Қазақстан • 15 Ақпан, 2019

Абайдың латын графикасындағы кітаптары көрмеге қойылды

957 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейінде «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру негізі» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева арнайы сөз сөйлеп, латын графикасының маңыздылығына тоқталды.

Абайдың латын графикасындағы кітаптары көрмеге қойылды

Шара барысына Семейдегі Тілдерді дамыту орталығының директоры Зәуреш Исабаева  мен Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Абай» институтының директоры Ақмарал Смағұловалар да  белсене атсалысты. Ал  әскери жұмыспен өнерді қатар алып жүрген әнші, сазгер Тынышгүл Ақайқызы авторлық әндерін орындады. «Абай» өнер мектебінің шәкірттері Хәкім Абайдың өлеңдерін оқып, оны тақтаға латын әріптерімен жазып көрсетті.

- Абайдың 95 жылдығын атап өтуге байланысты жарлық ең алғаш латын гарфикасында шыққан екен, осыны көрмеге қойып отырмыз. Сондай-ақ,  Абайдың 95 жылдығын атап өтуге байланысты арнайы мерейтойлық комитеттің мөрі,  Шәкәрімнің латын қарпіндегі «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы да осы көрмемізден орын алып отыр,-деді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Абламбаева,-1929-40 жылдар аралығында Қазақстанда латын әліпбиі болған. Түрлі газеттер мен журнал басылымдары осы әліпбиде шыққан. 1936 жылғы Бейімбет Майлиннің латын әліпбиіндегі толық жинағын да осы көрмеге қойдық.

Көрменің мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен латын қарпіне көшу міндеттемесін мойнына ала отырып, кемеңгерліктің кілтімен даналықтың есігін ашқан Абай бастаған ұлы тұлғалардың мол мұрасын халыққа жеткізу болып табылды. Көрме сөрелерінен музей қорындағы латын графикасындағы сирек басылымдар мен қолжазбалар орын алыпты.

Музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Абламбаеваның айтуынша,   қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру мәселесін 1924-29 жылдары  алашордашылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері көтеріп, өзара талқыға салған екен.

Айта кету керек, Абай музейінде көптеген құнды жәдігерлер бар. Солардың қатарындағы Ұлы Абайдың латын тілінде 1933 жылғы,  1934 жылғы, 1936 жылғы, 1939 жылғы жинақ кітаптары көрермендердің қызығушылығын тудырды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

суретті түсірген автор

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар