Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Жетісайда қырыққабат егістігінің көлемі 469 гектарға жетті

563 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Жетісай ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, қырыққабат пен көкөніс дақылдарының егілген көлемі 500 гектарға жуықтады. Оның ішінде ерте егілетін қырыққабат егістігінің көлемі 469 гектарға жетіп отыр.

Жетісайда  қырыққабат егістігінің көлемі 469 гектарға жетті

Ауа-райының өзгерісіне алдын ала дайындалу да диқандар үшін маңызды. Бұл орайда ерте егілген қырыққабат пен көкөніс түрлерінің үсік шалуына жол бермеу жұмыстары да атқарылуда. «Биылғы ауа-райы қолайлы болып тұр. Қырыққабат егуге былтырғыдан 5-6 күн ерте кірістік. 8 гектар алқапқа қырыққабаттың 3 түрін егіп жатырмыз. Өнімдерімізді сәуір айының аяғында Ресей мен Беларусь нарығына жөнелтетін боламыз. Былтырғы жылы қырыққабаттың келісін 120 теңгеден бастап өткізсек, соңғы өнімдерімізді 67 теңгеден саудаладық. Бір гектардан шамамен 45-50 тоннаға дейін өнім алуға болады»,- дейді «Кәмілжан» шаруа қожалығының төрағасы Кәмілжан Дадаев. Бүгінде қожалықтың егіс көлемінде 200-ге жуық ауыл тұрғыны еңбек етуде. Оларға күндігіне 2 мың теңге еңбекақы төленуде екен.

Бірқатар шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысып шыққан Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың мәлімдеуінше,  45222 гектарға пал алынып, 11895 гектар егістік жер терең қопсытылған, 30 мың гектарға жуық егістік алқабында сор шаю жұмыстары жалғасуда. Жалпы 68493 гектар жер айдалған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар