Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Теміржолдағы түйткілдер түйіні тарқатыла ма?

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

    Жүк тасымалдаушылардың қатысуымен  жергілікті кәсіпкерлер палатасында жыл сайын кездесетін вагон тапшылығы мәселесіне арналған алқалы басқосу өтті.

Теміржолдағы түйткілдер түйіні тарқатыла ма?

«Қазтеміртранс» компаниясы директорының орынбасары Абзал Салықбаев жүк вагондарымен қамту мәселесіне  қатысты есеп берді.

    «2018 жылы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 40830 вагонға тиелген 2 миллион 749 мың тонна бидай тасымалданды. Сондай-ақ, 116700 тонна ұнды жеткізу үшін 1896 вагон жалға берілген. Биыл да отандық тауар өндірушілермен тығыз ынтымақта жұмыс істеуге дайынбыз. Резервте 14 мыңнан астам вагон бар», деді А. Салықбаев.

   Биыл «Қазтеміртранс» АҚ-ы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша 700 мың тонна өнім тасымалдаған. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық тауар өндірушілермен бірқатар келісімшарт жасалыпты.

  Дегенмен, акционерлік қоғам Оңтүстік-Орал темір жол бөлімшесімен қос тараптық қолайлы ымыраға келе алмай отыр.  Осы себепті өңір кәсіпкерлері делдал-операторлық қызмет көрсететін “Евротрансгрупп” ЖШС-нің  қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілердің наразылығын тудыруда.

   Жиында «СевЕсильЗерно»  ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова делдалсыз жұмыс жүргізу мәселесін көтерді.

   «Бізге ешқандай делдал-оператордың қажеті жоқ. Бұл жұмысымызға нұқсан келтіреді. Мәселен, бір вагонның құны 771 мың теңгені құраса, астығымыз жүк тиеушіге жеткенше баға 810 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді. Ешқандай бәсекелестік болмағаннан кейін амалсыз  делдал-оператордың дегеніне көнуге мәжбүрміз», – дейді ол.

   Сондай-ақ ескі және істен шыққан вагондар жайы да алаңдатады. Бүгінгі таңда ұн және бидай тасымалында пайдаланылатын вагондардың 8-9 процентінің тозығы жеткен.

   Бұл жиында түйткілді мәселелерге нүкте қойылған жоқ. Тағы бір рет кездесіп, «Евротрансгрупп» ЖШС-і жергілікті диқандарға  делдалдық қызметтің жаңартылған бағасын ұсынуға уағдаласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы