Тәрбие • 12 Ақпан, 2019

Он алты жастағы Оразалы

1189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қара домбырасын құшақтаған қаршадай қара баланы таныдыңыз ба? Танысаңыз, көзіңізге оттай басылған осы бір сурет кө­ңіліңізді де толқытқан болар? Жарқ ет­кен жасын ғұмырында қазақ айтысы­на айшықты із қалдырған Оразалы Досбо­сыновтың өнердегі ешкімге ұқсамайтын дара жолы дәл осылай басталыпты.

Он алты жастағы Оразалы

«Құлманбеттен қалған құлынмын» деп айтыс сахнасына құбылыс болып келген отты ақынның ойлы жыры сағыныш сезімдерін шымшылаған бір сәтте, ол жайлы естеліктерді ақтарып отырып­ бала Ораздың бейнесі ерекше әсерге бөледі. Ақын­­ның қарындасы Әйгеріммен мектеп қабыр­ғасын­да қатар оқығанымыз бар еді. Кенет оған теле­фон шалып, мына бір тарихи суреттің сыры туралы үйдегілер не біледі екен, сұрап көрші деп өтіндік. 

– Әкем тұйық адам. Оразалы ағамның он жасында әулетке келін болып түскен анам Сәуле Көштібайқызы қайнысының балаң шағындағы талай қызықтарының куәсі болған, сол кісіден сұрап білейін, – деген құрбым 1991 жылы Оразалы ақынның 16 жасында түскен осы бір суреті туралы біраз сырға қанық етті. 

12-13 жасында қолына домбыра ұстаған қа­ғілез бала 1988 жылдан бастап мектепшілік, аудан­дық, облыстық жас ақындар айтысында көрі­не бастапты. Жеңгесінің айтуына қарағанда, жо­ғарыдағы сурет еліміз тәуелсіздігін алған жылы Алматы іргесіндегі Есік қаласында өткен «Си­қырлы қазан» айтысында түсіріліпті. Бала Ораз, осы айтыста жұрттың ризашылығына бө­ле­ніп, бас бәйгелі болып тай мініп қайтқан екен. Оқушылар арасында дәстүрлі түрде өткізілген осы­ айтыста одан кейін де бірнеше мәрте топ жарыпты.

– Ол жылдары мұндай қазақы киімдер табыла бермейтін. «Сиқырлы қазан» айтысына барар кезде, енем марқұм Оразды өзімен бірге аудан орталығы Нарынқол ауылына алып барып, басындағы үкілі бөркі мен қазақы киімін сондағы ательеден өлшеп тіктірген еді. Отбасында ұлдар­дың кенжесі осы Оразалы. Суретке қарап он ал­тыда деп айтпайсыз. Кішкене күнінің өзінде сөзі мірдің оғындай болғанымен, өзі нәзік еді. Ке­зекті айтысынан жүлделі оралғанда бәріміз­дің қуан­ғанымыз әлі есімде, – дейді Сәуле Көштібайқызы. 

Ал ақынның тетелес ағасы Оңғар Досбосынов інісі жайлы естелігінде:

«...Қабырғасы иіліп,

Көрші-қолаң жиылып.

Өмірдің көрмей қызығын,

Жас жаны кетті-ау қиылып» деген жолдар кішкентай Ораздың лүпілдеген жүрегін жарып шыққан алғашқы өлеңі. Бұл өлең 23 жасында өмірден озған Азат ағасына арнаған жоқтау жыры еді. Екеуміз үйде отырып алып бір-бірімізбен өлең­мен айтысып жүрдік. Мектепте өткен айтыс­қа алғаш рет қатысып, Бағашар деген баланы жеңген соң, оның айтыс өнеріндегі қиын да қызық, қасиетті жолы басталып кетті. Ораздың айтыстағы ең бірінші кәсіби ұстазы, өзі де айтыс ақыны Хасен Саматұров. Оқушы кезінде 15-16 жастағы Оразды біздің аудан бетке ұстайтын» деп жазыпты. Бірер жыл бұрын Оңғар ағамыз да Ораз інісінің оралмас ізімен кетті...

Ақынның анасы Саламат Жақсылықова пер­зенті жайлы: «Бір күні мектептен келіп: «аудан­ға айтысқа барамын» деді. Түстен кейін қой­дың кезегі болатын. «Қойшы сол айтысыңды, қойды бақ» деп едім, құлыным жылап жіберді. Сосын «бара ғой, сол бес-алты қойды мен қарай тұрайын» деп рұқсат еттім. Жұдырықтай болған жарығым барған сайыстарынан құр қол келмейтін» деп тебіреніпті. 

Өкінішке қарай, қас-қағым сәтті тарихқа ай­нал­дырған фотосуретшінің кім екенін біле алмадық. Осы бір сурет артына өлмес мұра қалдырып, отыз­ға толар-толмас шағында өмірден озған алапат ақын­ның айтыстағы ең алғашқы қадамын, ана жү­регін елжіреткен, аға көңілін тебіренткен, жеңге сезімін толқытқан мәңгілік сағыныштың ескерт­кішіндей, естелігіндей көрінді. Құлынында құ­наннан озған тұлпардай аламанға алшаң басып­ шығатын арқалы ақынның құлын шағымен қауыш­қандай күй кештік.

Осы бір сурет... Он алты жастағы Оразалы.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ