Қазақстан • 15 Ақпан, 2019

Жетісу университетінде «100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды

859 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Ашық сананы қалыптастырудағы жаңа оқулықтардың маңызы» тақырыбында  пікір алмасу өтті.

Жетісу университетінде «100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды

Бүгінде отандық білім беру жүйесінде гуманитарлық білімнің мәні мен  мазмұны, жалпы методологиясы өзгеріске түсуде. Осы мақсатта Елбасы  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ұсынған болатын. Ал былтыр Жансүгіров университетінің кітапханасына философия,  педагогоика және психология,  менеджмент, экономика, қазақ тілі мен әдебиеті, әлеуметтану салалары бойынша 17 атаулы оқулық, яғни 3873 дана кітап келді.Қазір оқытушылар осы оқулықпен студенттерге білім беріп жатыр.

- Соңғы жылдары еліміз индустриалдық-инновациялық дамуға басымдық беруіне  байланысты жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдарға деген көзқарас өзгеріп,  тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология,  мәдениеттану сияқты гуманитарлық пәндердің сағаты қысқарып,  мәні мен маңызы  төмендей бастағандай еді. Ал жастарды саяси белсенді, мәдениетті, төзімді, діни сауатты, қоғамды сыйлап, Отанын құрметтейтін  нағыз азаматтықа тәрбиелейтін сала гуманитарлық білім екені даусыз, - дейді осы оқу орынының  әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Сайра Рахипова .

Пікір алмасу жиынына «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының редакторлары Есей Жеңісұлы, Дәурен Дариябек, Әсет Құранбек  арнайы шақырылды.  Қонақтар  бюро жұмысы туралы, аударма және терминжасам мәселелері, Философиялық оқулықтарды аудару ерекшеліктері жайлы ойларын ортаға салды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы