Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысында 105 млрд теңгеге 75 кәсіпорын жаңғыртылды

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауына сәйкес 2017 жылдан бастап Ақтөбе облысында кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру жұмыстары жандандырылды. Екі жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 105 млрд.теңгеге шамамен 75 кәсіпорын жаңғыртылды.

Ақтөбе облысында 105 млрд теңгеге 75 кәсіпорын жаңғыртылды

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесуінде хабарлады.

«Цифрландыруды дамыту және жаңа технологияларды енгізу еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді. 2019 жылы тек өнеркәсіптің өзінде кемінде 50 кәсіпорынды жаңғыртып, цифрландыру жоспарлануда. Нәтижесінде олардың еңбек өнімділігі 7% , ал өнеркәсіп көлемі 14%- ға артуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі, сондай-ақ өңдеу секторын жоспарлы дамыту жалғасатынын атап өтті. Айта кетейік, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 7,3% - дан 11,6% - ға дейін өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 2,4 триллион теңге деңгейінде күтіліп отыр.

Қоса кетейік, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында өңір үшін рекордтық 1,9 триллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Өндіріс өсімі 5,6% құрады.