Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Шымкенттегі Дендросаябақтан аспан әлемін тамашалауға болады

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

  Қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кезінде іргесі қаланған Шымкент дендросаябағына аспан әлемін тамашалайтын алып телескоп орнатылады. Бұл туралы аталған мекеменің жауапты басшылары хабарлайды.

Шымкенттегі Дендросаябақтан аспан әлемін тамашалауға болады

Мұнан бөлек  аумағы 117 гектар алқапты алып жатқан саябақтың Бәйдібек би көшесіндегі негізге қақпасы жөндеуден өтіп, А.Байтұрсынов және Қ.Төлеметов көшелерінің бойында да алып қақпалар бой көтерді. Келіп-кетушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы автотұрақтар салынды. Ал, А.Байтұрсынов көшесі бағытына әкімдік биыл асфальт төсеп беруге уәде берген.

         Қазіргі таңға дейін саябаққа 230 түрлі 95 мың түп ағаш дарақтары егілген. 5 географиялық флоралық зонаға бөлінген. Биыл орман белдеуінің қорын молайту мақсатында қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылмақ. Осыған орай көктемгі ағаш егу науқанына дайындық басталып, дарақтардың бұтақтары  бұталануда. Қалалықтардың сүйікті демалыс орнына бюджеттен 295 млн. теңге бөлініп,  ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге салар болсақ, Шымкент қалалық мәслихатының ХІ сессиясында дендросаябаққа ұлт мақтанышы Асанбай Асқаровтың есімін беру туралы ҚР Үкіметіне ұсыныс жіберілген болатын. Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысынан кейін бұл желекті аймаққа қазақтың біртуар перзентінің аты берілді.

Нұршат ТӨКЕН,

 «Egemen Qazaqstan»

Шымкент