Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Шымкенттің әкімі көпбалалы аналардың жағдайын жасауға уәде берді

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкенттегі Түркістан сарайында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың құтпан жылын қорытындылаған  халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Жиынға ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Егемберді Ерғали, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Шымкенттің әкімі  көпбалалы аналардың жағдайын жасауға уәде берді

Ең әуелі Шымкенттің республикалық мәртебеге ие қала атануы туралы Жарлыққа қол қойған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қала тұрғындары мен өз атынан шексіз ризашылығын білдірді.

Екі сағатқа созылған кездесуде мегаполис басшысы өткен жылғы тындырымды жұмыстар жөнінде есеп беріп, осы жылда атқарылар ауқымды жобаларды жұртшылыққа таныстырды. Әрі, барша шымкенттіктерді туған қаласын көркейтуге шақырды. 

Есепті жиында сөз баяндама жасаған шаһар әкімі көпбалалы аналарды жағымды жаңалықпен бір қуантып тастады.

Әкім тапсырмасымен алдағы наурыз айының басынан бастап Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері және Батыр аналар мен І және ІІ дәрежедегі орденмен марапатталған аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды. Есесіне нарықтық заңдылық бойынша қала әкімдігі тасымалдаушы компанияларға субсидия бөлмек.

Ғабидолла Рахматоллаұлы өзі де көпбалалы отбасынан шыққандығын айтып, ел домографиясына үлес қосып жатқан алтын құрсақ аналарға мемлекет тарапынан барынша көмек берілетіндігін жеткізді.

Қазіргі таңда Шымкентте 2220 Алтын алқа иегері, 6056 Күміс алқа иегері, 511 Батыр ана, 700-ден аса І және ІІ дәрежелі орденмен марапатталған және 3200 көп балалы ана бар екен.

Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемін 25 мыңнан 100 000 теңгеге дейін ұлғайтып, аталған қаржыны күзгі жаңа оқу жылы қарсаңында беретіндігін жеткізді. 

Елімізде тұрмыс тауқыметін тартқан көптеген отбасылардың басты арманы баспана екендігіне тоқталған ол  шымкенттік кәсіпкерлер мен депутаттарды, қайырымды жандарды «Сен жалғыз емессің» жобасына қатысуға шықырды. Аталған жоба аясында  қиыншылық қыспағында қалған отбасыларға баспана салынатындығын тілге тиек етті.

Тағын бір қуаныштысы мұнан былай мегаполисте көпбалалы аналарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылып, аналар қауымы онда мемлекеттік қызмет түрлерін еш кедергісіз ала алады.

Кезекті баяндамасында шаһар басшысы Астана, Қызылордадағы өрт апатынан туындаған қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін Шымкенттегі тілсіз жаумен күрес жұмыстары қатаң бақылауға алынғандығын ескертті.

Алдағы уақытта Шымкенттегі 1000 аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға газ және өрт апатының алдын алуда дабыл беретін арнайы құрылғылар демеушілер есебінен тегін орнатылатын болады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ