Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Маңғыстауда экологиялық заң талаптарын өрескел бұзған ЖШС анықталды

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың барлық түрлерін өңдеуге рұқсаты бар «Экотерра» компаниясы соңғы жылдары қоршаған ортаның ластануына әкеп соғатын әрекеттерге барған.

Маңғыстауда экологиялық заң талаптарын өрескел бұзған ЖШС анықталды

Яғни, экологиялық қауіпті болып саналатын мұнай қалдықтарын, медициналық қалдықтарды және түрлі тұрмыстық қалдықтарды экологтардың рұқсатынсыз жою жұмыстарын атқарған. Дәлірек айтқанда 2017 жылы компания экология департаменті тарапынан 135 582, 089 тонна түрлі қалдықты қабылдап, жою үшін рұқсат алғанымен, олар 235454,454 тонна қалдық жойып, нормативтен 141606,8 тонна артық кеткен. Ал, 2018 экология департаменті бұл компанияға 3080 тонна ғана қалдықты қабылдауға рұқсат бергенімен олар көрсеткішті 60618,257 тоннаға жеткізіп, 57538,257 тонна  қалдықты экологтардың рұқсатынсыз жойған.

- «Экотерра» ЖШС нормативтік жобадан тым көп қалдықтарды қалай, қайда жойды? Мәселе осында болып тұр. Және бұл қалдықтардың барлығы янтарьлы қалдықтар қатарына жататындар, яғни қоршаған ортаға тигізер зияны орасан зор. Жалпы қалдықтарды өңдеу және жою жұмыстарымен айналысатын компаниялар ҚР заңнамасына сәйкес біздің департаменттен арнайы рұқсат алуы тиіс. Ал, бүгінгі мәселесі қозғалып отырған серіктестік жасаған қызметтерінің белгілі бір бөлшегіне ғана рұқсат алған. Сондықтан, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің арнайы баптарына сәйкес компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды және салынған 150 АЕК көлемінде айыппұл мемлекет пайдасына толықтай өндірілді, дейді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан  Төкенов мәлімдеді.  

Сот шешімімен келіспеген жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағымын Маңғыстау облыстық әкімшілік соты да қанағаттандырмады және жауапкердің мұнан кейінгі аппеляциялық шағымы да қанағаттандырусыз қалдырылды.

Жалпы, 2018 жылы облыстық экология департаменті 50-ден астам тексеру жүргізген. Қорытындысында 142 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталып, нәтижесіне заң бұзушыларға 30 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынған. Бүгінде оның 64 миллион теңгесі мемлекет пайдасына өндірілсе, қалғаны сот орындарында қаралу үстінде.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы