Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі 10%-ға ұлғайды — Қаржы министрлігі

434 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2019 жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен 4,8 трлн теңге бағыттау көзделген, бұл бюджеттің барлық шығысының 45% құрайды. Шығыстар толық көлемде қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік шығыстар үлесі бюджет құрылымында бұдан әрі ұлғайтыла бермек. Мәселен, 2021 жылға қарай әлеуметтік шығыстар үлесі бюджеттің барлық шығыстары бойынша 49,1% дейін ұлғайтылады.

Республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі 10%-ға ұлғайды — Қаржы министрлігі

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, есепті 2018 жылы бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер бойынша жоспар асыра орындалған. Шоғырландырылған бюджет 102,6%-ға, Ұлттық қор 102,3%-ға, республикалық бюджет 102,3%-ға және жергілікті бюджет – 102,8%-ға орындалды.

«Мемлекеттік бюджет кірістері трансферттерді есепке алмағанда 8 208 млрд теңгені немесе жоспардың 102,4%-ын құрады. Республикалық бюджетке 5 849 млрд теңге кіріс түсті, бұл жоспардан 130 млрд теңгеге жоғары және 2017 жылғы көрсеткіштен 836 млрд теңгеге артық», — деді Ә.Смайылов.

Министрдің айтуынша, жоспардың артығымен орындалуы негізінен 214 млрд теңге мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен, металдың орташа бағасының 6,5%-ға ұлғаюына байланысты, 46 млрд теңге көлеміндегі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен болды. 2017 жылмен салыстырғанда корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығы бойынша түсімдер өсімі тиісінше 148,8 млрд теңгені және 370 млрд теңгені құрады.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 2,4 трлн теңгені құрады, бұл 2018 жылға жоспарланған межеден 64 млрд теңгеге көп. 2017 жылмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің кірісі 218 млрд теңгеге ұлғайды. Түсімдердің өсімі елдегі орташа айлық жалақының өсуіне байланысты жеке табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қамтамасыз етілген.

Жоспарлы түсімдердің артығымен орындалуына себеп болған басты құралдардың бірі — салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру. ҚР ҚМ есептеулеріне сәйкес бұл шаралардың әсері — 410 млрд тг. Цифрландыру есебінен қосымша 100 млрд теңгеден астам қаражат алынды.

Бұдан өзге, мемлекеттік бюджетті игеру 99,7%-ды құрады. Республикалық бюджет бойынша игеру 99,99% құрады. Жоспардағы 9,7 трл теңгенің 1,5 млрд теңгесі игерілмеген. Бұған қоса, 17 млрд теңге — бұл шұғыл және күтпеген шығыстарға арналған Үкімет қорының қалдығы, 300 млн теңге — үнемделген қаржы. 1,5 млрд теңге — жеткізу шарттары талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінен қалыс қалу есебінен игерілмен қаражат. Жергілікті бюджеттер бойынша игеру 99,7%-ды құрады.

Ә. Смайылов республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі 44,4% құрағанын, ал бұл көрсеткіштің 2017 жылы 34% болғанын айтты.

«Шығыстардың басым бөлігі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді кеңейтуге бағытталған. "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "Агробизнес–2020", "Рухани жаңғыру" бағдарламалары аясында іс-шараларды жүзеге асыруға, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге елеулі қаражат бөлінді», — деді қаржы министрі Ә. Смайылов.

Берілген ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен 4,8 трлн теңге бағыттау көзделген, бұл бюджеттің барлық шығысының 45% құрайды. Үш жылдық бюджетте, 2021 жылға қарай әлеуметтік шығыстар үлесі бюджеттің барлық шығыстары бойынша 49,1% дейін ұлғайтылады. Әлеуметтік салаға қарастырылған 4,8 трлн теңгеден 2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 3 трлн 43 млрд теңге, денсаулық сақтауға — 1 трлн 117 млрд теңге, білім беруге — 583 млрд теңге, мәдениет пен спорт саласына — 78 млрд теңге бөлінген.

«Аталған шығыстар толық көлемде қамтамасыз етіледі, және, сәйкесінше, бюджет құрылымында ұлғайтылады. Үкімет алдында білім және денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ЖІӨ 10%-на дейін жеткізу міндеті тұр, бүгінде бұл ЖІӨ 7,4% құрайды, яғни біз барлық көздерден, бюджет есебінен білім мен денсаулыққа жұмсалатын шығыстар үлесін 7,7% жеткізуіміз қажет. 2019–2023 жылдарға арналған қосымша қажеттілік бюджеттен қосымша 3,5 трлн теңге көлемінде бағаланады. Жеке сектор есебінен ЖІӨ 2,3% дейін жеткізу көзделген, сондай-ақ аталған салаларға 900 млрд теңгеге жуық қосымша инвестициялар тарту жоспарда бар», — деді министр.

Ә. Смайыловтың айтуынша, үш жылғы кезеңге білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша білім беретін және біліктілігіне қарай мұғалімдерге қосымша үстеме ақы беруге, бала кезінен бастап бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім көрсетуге отбасыларға жәрдемақы беруге, қоғамдық денсаулық сақтауды жақсарту шараларына, онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарына, жергілікті маңыздағы жолдарды дамытуға, сумен жабдықтауға, су бұруға, төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін салық жүктемесін төмендетуге, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға, студенттердің тұрғылықты жағдайын жақсартуға, шағын несие беруді кеңейтуге, сондай-ақ Жастар жылын өткізу жөніндегі шараларға 2,5 трлн теңге қарастырылған.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі таңда ҚР Үкіметі жанындағы жұмыс тобы ана және бала мәселелерін қоса алғанда, әлеуметтік саланы мемлекеттік қолдауды жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.