Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Тарихи жады сараланбай, ұлы есімдер нақтыланбайды

852 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыруға орай «Ұлы даланың ұлы есімдері: зерттеудің методологиялық әдістері»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Тарихи жады сараланбай, ұлы есімдер нақтыланбайды

Қызу пікірталас деңгейінде өткен ғалымдар басқосуында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықов «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы барысында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, әдіснамалық тәсілдерді әзірлеу, тұлғалар тізімін анықтау,  сондай-ақ оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру, т.б. да маңызды шаралардың жүзеге асатындығына тоқталып, ғалымдар қауымына сәттілік тіледі.  

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру  Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктелген. Институт директоры Зиябек Қабылдиновтың айтуынша,  ұлы тұлғаларды анықтау оңай шаруа емес. Бұл шараға республиканың барлық өңірлерінен ғалымдар қатысуда. Ұлы есімдер тізімін жасауға тарихшылар ғана емес, ғылымның барлық саласында еңбек етіп жүрген мамандар күш салатын болады. Зерттеулер жүргізіліп, қорытындысы мультимедиалық порталда жарияланады. Ал келер жылы осы тізімге орай ұлы тұлғалар саябағы Астана төрінде салтанат құратын болады.

Осы жобаға орай пікірін білдірген филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі «Тарихымызда күні кешеге дейін бірнеше тұлғаның ғана аты аталып келсе, ҚазКСР тарихында төрт-ақ есімнің болғандығы белгілі.  Кейіннен бұл тізімге Әбу Насыр әл-Фараби, Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Йассауи, т.б. есімдер қосылды. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының мақаласы ғалымдарға кең жол ашып берді деуге негіз бар» деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, көне тарихымыздан бастап күні бүгінге дейінгі кезеңде белгілі болған есімдер  ұшан-теңіз. Зерттеу еңбектерінде отыз әл-Фарабидің есімін анықтаған ғалым Стамбулдағы Сулеймание кітапханасында сақталған тарихи деректерге қатысты зерттеулер жалғасын табуы тиіс деп атап өтті.  

 Ал «Ұлылық» деген не? Ол қайдан басталады? Философия ғылымының докторы, профессор Серік Нұрмұратов ұлылық адамгершілік ұстанымдардың жоғарылығымен байланысты деп атап өтті. Ал тұлғаларды анықтауда нақты өлшем керек. Ұлттық код  ұлттық сабақтастықпен байланысуы шарт.  Осы сабақтастық сақталғанда ғана елдің болашағы кемел болатыны сөзсіз. Тізімді анықтауда қайта-қайта саралап, зерделеп отыру аса маңызды.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жоба аясында ұлыларымыздың тізімін қалай анықтаймыз, қандай кезеңдерді қамтимыз деген сұрақтарға жауап іздеу барысында міндетті түрде «дәстүрлі, классикалық» ұғымдарды қайталамауымыз керектігін алға тартты.  Өйткені, біздер көне тарихымызды да, кешегі тарихымызды да жақсы білмейтінімізді мойындауға тиіспіз. Ғалымның айтуынша, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, т.б. арыстарымыздың  КСРО-ның мықты деген ғалымдарының ұстазы болғандығына,  әлемдік деңгейдегі тұлғалар екендігіне енді ғана көз жеткізіп жатқандаймыз. Олардың еңбектері сол кезеңдегі ғылымда жоғары деңгейде бағаланған. Міне, сол еңбектерді әлі күнге дұрыс жинақтай алмай келеміз.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Жұмағұлов Елбасы мақаласына кеңінен тоқталып, ғұндар  мәселесінің әлі де шешілмеген тұстары бар екендігін атап өтті.  Ғалымның пікірінше, батыстағы бай тарихымызды тану үшін әлі талай зерттеулер керек. Тіптен, зерттеушілер үшін латын тілін меңгеру уақыт күттірмейтін келелі мәселе.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Екі-үш ғасыр отаршылдықта болған елдердің тарихы дағдарысқа ұшырайтыны анық. Біздер құндылықтарымыздан, оның ішінде ұлы тұлғаларымыздың атынан адасып қалған елміз. Осы орайда Елбасының көтеріп отырған мәселесі орынды» деген пікірін білдірді. Осы тұрғыда бірқатар ойларын ортаға салған ғалымның айтуынша,  тарихи жадты ретке келтіру, негізін түгендеу, бағыт-бағдарын анықтау алдағы нақты міндет. Ұлы тұлғалардың есімін анықтау сол қоғамның мақсат-мүдделерімен тікелей байланысты. Ал кімде-кім отанға адал қызмет етсе, сол тұлға ардақтауға лайық әрі оған  демократиялық негізде қарау қажет.

«Құры тізіммен алысқа бара алмаймыз» деген тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «ұлыдан» басқа да «атақты, әйгілі, көрнекті, белгілі» деген өлшемдердің бар екендігіне тоқталды. Олардың қатарында түркі халықтарына белгісіз, Қытай, Ресей сияқты елдерге ғана белгілі тұлғалар бар. Міне, тізімді анықтағанда осындай жайттарға назар аудару қажет.  Алаш ардақтыларының өзінде ұлы тұлғалар, атақтылары, т.б. бар. Сондықтан «ұлы» деген сөздің мәні анықталуы шарт.

Дөңгелек үстел барысында түрлі бағыттағы пікірлерімен бөліскен ғалымдар негізгі тақырыпқа орай арнайы Қарар қабылдап, алдағы жоспарлар туралы ойларын ортаға салды.

Эльвира Серікқызы,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ