Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Шығыс Қазақстанда 26 149 көпбалалы отбасы бар

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда 26 149 көпбалалы отбасы бар. Бұл отбасыларда 150 мың адам тұрады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкованың айтуынша, өңірде 2017 жылы отбасылардың әлеуметтік картасы жасалыпты. 

Шығыс Қазақстанда 26 149 көпбалалы отбасы бар

Биыл осы әлеуметтік карта жаңартылып, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, әсіресе олардың баспана жағдайына ерекше көңіл бөлініп жатыр екен. «Бір аптаның ішінде 2267 ересек адам мен 1620 бала тұратын 344 отбасыны қадағалауымызға алдық. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау, оны қалай рәсімдеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2018 жылы облыста аз қамтылған 6854 отбасы адресті әлеуметтік көмек алды. Жыл басынан бері 484 отбасы өтініш білдіріп, 18,6 миллион теңгенің адресті көмегіне қол жеткізді», - дейді басқарма басшысы.

Елена Старенкова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы да әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жәрдемін тигізіп жатқанын жеткізді. «Осы бағдарлама аясында «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар. Оқу кезінде стипендия төленеді. 2018 жылы жоба шеңберінде 2895 адам оқып, оның 778-і (44-і аз қамтылған отбасылар) несие алды. Жалпы, шағын несиелеуге 4,9 миллиард теңге, өз кәсіптерін ашу үшін қайтарымсыз негізде 64,5 миллион теңгенің гранты берілді», - дейді ол.   

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН