Кино • 11 Ақпан, 2019

Тағдырлы жандар туралы фильм

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада Астанадағы Saryarka кинотеатрында мүмкіндігі шектеулі жандар туралы түсірілген «Қыз бен теңіз» әлеуметтік көркем фильмінің тұсаукесері өтті. 

Тағдырлы жандар туралы фильм

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған туындының тең режиссері әрі сценарий авторлары – Әзизжан Заиров және Мұхамед Мамырбеков. 

«Қыз бен теңіз» фильмі – мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірі баяндалатын «Безграничные возможности» ди­логиясының екінші бөлімі. Цикл­дың бұдан сәл бұ­рынырақ түсі­рілген «Быть или не быть?» атты б­ірінші бөлімінде Балалардың церебралды сал ауруы  (ДЦП) диаг­нозы бар жас жігіттің өмірі су­реттелсе, «Қыз бен теңіз» аталатын кезекті бөліміне Әсел есім­­ді бой­жет­кен­нің тағдыры ар­қау болыпты. Жа­зылмайтын аур­уына қарамастан, жас қыздың бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру. Осы бір мақсаты жолында талайлы тағдыр иесі өмір ұсынған кез келген қиындықты еңсеруге дайын. Шын қаласа, адам баласының жеңбейтіні жоқ екен. Рух пен жігер оты тасыған өмірге құштар жан арманын бағындырады. 

– Фильм негізіне «АРДИ» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Дина­ра Шәріпованың өмірі алынған. Кар­тинада ол басты рөлді сомдайды. Дина­ра өзінің өмірге деген көзқарасы, өмір­сүйгіштігі және мінезінің жұмсақ­тығымен ерекшеленеді. Өзінің ауруы­на қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. «Тұран» колледжін тәмамдап, Мәскеудегі «Синергия» университетінде білім алған. Шығармашылыққа да өте жақын, аяғымен сурет салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Динараның суреттері Жапония, Англия, Америка елдерінің жеке көрмелерінде ұсынылған. Фильмде біз оның шексіз ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге тырыстық, – дейді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.

2017 жылы көктемде өндіріске жі­берілген картинаның не­гіз­гі түсірілім жұмыстары екі ай көле­мін­де Алматы қаласы мен Қапшағай жа­ғала­уында өткен. Фильмге түскен­дердің бар­лығы дерлік кәсіби актерлер емес, ДЦП диагнозы бар мүмкіндігі шек­теулі адамдар. Басты рөлдерді «АРДИ» оңалту орталығының оқу­шылары, атап айтсақ Динара Шәріпова, Тахир Умаров, Қанағат Тасқараев бастаған талантты жастар ойнайды. Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне белгілі театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова ша­қырылған. Фильм режиссерлерінің пі­кірінше, жаңа туынды мүмкіндігі шек­­теулі талай жан­­­ның өмірін тү­бе­­­гейлі өзгертіп, жа­­­ңаша талпыныс сый­лайтыны сөзсіз. 

– Әлеуметтік фильм­дерді түсі­ру­ден ұққаным, мүм­кін­дігі шектеулі жан­­дарға кинема­тограф арқылы кел­ген арт-тера­пия­ның әсері инклю­зив­ті (барлығы қам­тылған) болаты­нын түсіндім. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Бұл картина арқылы біз көрермендерге мүгедек жастардың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі барлық жандардың күнделікті проблемалары туралы ашып көрсетуге ты­рыстық. Қоғамда өз орнын тауып, сол ортаның тең мүшесі болу үшін осын­дай адамдардың өмірімен, ты­ныс-тір­шілігімен танысқаннан кейін, кө­рермен оларға түсіністікпен қарап, тіпті өздерінің күшіне де сене алатынына сеніміміз мол, – деді көрсетілім соңынан пікір білдірген фильмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков. 

Түсірілім тобының өкілдері, сондай-ақ алдағы уақытта кинотуындының зағип жандар үшін арнайы тифлоаудармасы бар нұсқасын дайындауды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»