Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

«Ел газетінің» 107 жастағы оқырманы

649 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таң қылаң бере Алматыдан жолға шыққан біздер Күрішбек ақсақалды көруге асығып келеміз. Тарих қойнауында жасырынған талай қилы замандарды өз басынан өткерген атамызды бар сырды қойнына бүккен абыз-әулиедей елестетеміз. Аудан орталығына аз-кем аялдап, қасиетті қарадала баурайындағы аядай ауылды бетке алдық. Кейіпкеріміз алты жүздей ғана түтіні бар Сүмбе елді мекенінің ғана емес, Алматы облысының ең егде тұрғыны. Жасы жүз жетіге келген Ұлы Отан соғысының ардагері «Егеменнің» тілшісі келеді дегенді естіп, терезе алдында көңілі жас балаша алып-ұшып тұрған сәті екен. Кеудесін толтырған орден, медальдары алдынан тосқан өткелі қыруар жолдардың хабаршысындай көрінді. Қатал уақыт қарттың қайратын алса да, көңіл көгіндегі сезім сәулесіне селкеу түсіре алмапты. Жан дүниесі алтын сандықтай абыз кеуде қария көргені мен түйгенін шежіредей шертеді.

«Ел газетінің» 107 жастағы оқырманы

Сұрапыл соғыста Мәншүк Мәметовамен бір сапта шайқа­сып, қайсар жанның өнегелі өмірінің соңғы сәттеріне куә бол­ған майдангер қарттың аңыз­­ға бергісіз ерлігін бас­пасөз бетінен оқып, ауық-ауық естігеніміз бар-тын. Енді мі­не, дәм бұйырып ақсақалдың өзімен дидарласудың сәті түсіп отыр. Ғасырдан ұзақ жасаған сүйегі асыл жанды Алла тағала тіл жағынан жаңылдырмапты. Құлағының ауырлау еститіні болмаса, қойған сұрағыңа орай әңгіме тиегін ағыта жөнеледі. Тіпті кейде бізді мазалаған сауалдарды айтқызбай-ақ сезіне­тіндей. Сұм соғыстың азалы түнегін де, түтінін түтетіп үлгере алмаған талай боздақтың жолда үзілген тілегін де әжім басқан атайдың әрінен көргендейміз. 

Күрішбек Көжекбаев 1912 жылы бұрынғы Жетісу губерниясы, Жаркент уезі, Ынтымақ болысындағы Тоғызбұлақ ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Тоғыз­бұлақтағы жеті жылдық мектеп пен Алматыдағы алты айлық мұғалімдер даярлайтын курс­ты тәмамдаған ол алғашқы еңбек жолын өз ауылындағы са­уат ашу мектебінде бастаса керек. Білім теңізіне бет алып, шәкірттерін ізгілікке бау­лу­ды өмірлік мұратына ба­ла­ған жас ұстаз Алматы об­лы­сының Кеген, Ұйғыр аудан­дарындағы мектептерде мұ­ға­лім, мектеп меңгерушісі қыз­меттерін атқарады. Осындай ма­мыражай күндердің бірінде тұтанған соғыс өрті, жасы орда бұзар отыз­ға келген Көжекбаевтың да кө­ңілін тыншытпапты. Адамзат ба­ласына алапат қасірет әкелген қан май­дандағы қатыгез сағаттар қам­­көңіл қарияның көз алдында қаз-қалпында сақтаулы. Осын­дай сәттердің бірін ол былайша баян­дап берді.

«...Оншақты күндік ұзақ сапарды артқа тастап, Бабушкин қаласына жеттік. Ақыры біз­дің 100-атқыштар дивизиясы 1942 жылдың қазан айын­да нағыз соғыс алаңына кірді. «Мо­лодой путь» елді мекенінен басталған ұрыс бүкіл Калинин облысындағы бірнеше деревнялар мен қалаларды жаудан тұтас азат еткенше созылды. 1943 жылдың қаңтарында Ве­ликие Луки қаласы үшін ұрысқа қатыстық. Мұнда біраз аялдап қалдық. Себебі немістер бұл қалада бекіністі мықтап орнатқан екен. Дегенмен біздің әскер өзінің көзсіз ерлігінің ар­қасында қаңтар айының ортасына таман жеңіске қол жеткізді. Шайқасқа көптеген дивизия қатысты. Мыңдаған бауырларымыздан айырылдық. Бұдан соң оңтүстікке бет алдық. Бірқатар елді мекендер жау қолынан қай­тарылды. Ақыры Невель қаласына да жеттік. Небір арыстай азаматтар, батыр ұлдар соғыстың құрбаны болды. Жау ешкімді аяған жоқ...», деп ауыр күрсінген майдангер қарт талай сырдың тереңіне бойлатты. Әсіресе Мәншүк Мәметовамен бір сапта шайқасқаны, қаһарман қыздың өмірінің соңғы сәттері дәл бүгінгідей көз алдында. Бізді ерекше толқытқан осы оқи­ғаны атайдың өз аузынан есті­мек болып, бірнеше мәрте қайыра сұрадық. 

Ол күн-түн демей болған ұрыс алаңынан шыққан бір сәтте Мәншүкпен тілдескенін тебірене еске алады. Қарияның айтуынша, Мәншүк осы кезде «Максим» пулеметінің алғашқы атқышы болған орыс қызының орнына шығатынын жеткізген. – «Жау қолынан қаза тапқан орыс қызы менің құрбым еді. Сол атқан пулеметті мен ата ал­майды деймісіздер» дегені әлі көз алдымда», дейді қанды ұрыстарда қаршадай қыздың қайсарлығына тәнті болғанын жасыра алмаған – ол. Мұны атайдың: «Бір білетініміз, Мән­шүк пулеметті бас-көзге қа­рамай ата бермейтін, ұрымтал тұсты күтетін. Осындай ың­ғай­лы сәт туғанда «Максим» пу­леметі дамылсыз сарнайтын» дегенінен аңғардық. Иә, бізге жеткен деректерден қаһарман қыздың жүрегі аласапыран ұрыстардың бірінде «Максим» пулеметімен бірге мәңгілікке дамыл тапқанын білеміз. Батыр қыздың денесі полковник Әбіл­қайыр Баймолдин, әйгілі мер­ген Ыбырайым Сүлей­менов­термен бірге Невель қаласына жерленгені, сол қаладан Мән­шүк атына көше берілгені көп­шілікке аян. 

Соғысқа бастан-аяқ қатыс­қан Күрішбек ақсақал елге аман оралып, саналы ғұмырын ұстаз­дық жолға бағыштаған. Бір байқағанымыз, сұрапыл соғыс жылдарындағы мұндай есте­лік­терді айтқанда қарияның кө­ңілі құлазып, жаны жабырқау тартады екен. Ескі жараның аузы­н тырнағандай болмайық деген емеурінмен әңгіме ауанын басқа арнаға бұруды жөн көрдік. «Дастарқанға келіңіздер», – деген атайдың келінінің үні соғыс жайлы әңгіменің нүктесін үйлесімді қойып бергендей болды. Сөз басында атайдан ұзақ жасауыңыздың сыры неде деп сұрағанымызда: «өмірі өтірік айтпаймын және үнемі көңілді жүруге тырысамын», деп ұтым­ды үн қатқаны есімізге тү­сіп, бұл сөз шынында да ақ­са­­қалдың өмірлік қағидасы еке­нін ұққандай болдық. Жаңа ғана көңілі босаңсып отырған атамыздың жүзіне әдемі күлкі ұялады. Бізге қарап жылы жымиып, қою шайын сораптап отыр. Біздің де көңіліміз орнына түсіп дастарқан басындағы әңгіме одан әрі өрбіді. Атамыздың келіні Гүлбану бізді есіктен қар­сы алған сәтте ол кісінің «Еге­менге» деген ықыласы ерекше екенін жеткізген болатын. Кенет осы сөз ойымызға оралып, шәй үстіндегі әңгімені.

– Ата, «Егеменді» оқып тұра­сыз ба? – деген сауалдан бас­тадық.

– Оқығанда қандай. Бұл газет­тің тарихы тереңде жатқан жоқ па. Сонау, «Социалды Қа­­зақ­стан», «Социалистік Қа­зақ­­стан» кезінен білемін. Бұл ба­сы­лымда қазақтың талай наркес­кен азаматтары қызмет етті. Елдің тыныс-тіршілігін, Отаны­мыздың жарқын жетістіктерін «Егеменнен» біліп отырамыз. Соңғы екі-үш жылдың айналасында көзім бұрынғыдан нашарлап қалды. Балалар оқып береді. Оқырмандарың көп болсын. Елге қызмет ете беріңдер.

– Ендеше, сүйікті басылымы­ңыз биыл ғасырлық тойын той­ламақ. Оқырмандарға не айтар едіңіз?

– Өмір бойы ұстаз болған адам­мын. Газет тарихтың айнасы ғой. Болашақ ұрпағымыз өткен күннің елесін баспасөз арқылы танып біледі. Адамды ой тереңіне бойлататын мән-мазмұнды дүниелер көп болғаны жақсы ғой. Қазақстанымыздың бүгінгі келбеті, жастарымыздың бақытты өмірі көңіл қуантады. Құдайым осы бақытты баянды қылсын. Біз көрген зобалаңды болашақ ұрпағымыз ешқашан көрмесе екен деп жатсам-тұрсам Тәңірден тілеймін. Өткен жылы Астанаға бардым. Жарқыраған жас қаланы көріп көңілімді қуа­ныш кернеді. Бейбіт өмірдің бесігінде тербелген сендер ба­қыт­тысыңдар ғой.

– Тіршілікте жақсыны да, жаманды көрдіңіз. Өкінішіңіз бар ма? Өмір несімен мәнді екен?

– Бүгінде қатарластарымның дені өмірден озды. Өзің айтқан­дай бар мен жоқты тел емдік. Өмір­де Ораз Жандосов, Қа­пез Бай­ғабылұлы сияқты бір­туар тұл­ғалармен аралас­тым. Жазушы Әзілхан Нұр­ша­йы­қовпен бірге майдан ше­бінде болдым. Бауыржан Момыш­ұлымен тілдесу бақыты бұйыр­ды. Шәкірт тәрбиелеуге атса­лыстым. Еш өкінішім жоқ. Тағдырыма ризамын. Әркімді Құдай есіркесін. Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Жанның сұлулығы деген ішкі тазалық, жақсы мінез. Жанның бәрін жатырқамай, ішкі дүниесіне үңілсең кез келген пенденің жақсы қасиеті болады. Ойы таза адамның өзі таза. Өзі таза адамның сөзі таза. Әрбір адам жайында жақсы пікірде болып, жақсылықты көре білу керек. Жақсы жанға жұрт та үйір келеді.

107 жастағы майдангердің ғибратты әңгімесін тыңдап, абыз ата деген шын мәнінде осындай-ақ болуы керек шығар деген ойға қалдық. Тілінен төгілген маржан сөздері, терең тағылымы еріксіз таңғалдырды. Бүгінде ауылының ғана емес, аудан мен облыстың қадірлі қариясына айналған Күрішбек Көжекбаевты жұрт тегіс таниды. Отбасымен бірге өткен жылы Жетісу төрінде өткен облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдегер атанып, елордада шымылдығын түрген республикалық додада ынталандыру сыйлығын иеленіпті. Күрішбек атаның үйіне бізді бастап барған аудандық «Қарадала тынысы» газетінің бас редакторы Анар Дүйсенбайқызы алыс-жақыннан келген қонақтар Сүмбеге арнайы ат басын бұрып, атайға сәлем беріп, батасын алмай кетпейтінін айтады. Қоштасар сәтте Күрішбек қария «менің жа­сымды берсін», – деп зерлі тақиясын шешіп басыма кигізді. Жақсы ырымға балап, атайдың үйінен ұзай бердік.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше