Кино • 14 Ақпан, 2019

Жалған продюсер жарылқай ма?

918 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өнер халықтікі десек те, сол өнерді жаһанға танытып жүрген таланттың абыройына ортақтасып, арзан атаққа кенелгісі келетіндердің қарасында шек жоқ. Бұл үрдіс қай кезде де болған. Әйтсе де, соңғы уақыттағы өзін «продюсермін» деп таныстырып, талай жастың атағынан абырой жасап жүргендер қыз­ды-қыздымен именуді ұмы­тып, ашық жариялылыққа көш­кені де көпке таңсық болудан қалып барады. Тіпті мұндай істің соңы дау-дамайға ұласып жатқанына да талай мәрте куә болып жүрміз.

Жалған продюсер жарылқай ма?

Мәселен, Димаш Құдайберген есімін төрткүл дүниеге мәшһүр еткен Қы­тай­дың әйгілі «I am a singer» жобасы ке­зіндегі журналист Ертай Нүсіпжа­нов пен әншінің бұрынғы продюсері Ал­памыс Шәрімовтің арасындағы шие­леністі жағдай көптің есінен ұмы­тыла қойған жоқ. Сол секілді Канн кинофестиваліне дейін есімі ауызға алынбаған актриса Самал Еслямованың да «Үздік актриса» атанғаннан кейінгі қолпаштаушылары мен атағына өзін қатысты санайтындардың қатары күрт артты. Оны айтасыз, тіпті кейбір еті тірі ұйымдастырушылар оңтайына кел­ген объектісінің жеңіс тұғырына көте­рілгенге дейінгі өмірбаян, жүріп өткен соқ­пағымен таныс болмаса да, өзін сол өнерпаздың «продюсері», «жолын аш­қан ұстазымын» деп батыл таныстыра беретін жағдайлар да жас таланттар­дың қоғамдағы қорғансыз күйін әшке­ре­леп беріп тұрғандай. Тура осындай жайт 2019 жылдың 6 ақпанында «Қазақстан» ҰТА-ның «Таңшолпан» бағдарламасына қонақ ретінде қатыс­қан жас пианист Нұрсұлтан Омарғазин мен өзін музыканттың продюсерімін деп таныстырған композитор Ер­жан Арзықұловтың ортасындағы түсін­беушіліктен де айқын көрінді. Тікелей эфирден кейін жағдайдың мән-жайын ұқпай аңтарылып қал­ған Нұрсұлтанның анасы Кербез Омар­ғазина мен А.Жұбанов атындағы музы­калық мектептегі ұстаздарының осы орайда айтар уәжі жетерлік. 

– Қызметім Астана қаласында бол­ғандықтан, екі балам да Алматы­дағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің интернатында жатып оқиды. Тұңғышым Нұрсұлтан «Фортепиано» бойынша маманданып жатса, кіші ұлым «Скрипка» сыныбында тәлім алуда. Жас та болса Нұрсұлтанның музыка саласындағы жетістігі жетерлік. Халықаралық бай­қаулардың бірнеше мәрте жеңім­пазы. 

Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында өткен VI Халықаралық мәдени форумның салтанатты ашылуында Ресей президенті Владимир Путиннің алдында өнер көрсетті. Тәуел­­сіздік күніне арналған концертте Елбасы да Нұрсұлтанның өнерін жоғары бағалап, кейін журналистерге берген сұхбатында арнайы тоқталып өтті. Осыдан кейін баламмен бірлесе жұмыс істеуге ниетті адамдардың қатары көбейе түсті. Соның бірі – Ержан Арзықұлов. Мектепке барып, ұстаздарға өзін «Таңшолпан» бағдарламасының журналисімін деп таныстырған ол, Нұрсұлтанмен бірге Дастан Серікболұлы деген домбырашыны да бағдарламаға ертіп апарады. Ал эфирге барғанда жүргізушілер Ержанды балалардың продюсері деп таныстырады. Ал ол болса айтылған ақпаратты жоққа шығармай, керісінше жігіттерді жастайынан өзі баптап, баулығандай әңгіме айтып, журналистер қойған сұраққа да аса сенімді жауап беріпті. 

Продюсер адам өз өнімінің барлық шығынын мойнына алып, ірі жобаларды жүзеге асырса керек-ті. Бірақ жеке өз басым бұл адамды эфирден алғаш рет көрдім. Мен білетін Нұр­сұл­танның бір-ақ ұстазы бар. Ол жа­сы 70-тен асқан кәсіби мықты ма­ман – Галина Мелькова деген кісі. 5 жыл бойы тыңғылықты түрде ұлым­ды фор­тепианоға баулыған ұстаз­дың ең­бе­гін жауып қойып, «дайын­ асқа – тік қасық» болған Ержан Арзықұловтың әрекетін еш құптай алмаймын», – дейді Нұрсұлтанның анасы. 

Кербез Нұранбайқызының сөзіне сенсек, Нұрсұлтан да, өзі де эфирде жарқ еткен су жаңа продюсерін жіті танымайтын болып отыр. Нұрсұлтанға қатысты талай шығармашылық шаруаны жүзге асырғаны жайлы жаңалықты жаһанға жасқанбай жария еткен Ержан Арзықұлов та үнсіз қалмады. Про­дюсер әрі композитор өз әрекетін былай түсіндірді:

– Осыдан бір жыл бұрын «Kazakh classical folklore group» деген му­зыкалық орталық құрдым. Ондағы мақ­сатым – өнерге бейім талантты жастардың жолын ашып, сапалы музыка жазып, түрлі деңгейдегі кон­курстарға қатысуына барынша қол- ұшымды беру болатын. Сондықтан да А.Жұбанов атындағы музыка мектебі директорының музыка саласы бо­йынша орынбасары және тағы да бас­қа ұстаздармен ақылдаса отырып, Нұр­сұлтан секілді бірнеше талантты жасты орталығымызға қабылдап, қам­қорлығымызды көрсеткіміз келген. Алайда эфирдегі уақыттың тым келте қайырылуы, ойымыздың шорт кесілуі осындай түсінбестікке алып келіп отыр деп ойлаймын», – деді композитор. 

Бәрі де мүмкін. Бірақ мұрағатта сақталған сұхбаттан ондай олқылықты байқай қоймадық. Бәрі де ап-айқын, түсінікті жеткізілген. Сұхбатты тың­даушы әңгіме төркінін тура ұғады. Онда Ержан мырзаның ұзақ жылдан бері Нұрсұлтанның музыкалық білім алу, репертуар таңдау мәселесімен айналысып, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуына да тікелей мұрындық болып келе жатқаны анық айтылған. Сонда кімнің сөзі рас, кім­дікі жалған?

Жалпы, соңғы кезде тым жиі орын алып жүрген кәсіби түйткілдердің бірі – ақпараттың растығына толыққанды көз жеткізілмей, тексерілмей тұрып, сүзгісіз ұлттық арна эфиріне өтіп кетуі немесе газет-журнал, интернет порталдарына жариялануы халықты адасушылыққа ұрындырып келеді. Одан бөлек, қазіргі сапаны емес, әуелі пайданы көксеп, табысқа кенелтетін жобалардың маңайын торуылдап жүрген той ұйымдастыру деңгейінен аспаған жалған продюсерлік орталық­тардың жұмысын өнердің көсегесін көгертіп жатыр дей аламыз ба? Біз білетін продюсерлік жұмыс негізінен маңдайтер еңбек пен қыруар қаржыға және ең бастысы өзіндік өрнегі мен ерекшелігі қалыптасқан өнімге, жалпы сапаға негізделсе керек-ті. 

Дәл осы тұста мынадай сауал туады? Жалпы, продюсер дегеніміз кім? Оның міндеті не? Ел продюсер деп тануы үшін нағыз маман өзін қалай көрсетуі керек? 

Продюсер ағылшын тілінен аудар­­­­ғанда «өндіруші» де­ген­ мағынаны білдіреді. Яғни, қа­ра­­пайым әншіні немесе өзге де шығар­машылықпен байланысты өнер түрлерін жаһанға жария етіп, жұлдызын жағушы. Дайын дүниеден пайда табушы емес, продюсер – жасаған өнімінің авторы яки иесі. Про­дюсер қолға алынған жобасының қаржылық жағдайдан бастап, әрбір ұсақ-түйек деталіне дейін жауапты. Сол арқылы ол өз есімін қалып­тастырады. Бірақ, өкінішке қа­рай, қоғамда керісінше жағдай белең алып кетті. Өнер әлемінде, әсіресе бүгінгі отандық эстрада кеңістігінде продюсерліктің қызмет аясы тарылып, ұйымдастырушылық деңгейге түскеніне де жиі куә болып жүрміз. Продюсерлік ету әншілерді тойға шы­ғаруды ұйымдастырумен немесе жоғарыдағы мысалдай көлденеңнен қосылып, төр менікі дейтіндермен өлшеніп жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің қытайлық жобаға қатысуына орай туындаған даудың да төркіні негі­зінен осы түйткіл төңірегінен тарқа­тылады. Ертай Нүсіпжановтың сөзінен түсінгеніміздей, Димаштың «I am a singer» жобасына қатысқанға дейінгі барлық келісім, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқанына қа­рамастан, журналист жасаған маша­қаты көп жұмыстың бар абырой мен атағы кейін жоба кезінде өзін ән­шінің продюсерімін деп таныс­тырған Алпамыс Шәрімовке көшіп кеткені. Әрине, бұл жерде кімнің көп, кімнің аз еңбек сіңіргенін анықтау, қай тарап­тың уәжі дұрыс екенін дәлелдеп шығу мүмкін емес. Әрқайсының өз шындығы бар. Екеуі де өзінің хал-қадерінше қазаққа ортақ таланттың үлкен сахнаға шығуына септескісі келді деп ұқтық. Десек те, айналасында ушығып жатқан мұндай дау-дамайлар әншіге тіпті де абырой әпермесі анық. 

Сондай-ақ продюсерліктің негізі іскерлікке ғана емес, ұстаздыққа да негізделеді дейтін пікірді де жиі ес­тиміз. Мұндайда қос талантты шәкір­тін ертіп сахнаға көтерілген әнші, композитор Алтынбек Қораз­баев­­тың тау тұлғасы келеді көз ал­­ды­мызға. Өзі жастайынан баптап, үлкен сахнадағы жолын ашқан шәкірттері – Мейрамбек Бесбаев пен Тоқтар Серіков бастаған таланттар шоғыры бүгінде қазақ эс­тра­­дасының өнердегі өз өрнегін қа­лып­­тастырған айтулы тұлғаларына ай­налды. Сол секілді бұл қатарға ұзақ жыл­дан бері тыңғылықты да жүйелі түрде «Kesh you» тобы, Айлан,  «Саз әлемі», «Қазақ аруы» сынды бірнеше жобаға кәсіби түрде продюсерлік етіп келе жатқан Баян Алагөзова, Ұлық­пан Жолдасов сияқты іскер ұйым­дастырушыларды да қосып қоюға болады. 

Иә, өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Өнерімен тыңдаушысын табындырмақ мақсатта алып шаһарға арман қуып жеткен талай жастың қиялына қанат бітіріп, арманын ақиқатқа айналдыруда, сөзсіз, продюсердің еңбегі ере­сен. Оны жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, өзгенің еңбегін пайдаланып, оңай табысқа кенелуді көздейтін кейбір жалған «қамқоршылар» өнерді өміріне балаған кейбір таланттың жолын түбегейлі өзгертіп жатады. Сондайлардан абай болса екен қазақтың өнерлі өрендері. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше