«Табысқа жету үшін бір нәрсені үнемі жасап отыру қажет. Бір жұмысты бастағаннан кейін шамалы уақыт жасап, шаршадым деп тастап кетсең, ештеңе шықпайды. Дұрыс па? Ал ол жұмысты он жыл үздіксіз істесең, сөз жоқ, арманыңа жетесің», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Астанада Елбасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарымен кездесуі ҚазМедиа орталығында өтіп жатыр.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне үміткерлерден өтінім қабылдау өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Өтінімдер 2018 жылдың қазан айының ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданды, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беру жалғасты. Жалпы, екі жылдың ішінде жобаға қатысуға 4 мыңға жуық өтінім түсті. Дауыс бергендердің саны 100 мыңнан асып жығылды. Айта кетерлігі, жобаның бірінші кезеңінде 2 мыңнан аса өтінім қабылданды. Оның 302-і іріктеуден өтіп, 102 үміткер «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.