Аймақтар • 14 Ақпан, 2019

Шымкентте этнос өкілдерінің 70%-ы мемлекеттік тілді еркін меңгерген

543 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тіпті, өткен жылы қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында 1600-ден астам этнос өкілдері мемлекеттік тілді оқып үйренген.

Шымкентте этнос өкілдерінің 70%-ы мемлекеттік тілді еркін меңгерген

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында кеше Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында түрлі этнос өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқып-үйрету курсы ашылды.

\Игі бастаманы ассамблея қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» мекемесімен бірлесе жүзеге асырып отыр. Шымкентте мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірген этнос өкілдері аз емес. Бүгінде олардың алдыңғы легі алғашқы дәрісін алып, тілді үйренуге құлшына кірісті.

\Қазіргі таңда курсқа қабылданған 40 азамат білім деңгейіне қарай бастауыш және базалық топтарға бөлінген. Олар алдағы 4 айда аптасына екі реттен теориялық және практикалық дәрістер өтетін болады. Сондай-ақ, әр жексенбі күні еркін форматта бас қосып, түрлі ойындар арқылы қазақша сөйлеу мәдениетін жетілдіреді.

\Қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухаммедова бұған дейін қазақ тілін үйренуді өз бетінше бастаған. Достық үйінде ашылған курста мемлекеттік тілде сауатты жазып, дұрыс сөйлеуді үйренсем дейді.

\Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Иосиф Бахман қазақ тілін барша этностарды мемлекет құрушы ұлт қазақ халқының төңірегіне топтастырушы, біріктіруші фактор деп біледі. Әрі, алдағы уақытта барша тұрғындардың ортақ тіліне айналатынына сенеді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент