Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Атырауда Махамбет атындағы сыйлық табысталды

767 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әділдікті ұран қылып, найза мен қаламды қатар ұстаған жалынды ақын, ержүрек батыр Махамбеттің мұрасы – елдіктің, ерліктің өшпес рухы. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ақынның туған жері Атырауда тағылымды шара өтті. 

Атырауда Махамбет атындағы сыйлық табысталды

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері ақынның айбалта жырларын нақышына келтіріп оқыса, «Нарын» халық аспаптар оркестрі күйлерін күмбірлетті. Ең басты жаңалық – ақын мұрасын қастерлеп, насихаттау ісіне үлес қосып жүрген өнер қайраткерлеріне Махамбет атындағы республикалық сыйлық табысталды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев соңғы рет бұл сыйлық 2003 жылы ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай берілгенін атап өтті. Одан бергі уақытта да Махамбет құбылысына бойлап, тереңнен ой қозғаған туындылар жарық көрді. Сыйлық тағайындау жөніндегі комиссия шешімімен көркем және деректі фильмдер арасынан «Махамбет» толық метражды көркем фильмі үшін ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, фильм режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел, басты рөлде ойнаған танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов марапатталды. «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай!» атты деректі фильмі үшін режиссер Амангелді Тәжібаев, «Махамбет» деректі фильмі үшін режиссер Жаңабек Жетіруов сыйлыққа лайық деп танылды.

«Саз» аталымы бойынша халық әртісі Ғафиз Есімов, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, Атырау облысының құрметті азаматы Айтқали Жайымов «Махамбет сыйлығына» ие болды. «Сәулет» аталымында  Атырау қаласындағы «Исатай-Махамбет» ескерткіштер кешенін салғаны үшін халықаралық сәулет академиясының академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Саматбек Бөкебай, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері, архитектор Бақтыбай Тайталиев марапатталды. «Проза» аталымында «Исатай-Махамбет көтерілісі» және «Махамбет» атты көркем туындысы үшін жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, жазушы,мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиев, «Махамбет кітапханасы» сериясымен 20 томдық кітапты және «Махамбет елі» атты кітап-альбомын үш тілде дайындауда жалпы редакциясын басқарған, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов, «Махамбет» атты философиялық толғау кітабы үшін жазушы,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Дидар Амантайға республикалық «Махамбет сыйлығы» табыс етілді.

«Махамбет» атты графикалық суреттер топтамасы үшін суретші Тілек Халин, ғылыми-зерттеу еңбектері үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Тілекқабыл Боранғалиұлы, профессор Карима Сахарбаева, Еуразия университетінің доценті, белгілі ғалым, ақын Оңайгүл Тұржан, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, академик Амангелді Шамғоновтар да аталған сыйлыққа лайық деп танылды.

«Поэзия» отаншылдыққа, батырлық рухқа, ұлттық патриотизмге арналған көркем шығармалары үшін ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  Жазушылар Одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, мемлекеттік  сыйлық лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдеш, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Махамбет майданы» өлеңдер кітабының авторы Рафаэль Ниязбеков, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының жетекшісі Әлия Даулетбаева «Махамбет сыйлығымен» марапатталды. «Насихат» аталымы бойынша Махамбет шығармашылығын насихаттаудағы ұйымдастырушылық еңбегі үшін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов,  ардагер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Аталық Бейсен сыйлық иегерлері атанды.

- Әбіш Кекілбаев Махамбет туралы жазған «Шандоз» атты еңбегінде оның «табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс» екендігін айта келіп: «Ондай құбылыс тек қазақ түгіл, барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген», - деп жазған еді. Ал ондай тұлғаны зерттеп болуға бір ғасыр қайдан жетсін! Ағылшындар осыдан төрт жарым ғасыр бұрынғы Шекспирді әлі зерттеп біткен жоқпыз дейді. Шекспир туралы күллі әлемнің ғалымдары 10 мыңнан астам зерттеу жасапты. Біз зерттеулер ауқымына осындай деңгейдегі салыстырулар арқылы қарауымыз керек,-дейді махамбеттанушы ғалым, ақын Оңайгүл Тұржан. Алдаспан ақын армандап кеткен азаттық таңында елдікті жыр еткен әлі талай туынды жазылары анық.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ