадан халықаралық турнир аяқталды.

Таиландтан табысты оралдық

Осы жарысқа санаулы ғана спортшыларымыз қатысқанына қарамастан Қазақстан құрамасы өте жақсы өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға табан тіреді.

Біз бұған дейін де Олимпия ойындарының іріктеу сындарының бірі ретінде қарастырылған айтулы додада 81 кило салмақта күш сынасқан Нұрлыбек Сәменовтің бас жүлдені олжалап, 102 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әлихан Шайхидиновтың күміс медальді иеленгені жайында жазған едік.

Жарыстың соңғы күні қоржынымыз тағы қос жүлдемен толықты. 109 кило салмақтағы Ибрагим Берсанов күміс медальді еншіледі. Қоссайыстың қорытындысы бойынша жерлесіміз 372 (172+200) кило салмақты еңсерді. Ал 109 кило салмақта сынға түскен  Селимхан Абубакаров қола жүлдені иемденді. Оның көрсеткіші – 370 (170+200) кило. 

­­–  Осы жарысқа қатысқандардың дені халықаралық аренаға алғаш рет шығып отыр. Соған қарамастан өрендеріміз өздерін жақсы қырынан көрсетті. Бұл әңгіме Нұрлыбек Сәменов пен Әлихан Шайхидиновқа қатысты. Бірі – алтын, екіншісі – күміс алды. Бұл жағдай елімізде дарынды жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғартады, – ­дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников.
 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»