15 Ақпан, 2019

Абзал азамат еді...

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз көбіне адамдарды қызметіне, мамандығына, қалта-қарымына қарап бағалайтын болдық. Бұл - адамның бүкіл болмысын танытпайды, қайта шатыстырады. Ал жансарайы мөлдірлер өзін де, өзгені де адастырмайды.

Абзал азамат еді...

Сондай бір абзал азамат – «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл бас есепші қызметін атқарған Мұхаметқали Қазымов еді. Мамандығы есеп-қисап бол­ға­­нымен, рухы мықты азамат-тын. Ел ішіндегі ұлық әңгімені көкейіне түйіп, оны төгілдіріп айта да білетін. Ең бастысы, ұлт сөзін ұғатын, тіл салмағын түсі­не­тін, әдет-салтқа сақ қарайтын. Астар­лы қалжыңға да, қағып түс­ер әзілге де шебер еді. Содан бо­лар, егемендіктермен ол тез тіл табысып кетті.

Алды кең, өзінің ұстаған бағытына бекем, сыйласқан жан­мен адал қарым-қатынас жасау­ға бейім тұратын. Ұзын бойы, келіскен келбеті, ақсары дидары өз болмысына ғана тән еді. Бойындағы қуат, жанындағы жігер тасқын судай көрінетін. Алымы да керемет, шалымы да мықты еді. Машинамен Астана­дан шығып, Қызылордаға қонып, Жайықты жағалап, бүгінде Ресей бағынысында қалған Сары­тау­да­ғы (Саратов) зайыбы Ақы­рыс апамыздың төркін-төсін түген­деп, қайтқанда Ақтөбеге со­ғып, Шығысты шарлап, Жеті­су­дың тау-тасынан асып, Алматыға атбасын тіреп, көзінің қарашығындай Райымбегінің маңдайынан иіскеп, немерелерін құшырлана құшаққа алып, бірер күн жатып, қайтадан Астанаға оралатын. «Маха, шаршамайсыз ба?» дейміз. «Баяғыда атқа мінген аталарымыз шаршадым демеген ғой. Мына даланы тақымыңды тоздыратын атқа қарағанда, машинамен аралау анағұрлым жайлы емес пе. Тігіп қойған үйдей ғой!» деуші еді. 

Бақиға аттанарынан бір күн бұрын машинамен Алматыдан келіпті. Соның дәл алдында ғана 4-5 күн дәрігерге қаралып, ем-дом қабылдап шығып, қыстың қысқа күнінде мүшел жасқа келген, яғни 73-тегі Махаңа бұл оңай соқпаса керек. Жүрегі қайтадан сыр беріп, арамыздан сырғып кете барды.
Махаң өз ел-жұртын да, қай­ын жұртын да қатты сыйлайтын еді. Зұлмат заманда қазақтың баты­сындағы Бөкей ордасынан Сарытауға барып жан сақтаған қайын енесі көрген қиындығын, соғыс кезіндегі тартқан азабын өлең етіп бір дәптерге жазып ке­тіпті. Соны асыл азамат шап-шағын кітап етіп бас­тырды. 

«Ақырыстың анасы текті адам еді. Керемет ақынжанды кі­сі болатын. Атақты Ғұмар Қа­раш­­­­тың немере қарындасы» деп әлгі көк сиямен жазылған қол­жазбаны бізге үстінен бір қаратып алып, «Ананың жүрек лүпілі» деген шағын жыр жина­ғын шығарды. Бұл ол кісінің үлкен­ге құрметін, өткенге сергек қарайтын сезімталдығын танытса керек.

Махамбет Жұмабекұлы Қыз­ыл­­орда облы­сының Шиелі ауданында туып-өскен жай­саң жан еді. Сол ауылдан шығып, Алма­ты­ға барып білім алып, одан кейін Ауыл шаруашылығы, Әділет министрліктерінде қызмет еткен. Соңғы жұмыс орны «Егемен Қазақстан» еді. Бас басылымнан зейнетке шықты. Ұжымдағы беделі биік болды. Өйткені ол халықшыл, қарапайым, жолынан жығылмайтын, айтқанын орындайтын, екі сөзге жоқ, туғанына да турашыл еді. Айтарын ірік­пей­тін ірілігі де өзіне жарасып тұратын.

Көңіл қимағанмен, арсыз ажал Махаңды арамыздан алып кетті. Несін жасырайық, соңғы жыл­дары біраз ағамыздан көз жа­­зып қалдық. Мұндайда айтар сөз тек артын оңдасын дегенге тірелсе керек. Соңында адал жары, ұл-қыздары, олардан өсіп-өнген немерелері қалды. Бұл өлді деуге келмейтін өмір жалғасын ұқтырады. Жақсының өзі жер бе­сік­ке түскенмен, соңында өне­гесі қалып отыр. Мұндайда он­ың екінші өмірі жалғасын тапты десек, абзал азаматтың рухы биіктей түспек.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше