Жүлде қоры 64 000 евроны құраған жарыстың бастапқы бәсекелерінде канадалық Стивен Диас пен ресейлік Павел Котовты қапы қалдырған жерлесіміз ширек финалда хорватиялық Виктор Галовичтен айласын асырды. Жартылай финалда ол словакиялық Филип Хоранскиге сан соқтырса, ақтық сында италиялық Роберто Маркордан мерейі үстем болды. Бұл кездесуде 6:0, 6:3 есебі тіркелді.
Бұл – Бубликтің карьерасындағы ITF және «Челленджер» санатындағы турнирлердегі сегізінші жеңісі. Жуырда ғана Дэвис кубогы жолындағы жарыста Қазақстан құрамасының Португалияны ұтуына сүбелі үлес қосқан отандасымыз Будапеште де елеулі табысқа қол жеткізді. Ал 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан айтулы турнирде Александр Бубликке дейін канадалық Вашек Поспишил, австриялық Юрген Мельцер және румыниялық Мариус Копил топ жарған болатын.
Сонымен қатар бүгін Голландияның Роттердам қаласында АТР санатындағы турнирдің жалауы желбірейді. Жүлде қоры 2 098 480 евроны құраған турнирдің алғашқы айналымда отандасымыз жергілікті теннисші Робен Хасемен шеберлік байқасады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»