Аймақтар • 14 Ақпан, 2019

Мәдени мұралар жаңа заңмен қорғалады

420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығмату­линнің төрағалығымен болған пала­таның кешегі кезекті жалпы отырысында күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралды.

Мәдени мұралар жаңа заңмен қорғалады

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» бірінші оқылымда қаралған заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жасады. Ол жаңа заң жобасы 1992 жылы қабылданған заңның орнына ұсынылып отырғанын айтты. «Тарихи мұраларымызды бүгінгі және келешек ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру жолында бұл заңның маңызы зор. Барлық дамыған елдер тарихи мұраларының сақталуына жетілген заңдарының арқасында қол жеткізген және оларды әлемге танытып отырған», дей келіп А.Мұхамедиұлы ұсынылып отырған заң жобасын әзірлеу барысында олардың тәжірибелері ескерілгенін жеткізді.

Одан әрі министр еліміздегі тари­хи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асатынын атап өтті. «Соның ішінде «Киелі Қазақстан» бағдар­ламасына сәйкес ауқымды жүйелен­діру жұмыстарын жүргізіп, нә­ти­жесінде жалпыұлттық маңызы бар 180 және жергілікті маңызы бар 456 нысан­ның тізімі жасалды» деген ол көп­теген тарихи-мәдени нысандардың әлем­дік маңызына, тарихи құндылы­ғы­на тоқ­талып өтті. Мем­лекеттік 9 қо­рық­тағы ескерткіштер туралы да кеңі­нен мәлі­мет берілді. Осының үстіне жаңа­дан мемлекеттік үш музей-қорық­тың ашылғаны сөз болды. Олар: «Ботай» тарихи қонысы, Астана қаласының түбіндегі «Бозоқ» және «Сарайшық» қала­шықтары екені айтылды. «Отырар» қаласының 800 жылдық мерейтойына орай онда келу­ші­лер­ге арналған «визит орталығы» ашылатыны да мәлім болды. 

Министрдің баяндамасынан кейін оған көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде депутат Айзада Құрманова қасиетті орындарды «Киелі Қазақстан» бағ­дарламасына сәйкес жасалған ті­зім­ге енгізудің өлшем шарттары мен тәр­­тібі қандай екенін сұрады. Оған А.Мұхамеди­ұлы ішкі туризмді ат­қару мақ­­сатымен жергілікті атқарушы орган­­дар­дың ұсынысына сәйкес барлық атақ­ты орындар осы тізімге енгізілетінін және олар әлі де толық тізбеленбегенін айтты. 

Депутат Ж.Дүйсебаев тізімге енгізі­летін ескерткіштер қандай санат­тарға бөлінетінін және жергілікті атқарушы органдарда білік­ті маман жоқ болып, оларды анықтай ал­маған жағдайда мәселе қалай шешілетінін сұрады. Министр бұл сұрақтың орынды еке­нін айта отырып, кейбір университеттерде сұраныс болмағандықтан археология факультеттерінің жабылып жатқанын айтты. «Сондықтан білікті мамандардың жетіс­­пейтіндігі көрінуде. Ал енді мына заң қабыл­­данғаннан кейін жергілікті органдарда археолог мамандарға сұраныс болады, сонда оған оқитын жастар да табылатын шығар. Әзір­­ге біз киелі орындардың тізбесіне жата­­тын нысандарды анықтау үшін білікті ма­ман­дарды орталықтардан жіберудеміз», деді ол. 

Заң жобасы бойынша қосымша баян­даманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі С.Абдрахманов жасады. «Бізде осы мәселені реттейтін заң бар. Ендеше неге жаңа заң қабылдаға­лы жатырмыз деген сұраққа жауап бере­тін болсақ, қолданыстағы заң егемен­дік­тің елең-алаңында, сонау 1992 жылы 2 шіл­деде қабылданған. Одан бері аттай 27 жыл өтті. Заман да өзгерді, қоғам да өзгерді, адам да өзгерді. Сондықтан да қолданыстағы заңның жартысынан астам нормаларын өзгертуге тура келетіні анық болып отыр. «Ескіні жа­масаң, есің кетеді» дегендей, ескі заңды жамап-жасқағаннан гөрі жаңа заң да­йындау орынды. Сондықтан да жаңа заң жобасы дайындалды», дей келіп, ол заң жобасының тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және есепке алу, сондай-ақ олардың жағдайын мониторингтеу тәртібін бекіту; Тарихи және мәдени мұра объек­ті­лерін түпкілікті тарихи келбетте сақтау мен пайдаланудың сапалы жаңа механизмдерін енгізу; Архео­логия­лық жұмыстарды жүр­гізу және «қара» археологтарға қарсы күрес ереже­лері мен шарттарын бекіту; Қор­ғау аймақтарында жер учаскелерін пайд­а­ланудың құқықтық режімін, тарихи және мәдени ескерткіштердің қорға­латын құрылыс, табиғи ландшафт аймақ­тарын пайдаланудың құқықтық режімін анықтау және т.б. көздейтінін жеткізді. 

Талқылауға қатысқан депутат Д.Мыңбай: «Аталған заң жобасының архео­­логиялық жұмыстарды жос­пар­лауға және жүзеге асыруға қатысты баптары өте орынды және дер кезінде енгізіліп отыр деп ойлаймын. Олар бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраларға зерттеу жұмыстарын ісінде көптен бері қордаланып қалған мәселелерді шешуге жол ашады», деді. Сөйтіп негізгі заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда толық мақұлданды. 

 Ілеспе заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілеріне археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру шарттарын, сондай-ақ ескерткіштердің бас­тап­қы келбетінің, тарихи және мәде­ни маңыздылығының жойылуына және олардың бүлінуіне жол бермеу мақсатында тарихи және мәдени ескерт­кіштерге ғылыми-реставрациялық жұ­мыс­тарды жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу ұсынылады. Сондықтан Әкімшілік-құқық бұзушылық, Жер кодекстеріне және бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілулер ұсынылған. Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын бекіту жөніндегі функцияларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың жергілікті атқарушы органдарына беру көзделген. 

 Жалпы отырыста мемлекеттік функ­цияларды бәсекелес ортаға беру мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Отырыс аяқталған соң бірнеше депутат орталық атқарушы органдарға өздерінің сауалдарын жолдады. 

Сонымен бірге жалпы отырыста Мәжіліс құрамына тізіммен сайланған жаңа депутат Нұржан Әлтаев Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»