Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Бақыт Сұлтанов: Көпбалалы аналардың ешбір арызы әкімдік назарынан тыс қалмайды

366 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қала тіршілігіне қатысты жүйелі проблемалар әкімдік отырысында қаралды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бақыт Сұлтанов: Көпбалалы аналардың ешбір арызы әкімдік назарынан тыс қалмайды

Бүгін қалалық әкімдікте әкімнің төрағалығымен қала тіршілігіне қатысты мәселелер талқыланған отырыс өтті. Бақыт Сұлтанов жиналысты көпбалалы аналар мәселесін қарастыруға қатысты әкімдік тарапынан атқарылған жүйелі істердің жүзеге асырылу барысынан бастады. «Қазір аудан әкімдіктері тиісті жауапты мекемелермен бірлесіп, қаладағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп жатыр. Бізге өзінің әлеуметтік қиын жағдайын айтып көпбалалы аналар хабарласты. Біз олармен бірнеше кездесу өткіздік, барлығының өтініш-арызын қабылдадық. Осы арыздардың ешбірі әкімдік назарынан тыс қалмайды», – деді Б. Сұлтанов.   

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шараларын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық етеді. Жұмыс тобы екі ай ішінде Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс. «Қазіргі кезде аудан әкімдері азаматтарды қабылдап жатыр. Бұл жұмыс жүйелі және тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Әр өтініш бойынша мәселені шешу керек», – деді қала әкімі. 

Күн тәртібіндегі келесі мәселе қаладағы жүйелі проблемалар. 8-ші ақпандағы жағдай бойынша 28 жүйелі проблема бойынша «жұмыс жүргізілуде», оның тек оны жабылған. «Әріптестер, естеріңізге саламын, атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша қайталанып қаралып отыруы тиіс, мүмкін қайта қарап дұрыс шешімдер шығару керек болады. Кейіннен барлық қаралатын мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында айтатын боламыз», – деді Б. Сұлтанов. Ары қарай қаланың көктемгі су тасқынына дайындығы пысықталды. Әкім 2018 жылы 5 527 су басу оқиғасы тіркелгенін және оның басым көпшілігі «Байқоңыр» ауданына тиесілі екендігін айтты. «Көктем шыға осы мәселе бойынша шағымдар түсетін болады. «Есіл» ауданы әкімдігі «Астана Тазалық» ЖШС бірлесіп, Майбалық көлінен «Нұра-Есіл» арнасына дейінгі каналды қардан тазалауы керек. Ал, «Сарыарқа» мен «Есіл» ауданы әкімдігіне Есіл өзенінің жағасын бекітіп, газ аппаратурасы зауытының ауданы мен Ш. Бейсекова көшесі бойындағы көпірдің ар жағындағы саяжай аумақтарын су басудан қорғау керек. Барлық аудандық әкімдіктер мен ТЖД бірлесіп, су басу қаупі жоғары 34 учаскені қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «СК Құлагер» ЖШС бірлесіп Ильинка тұрғын үй массивіндегі бөгетті қосымша бекітуі керек. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына су тасқыны басталғанға дейін «Нұрлы Жол» вокзалы жанындағы жаңа көпір құрлысы ауданындағы бөгетті бұзуды тапсырамын», – деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, әкім қалалық ортаны регенерациялау, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармаларының басшыларына, «LRT құрылысын салу жөніндегі Дирекция» ЖШС, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Қазсушар» РМК, «Қазгидромет» РМК басшылығына тиісті тапсырмалар берді. Қаладағы жүйелі мәселелер қатарында денсаулық саласы да бар. Осы жолы медқызметкерлердің дөрекі қызмет көрсетуіне қатысты мәселе көтерілді. «Әлеуметтік желіде жазып, шу көтермейінше, дұрыс жұмыс жасай алмайсыздар ма? – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровқа қарата. «Жыл басынан бергі рейтингте түскен шағымдарды негізсіз дейсіз. Мен былай деймін: жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды! Тәртіпке келтіріңіз!», – деп тоқталды әкім. 2019 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша қала бюджетінің орындалуы, объектілерді қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин айтып берді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары, SMART-сити жобаларын іске асыру барысы және «Сергек» бейне-бақылау камералары қосу барысы туралы қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова баяндады. Сондай-ақ, қала әкімі лифт шаруашылығы жұмысына байланысты өзекті мәселелерге назар аударды. «Лифтілердің нашар жағдайы мен тұрғындарды эвакуациялау мәселесін қайта қарауға шақырамын. Тұрақты бақылауда ұстап, атқарылған жұмыс жайында ай сайын баяндап отырыңыз», – деді әкім. Одан ары, үлестік құрылысқа қатысушылардың мәселелері және iKomek орталығының жұмысы бойынша баяндама тыңдалды.  Өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Жыл басталғалы қала тұрғындарынан көпқабатты тұрғын үй мен адамдар көп жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігін тексеру бойынша 31 өтініш түскен. Барлық сұрақ бойынша ТЖД-і тарапынан «Осы өтініш бойынша Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне хат жазыңыз» деген желеумен жабылған. «Осы шара жедел әрекет етуге кедергі келтіріп, адамдардың қауіпсіздігіне қауіп тудыруда. Мұндай әрекеттердің нәтижесін көріп жүрміз», – деп атап өтті әкім ТЖД-нің басшысына қарата. – Сіздер арыз түскен мекенжайға барып жазбаша өтінішін сол жерден жазғызып ала аласыздар ғой. Қосымша мәселелер тудырмай бірден атқарып тастауға болады ғой. Төтенше жағдайлар департаментіне iKomek орталығы арқылы өрт қауіпсіздігіне байланысты түсетін өтініштерді қарау, орындау тәсілін қайта қарауды тапсырамын». Бұдан ары,  2017-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының инфрақұрылымдық дамуы, аулалардың абаттандырылуы мен қауіпсіздігін жүзеге асыру барысы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.