15 Ақпан, 2019

Рақымжанның көз жасы

560 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тереңіне сүңгіп, маржанын теру әсте оңайға түспеген «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты жазушының кемеліне келіп, әбден толысқан шағында дүниеге келген. 

Рақымжанның көз жасы

Астары құпия белгілерге толы ғажайып хикаят.

Адамнан келетін барлық зұлымдық атаулыны қан сорғалаған қайқы қылы­шының мысымен жасқап, пандора жәшігіне қайыра қуып тыққан табақбет титан әулие болмаса, мынау рақымсыз әлемнен өлігін жасырып кетуді ойға алар ма еді?! 

Аңыз артынан аңыз туды. Хатқа қалдырылған дерегі аз. Сөйтсе де, ол туралы жазылған дүние баршылық. Тіні әлсіз тіршілік тайталасында түбі бір түркі әлемі ұлы қаһанның шығу тегіне қатысты өз «Бабыл мұнарасын» соғуда... 

Төңірегінде өршіген даудың жалан­ған жалынына қанатым күйіп қалады-ау деместен, жазушы неліктен Шыңғыс хан образына соншалық қызығушылық танытты?

Бұл сұраққа тап басып жауап беру үшін, алдымен Рахымжан Отарбаевтың «Қыр мозаикалары», «Алтын балық», «Айна», «Аяқталмаған хикая», «Нобель­ден қалған мұра», «Аты­рау-Алматы поезы», т.б. әңгімелерін оқып алу керек сияқты. Аталған әңгімелерінде жазушы бір жүйеден екіншісіне өтудегі мәжбүрлі бейімделудің трагедиялық салдарын терең сезіне, осынау көш жүре түзелгенге дейінгі қалыптасу процесін қамтитын өліара кезеңнің сүйініштен гөрі, күйініші басым болатынын шынайы жасалған образдар арқылы анық көрсетіп береді.

Айталық, сұраған тілектерін мүл­тік­­­сіз орындаса да, ауға түскен алтын балық­ты теңізіне жіберуді ойға да алма­ған ерлі-зайыптылардың ашкөздігін, шетелдіктердің қойнында жат­қан тоғыз қызды жөнге саламыз деп барып, өздері оңбай таяқ жеп қайт­қан «намысқой» жігіттердің әрекетін, т.б. суреттеуде сатираның ащы уыты сезіледі. 

Рахаң әңгімелерінде күлкі де, юмор да бар. 

Кез келген диалогты жандандырып жіберетін одағайлардан ұлттық өрнектің қоңыр иісі аңқиды. 

Нарықтың жаңа тәртібін меңгер­ме­ген һәм меңгеруге де тырыспайтын бейқам, я өзді-өзін алдауға әуес, мәрттік қасиетті жоғалтқан кейіп­кер­лердің әрекеті боямасыз да шынайы. Бай, мұнайлы өлкеге ақшалы келімсектер қаптап келіп жатса, қарсылық көрсету, әрекет жасауды ойға да алмайды, олай етуге нарықтық сауаты да, ақшасы да жоқ. 

Алайда жазушы оқырманын үміт­сіздікке ұрындырудан аулақ. Күл­ді­ре отырып, ойландырады. «Біздің ауылдың амазонкалары» әңгімесінде қасиет­тен жұрдай болған бір кейіп­ке­рін қорқауға айналдырып жіберіп, аллегорияны сәтті пайдаланса, «Но­бель­ден қалған мұрасында» ақшаның буы­на піскен инвесторлардың миллиондарын жұтып алып, бір тамшы мұнай бермей бос қайтарған Жер ананы «тірілтуінде» гротеск бар. 

«Осы біз көшпендінің ұлы рухын қай тұста жоғалттық? Адамшылық пен ізгілікке емес, мансап пен бай­лық­қа көзсіз ұмтылдырған мына заман қай орға апарып жығады?» – жазу­шының жүрегін қан жылатқан шығар­ма­ларының идеясы – «Рахаңның көз жасы» осы болса керек. 

Қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын көшпендінің асқақ рухын тынбай іздеуі алаң көңіл жазушыны «Шыңғыс ханның көз жасын» жазуға алып келгендей. 

Хикаят – бойына сан жұмбақты жасыр­ған ерекше дүние. Шебер қолда­ныл­ған әдеби әдіс-тәсілдер сол құпия­лар­дың шешімін табуға жетелейтін кілт іспеттес. Ә дегеннен қайталау әдісінің көптігі байқалады. 

Әсіресе, «аждаһа», «аран» сөз­де­рі­нің қайта-қайта қолданылуы тегін емес: «Ұрынарға қара таппай келе жатқан қалың әскер «аран» қазғысы келген».
«Бірмойындай шауып, алдыңды орай өткенде аждаһаның аузындай боп аран әзір тұрса ше?». «Бірден жұтып қойғалы тұр. Аузын ашқан аран осы!».
Тіліңмен, діліңмен қоса, қасиетті жеріңді, тәуелсіз елдігіңді жалмап қоюды көздейтін жаһандану өркение­тінің тойымсыз араны осы һәм төтен­нен төнетін қауіпті аждаһа да дәл осы­ның өзі!

Шыңғыс хан – тарихтан орнын ойып алған даңқты қолбасшы, күллі адамзаттың ізгілікке бет бұруына тіке­лей ықпал еткен көрнекті қайраткер. Бір өкініштісі, осы кезге дейін оның қанқұйлы, қатыгез қаһан образы бір­жақты дәріптеліп келді. Осы себептен, хикаят тақырыбын стереотип сіңісті миымыз бірден қабылдай қоймағаны да рас, талайымызға: «Шыңғыс хан да жылаушы ма еді?» деген ойдың сап ете қалғаны анық. Алайда шығарма идеясының жүгі ауыр екенін жоғарыда айтып өттік, асылында, тақырыпты тағы бір мағынасында «Жоғалған көшпенді рухының көз жасы» десек, қателеспейміз. 

Әлқисса, сөзіміз дәлелді болсын, автор аталмыш хикаятында, ең алдымен, түркі текті негізіміздің түпкі тамырын тынбай іздейтіні рас және де оны желден жүйрік сәйгүлік сипатында табады:

«Құйрық-жалы сүзілген мың сәй­гү­лік мың тарапқа бас бермей ағы­зып бара жатыр екен дейді...»

Еркіндік пен сұлулық қана емес, құрық көрмеген асаулық, шет-шегі жоқ кеңістік пен саф тазалық айқын көрінген дәл осы ғажайып суретті автор хикаяттағы сегіз бөлімнің басында қайталап беруі тегін емес. Себебі қайталау әдісінің басты қызметі де сол – образды деталдың басты миссиясына оқырман көңілін аудару. 

Көңілді құлазытатыны, түйінді тарауда осынау сұлулықтан құр елес қана қалады:

«Құйрық жалы сүзілген сәйгүліктер қайда кеткен?! Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!»
Осы екі фрагментті біріктірер бол­сақ, ертеңгі күні жаһандану иіріміне жұтылып кетуден құтқарып қалатын ұлы рухты іздеу идеясы тағы да айқын­да­ла қалады.

«Шыңғыс ханның көз жасы» хикая­ты – жаңа заман әдебиетінің ірі жазушысы Рахымжан Отарбаев шығар­ма­ларының ішіндегі ең бір салмағы ауыры екенін айттық. Қатпары қалың бұл туындыға әдеби жағынан тереңдеу – өз еркіңмен тұңғиыққа шым бату, тарихи жағынан бірдеңе деп пікір білдіру – жалаң қолмен шоқ көсеу, шырқыраған жаның көзіңе көрініп, қылпылдаған өткірдің жүзімен жүріп өту. Шыңғыс хан тұлғасы төңірегінде қызу айтыс-тартыс көрігі қызып тұрған кезеңде оның образын жаңаша жасауға, басқа қырынан көрсетуге кім-кімнің де жүрегі дауалай қоймасы анық. Алайда кейбір мінез­ді дарын иелерінің өткір қаламын қылыш­тай жалаңдатып, от пен судың ортасына қойып кету үшін жаратылатынын мынау жарық дүние әлдеқашан мойындаған. 

Қасиетті қара сөздің киесі дарыған қалам иесі үшін оқырманын сөз магия­сымен матап алу түкке тұрмайтыны рас, бірақ автордың бұл хикаятты жазуда көздегені – қыран қанаты жетпес шыңнан әлдеқайда биік, жаңғырық жетпес құздан нешеме кез терең. 

Хикаят тарихи және әдеби – қос өрім­­нен тұрады, жазушы осы екеуін қойдың шикі құйрығымен майла­ған­дай, иін қандыра, шиырлай еседі. Сол сияқты, Шыңғыс ханға қатысты басқа тарихи деректерді қолданғанда, автордың мұқияттылығы мен асқан жауапкершілігі көрінеді. 
Шығармада күнді түннің алмастыратыны сияқты ерте ме, кеш пе өмірге де өлімнің әйтеуір бір кез келетіні туралы философиялық мағына бар. 
Сондықтан «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?..» деп бастала­тын қысқа прологы мен «Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?..» деп түйінделетін эпилогындағы лаконизм қат-қабат мазмұнға ие. Көзге де, көкірекке де бірден жатталып қалатын бұл поэтикалық параллель шығарманың бас-аяғын тап-тұйнақтай етіп тұр.

Өмір – қас-қағым сәт, елес, бір көрген түс. 

Атқан таң – жаңа күнге құлшыныс, жарқ етіп жанған үміт. Таңға жеткен жан иесі қуаныштан, жақсылықтан үмітті. Сол сияқты, күннің батуы – адамның бешенесіне жазылған өмірдің соңғы белесіне жетуі я мәңгілік ұйқыға кетуінің метафорасы.

Алайда жалпы тіршілік тізбегі жалғаса бермек. 

Осы орайда: «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», − деген Абай сөзі еріксіз ойға оралады.
Батқан күннен атар таңға жал­ға­са­тын, үзілмейтін осынау тізбекті жаңа күнге құлшындыратын, құрыштай мықты ететін не? Темірдей асқақ рух, тегеуірінді жігер ме, әлде жүрекке жылу сыйлайтын ізгілік, санаға сәуле түсі­ретін даналық па?

Ақыл-ой мен жазушылық шеберлігі кемеліне келген қаламгер бұл хикаятын жаһандану аранына жұтылып кеткелі тұрған азғантай қазақтың тағдырына алаңдаған терең толғанысынан тудыр­ғаны таңба басқандай анық білініп тұр. 

«Құйрық-жалы сүзілген мың сәй­гү­лік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...»

Еркіндікті, асқақ рухты айғақтайтын бұл суретке автордың қайталау тәсілі арқылы екпін түсіріп, қайта-қайта алға тартуы тегін емес. Бас бермес асау­лық­ты жаңа заман қазағының болмысынан көргісі келетінін астарлағаны анық.

Шығармасына бас кейіпкер етіп басқаны емес, жолбарыстай ақырған қаһарлы Шыңғыс қағанды алуындағы мақсат та осы.

Өз заманында күллі әлемді тітірент­кен Шыңғыс хан әскерінің аяғы Жапон аралдары, Солтүстік Мұзды мұхит пен Тынық мұхитқа ғана жетпей қалған екен. Бұл нені білдіреді? 

Қандай айбар-қажыр иесі болма, адамға берілетін ғұмыр мерзімі шек­теу­лі. Уақыт өте, жастықты – қарт­тық, албырттықты – даналық, желікті – сабыр алмастыруы заңды. Қа­лам­­гердің Шыңғыс ханында өмір өткін­шілігіне деген өкініш бар. 

Шыңғыс хан бейнесі – даналықтың темірқазығы. 

«Шыңғыс ханның көз жасын» жазуда Рахымжан Отарбаев жусан аңқыған жер төсін – төріндей, сансыз жұлдызы жымыңдаған аспанды – түндігіндей көрген қазақтың табиғатпен қайта қауышар кезін аңсайды. Табиғатқа жақындау арқылы ғана біз өркениет иірімінде жоғалтқан рухымызды қайта табуымызға мүмкіндігіміз бар. 

Ол – арыстандай ақырған қаһарлы Шыңғыс қаған рухы – иісі қазақтың бұдан әрі ұсақтала беруіне тосқауыл қоятын көшпендінің асқақ рухы. Бұған еш дау жоқ.

Анар ҚАБЫЛҚАҚ,

әдебиеттанушы, сыншы