15 Ақпан, 2019

Банкроттықты тану бәсекелестікке жол ашады

474 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы 3 жылда елімізде банкротқа ұшыраған кәсіпорындар саны 3,7 мыңға жетіпті. Қазіргі таңда олардың жалпы қарызының мөлшері 4 триллион теңгеден асады. Елбасының Үкіметте өткен кеңейтілген отырыста банкроттық рәсімдерді оңайлатудың және ашықтығын арттыру қажеттігін айтуы осы мәселеге байланысты. Ал қазіргі таңда Парламентте қаралып жатқан тиісті заң қаржы және банк секторындағы ахуалды реттеуге қаншалықты көмектеседі? 

Банкроттықты тану бәсекелестікке жол ашады

Әлжуаз компаниялардан арылта ма?

«Банкроттық туралы заң жобасын қа­был­дау үшін асығудың қажеті жоқ» де­ген пікірді әуелі Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев айтты. Ал Қаржы ми­нистрі Әлихан Смайыловтың пайым­дауынша, қолданыстағы заңнама шы­ғынмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды же­делдетіп жа­бу­ға мүмкіндік бер­мейді. Негізгі себеп – суб­ъек­­тіні банкрот деп тану үшін оның дәрмен­сіз­дігін анықтауға мүмкіндік беретін айқын ұғым­дардың болмауы. Ұлттық банк болса, ішкі нарықты бәсекеге қабілетсіз компания­лардан құтқаруға асығып отыр. Төраға Данияр Ақышевтың айтуынша, бұл проце­дура екі жолмен жүзеге аспақ: алдымен оларды банкрот деп жариялау, сосын актив­терін еңсе тіктеген, несиені қайтару мүмкін­дігі жоғары компанияларға беру. Мұны жү­зеге асыру үшін банкроттықты жариялау процедурасының тиімділігін көтеру керек. 

Ішкі нарық тиімсіз және жұмыс істемейтін компаниялардан арылу қажет екенін сарапшылар да көптен айтып жүр. Шығынға батып жүрген компанияларды банкрот деп жариялау­ды қолданыстағы заң да қиындатып келген. Қаржы сарапшысы Тимур Әбіл­­қасымов мұндай пікірмен келіс­пейтінін кесіп айтты. Себебі бан­крот­тық туралы қазіргі заңның 114-тармағы бұл процесті 1 айда аяқ­тауға мүмкіндік беретін көрі­неді. Бірақ компанияның иесі өзін банкрот деп тану жайлы өтініш бергенде ғана бұл тармақ күшіне енеді. Сарапшы, Ұлттық банктің ұсынысы банкроттықты жеделдетуге үшінші тараптың – екінші деңгейлі банктерді де заңдастыруы мүмкін екенін айтады. Бұл фактор, екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігін арттыруы мүмкін. 

– Бұл халықаралық тәжіри­беде бар. Алғашқыда бәсекеге пайда әкелмейтін несиелердің саны кө­бейіп кетуі мүмкін. Бірақ бұл Үкі­мет­­тің қолдау қаржы­сымен өмір сү­рет­ін банктер мен ком­­пания­лар­дың санын аз уақыт ішінде азайтады, – дейді Т.Әбіл­қасымов.

Оның пайымдауынша, Ұлт­тық банк бүгінге дейін қаржы ұйым­дарын бақылаумен ғана шек­телген жоқ, инфляцияны таргеттеу де соның құзыретінде болып келді. Ал экономиканы төлем қабілеті сын көтермейтін компаниялардан тазарту үшін Ұлт­тық банктің жанынан бәрін бақылауға құзырет беретін және оны инфляцияны бақылаумен байланыстырып отыратын жеке агенттік ашу керек. 

Бизнес дайын болуы тиіс

Жаңа заң ірі агрохолдингтерге де әсер етуі мүмкін. 

– Біз мұны екінші деңгейдегі банк­тердің басындағы жағдайдан байқадық. Дегенмен, бұл процедураны басымыздан өткеруіміз керек, – дейді Т.Әбілқасымов. 

Сарапшылар банкроттық туралы мәселе бірінші кезекте компания­лар­дың өзіне керек екенін айтады. Бұл оларды несие берушілердің қы­сы­мынан бірнеше жылға дейін құт­қа­рады, қосымша тыныс алып, жағ­дай­ларын түзеп алуға мүмкіндік береді. 

– Бәсекеге қабілетсіз компания­ларды қаржыландыруды тоқ­тату керек деген бастаманы қол­дай­мын. Бірақ әлсіз ком­паниял­ардың актив­терін күштілерге алып беру дұрыс емес. Нарық заңы бойынша несие берушілердің қысымынан босатылған компания бірнеше жылда жағдайын түзеп алуға тиіс. Егер кәсіпорын бұл мүмкіндікті пайдалана алмаса, акцияларын сатып, кредиторлармен есеп айырысу процедурасын бастауға болады, – дейді экономист Жарас Ахметов.

Оның айтуынша, Ұлттық банктің ұстанған саясаты дұрыс. Ав­­гей­дің ат қорасы сияқты, нарықты да­ әлсіз ком­паниялардан тазартатын кез келді. Себебі бейнелі түрде айт­қан­да, көрін­бейтін, тек тіркеліп қой­ған көлеңкелі экономикадан тарап жатқан уыт эко­но­миканың нарық заңымен дамуына кедер­гі келтіруде.

Жалпы, сарапшылардың көп­шілігі банкроттық туралы заң­ның тездетіп қабылдануына қаржылық-өндірістік топтар көп кедергі келт­і­ретінін айтып жүр. 

Банкроттық бүгін басталған жоқ

«Falconry Capital» компания­сы директорлар кеңесінің төраға­сы Бақыт Ниязов банктердің не­сие­лік қоржынының сапасына Ұлт­тық банк­тің күмәндандануы бұры­нырақта туғанын айтады. Ұлттық банк­тің банкроттыққа байланыс­ты ұстанымы банк секторындағы қате­ліктеріміздің қорытындысы. 

– Оның басы 2008 жылдары банк дүмпуі кезінде басталған. Банк өкілдерінің «Қазақстанның банк жүйесі Ресейді, тіпті ТМД елдерінің банк жүйесін басып озды» деп құ­лаш-құлаш ақылы материалдар бер­ген кезін ұмытқан жоқпыз. Бір кез­дері шетелдік банктерден арзан не­сие көп келді. Экономиканың бар­лық секторында өсім байқалды, – дейді Б.Ниязов. 

Алайда көп ұзамай 2009 жыл­ғы қаржы дағдарысына шарпылып көзі­міз ашылды. Көптеген ком­­па­­ния­­лар шындықтың бетіне тіке қарау­ға да­йын болмай шықты. Б.Ниязов­­­тың пайымынша, 2009 жыл­­­­­дан кейін көптеген банктер не­­­сие­­лік қоржындарын қайта қа­рап, қайта құрылымдауды бастап кет­ті. Мұны сырт көз активтерінің тым құнсыз­данып кетпегенін немесе жағ­дайларының құлдырап кет­пегенін көрсетуге қолданған деп қабылдады. Бұл тәсіл банктер­ге де, кәсіпорындарға да, тіпті Ұлт­­тық банкке де тиімсіз еді. Себебі кәсіп­орындарды банкрот деп танудың меха­низмдерін Үкімет те, Ұлттық банк те ұсына алмады. 

– Егер саяси ерік-жігер тұғырлы болса, банкрот деп жариялаудың ме­ханизмін өзгерту оңай. Әлсіз компаниялар мықтыларға орын беруі – нарық заңы. Бәрі мемлекеттің дұрыс шешімді дер кезінде пайдалана алуын­да, – дейді Б.Ниязов. 

Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің айтуынша, банкроттықты оңтайлан­ды­рудың соңы қор нарығына әсер етеді. Банкрот деп танылған компа­ни­я­­­­лар­дың активтері айналымға шы­ғуы на­рық­тың барлық сегментіне кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, тұр­ғын үй на­ры­ғында инвесторлар әрбір шаршы метріне 200 мың теңге жұм­сап, оны 250 мың теңгеге сатамын деп үміт­тенеді. Ал акциялардың құны күрт төмендеп, пәтердің әр шаршы метрі­­нің құны 150 мың теңге болып қал­са, онда инвестор – банкрот. Сол үшін банкроттық туралы заң өте қа­жет. 

– Бірақ жаңа заң жобасы шығынға батып отырса да байланыстарының ықпалымен мемлекеттің үсті-үс­тіне қаржыландыруымен күн көріп отырған ауыл шаруашылығы хол­дингтерін банкрот деп тануға шамасы жете ме? Олардың активтерін сатып алуға банктердің тәуекелі жете ме? Біз Авгей қорасын тазалау туралы шешім қабылдамастан бұрын, осы мәселелердің басын ашып алуымыз керек, – дейді Е.Ибрагим. 
Сарапшылардың пікірінше, на­­рық­ты әлсіз компаниялардан та­зар­туға кіріспестен бұрын, банк не­сие­­сінің пайызын төмендетіп, банк­тердің ық­палын барынша әлсіреткен жөн. Сол кезде ғана банкроттықты танудың нәтижесін ел сезеді.

Гүлбаршын САБАЕВА, 

«Еgemen Qazaqstan»