Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Ақжайықта жақсылық жасаудан жарыс өтіп жатыр

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында белсенді жүріп жатқан «Жақсылық жаса – Твори добро» қайырымдылық марафонына Ақжайық ауданы тұрғындары да атсалысып жатыр.

Ақжайықта жақсылық жасаудан жарыс өтіп жатыр

- Қарапайым ғана ауыл жастары өздері тұратын елдімекендердегі қарияларға, мұқтаж жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдан келген қамқорлығын көрсетіп жатыр. Бірі ауланы қардан тазартуға септессе, тағы біреулері үй шаруашысына қолғабыс етіп, үлкендердің алғысына бөленді, - дейді Ақжайық аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Әлия Шәрапиева.

Мысалы, Базартөбе ауылының жастары қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке ұйымдастырып, одан түскен қаражатты Шабдаржап ауылының тұрғыны, балдырған Оралбек Әлібекұлына ота жасауға беріпті. Ал Тайпақ ауылының такси жүргізушілері осы марафон аясында «Тегін такси» күнін жариялап, егде адамдарды қажет мекендеріне ақы-пұлсыз жеткізіп берген. Ал Ақжайық ауданы орталығындағы «Томирис» сән салонының жас шаштаразы Махат Сапарғалиев пен Ізбасар Мақсотов 15 адамның шашын тегін қиып, әдемі үлгі жасап берген. Бұл 15 адам – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тіркелген еді.

– Қайырымдылықты қаражат шығармай-ақ жасауға болады. Бар болғаны өзіңнің қолыңнан келетін қызметіңді мұқтаж жандарға тегін ұсын. Барлық замандастарымды осыған шақырамын, - дейді Махат Сапарғалиев.

Ал кеше ғана шаңырақ көтерген Амангелдиевтер отбасының ізгіліктің әдемі үлгісін көрсетіп, үйлену тойында кететін аста төк шығынды қайырымдылық мақсатына жұмсағаны бұдан бұрын хабарланған еді. Жас жұбайлар Тынымгерей мен Мәлика салтанатты кортежге жоспарлаған қаржыны Чапаев ауылында тұратын көпбалалы отбасына азық-түлік алуға арнаған. Сөйтіп, 9 ұл-қыз өсіріп отырған шаңырақты шаттыққа бөліп, ақ батасын алған еді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан