Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Бердібек Сапарбаев халық алдында есеп берді

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жарлығына сәйкес әр түрлі деңгейдегі әкімдердің әр жыл сайын ел-жұртқа есеп беріп келе жатқанына біраз жылдың жүзі ауды. Бүгінгі күні республикамызда ауылдық, аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдердің тұрғындарға есеп беру кезеңі аяқталып, қазір халық алдында облыс әкімдері есеп беруде. Осындай басқосу өткен жұма күні Ақтөбеде өткізілді. Осы кездесу кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өнер орталығы ғимаратына жиналған 1500 тұрғынға өз есебін 25 минутқа сыйғызып, шегелеп айтып берді. Оның есесіне тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтару үшін 1 сағат 30 минут уақыт белгіленді.

Бердібек Сапарбаев халық алдында есеп берді

Егер сұрақтар ықшам, бас-аяғы жинақы, қысқа да нұсқа түрде қойылса бұл уақыттың ішінде 30-35 адамға жауап қайтарып үлгеруге болатыны анық. Рас, есепті кездесу кезінде облыс басшысы спорт базаларын жаңырту, дәрі-дәрмектер бағасын қалыпты деңгейде ұстау, жедел-жәрдем бекетінің қызметін оң жолға қою, халыққа қызмет көрсету орталықтарын оңтайландыру және тағы басқа да тұрғындарды толғандырып жүрген нақты сауалдарға нақты жауаптар қайтарды.

Әйтсе де бірқатар тұрғындардың бойында сұрақ беру мәдениеті қалыптаспағаны осы кездесу кезінде айқын көрінді. Тіпті сұрақ берушілердің арасында эмоциялық көңіл-күй мен сезімдерге бой ұрып, әлдебіреулерге кінә мен ауыр айыптар таға сөйлеп, шеттерінен жемқорлар деп күстаналағандар да кездесті. Айталық залға қойылған үн күшейткіштен облыс әкіміне сауал қойған тұрғынның бірі: Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автокөлік жолының бойында орналасқан ауылдар инфроқұрылымдық жүйелерден тыс қалған, бұл маңайдағы тұрғындар үйсіз-күйсіз босып жүр, оларға неге тұрғын үй берілмеген, олар үшін неге тұрғын үйлер тұрғызылмаған деген мәселе көтерді. Бұлайша қарағанда бұл сауал орынды қойылған секілді көрінеді. Әйтсе де сұрақ беруші оның ақ-қарасын ажыратпастан тисе –терекке, тимесе –бұтаққа дегендей, жалпылама түрде қоя салғаны да бірден байқалып қалды. Өйткені Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы құрылысының басты бөлігі алғаш рет Ақтөбе облысы аумағында аяқталғанын ұмытпауға тиіспіз. Оның шапағатын осы жолдың бойында орналасқан ауыл тұрғындарына да тигені шындық. Қазір бұл тұстағы елді-мекендер мен ауылдардың бәрі де газдандырылған. Тіпті жапан даладағы ескі қыстаулар да жаңғыртылып, оған электр жарықтары тартылып, мұнда кәсіп иелері жайқалтып жүгері мен жоңышқа өсіріп отырғаны сұрақ берушінің ойына келмегені өкінішті-ақ. Кездесу кезінде осы тақылеттес мәнсіз сұрақтар көп болды.

Біреулерге кінә тағу, біреуге кеткен ызасы мен ашу-ренішін әкімдердің есебі кезінде білдіріп қалуға ұмтылу, әрі қойған сұрағын сағыздай созып, өзінің де, өзгенің де уақытын жеу –жақсы нышан емес. Өкінішке орай облыс орталығында қала және облыс әкімдерінің тұрғындарға есеп беруі кезінде осындай теріс көріністер орын алып жүр. Осындайда мемлекет құраушы ұлттың өкілдері өздерін барынша ұқыпты, барынша жинақы ұстай біліп, көкейіндегі сұрақтарын да тиянақты әрі тұжырымды түрде қойғандары жөн емес пе?! Жоқ, олай емес, ағайындарымыз қолына микрофон тисе, одан айырылмай, бос, мағынасыз, мәнсіз қызыл сөзді суша сапырғысы келеді де тұрады. Олардың әкімдердің есебіне қатысқан өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен өнегесі осы ма сонда. Керісінше Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сауал жолдаған өзге этнос өкілдері қойған сауалдарының бас-аяғы жинақы, нақты әрі тұжырымды шыққанын да айта кетудің де орайы келіп тұр.

Осындайда айтар ойын екі-үш ауыз сөзге сыйғызып, тұжырымды түрде сұрақ қоя білу де парааттылық танытудың бір белгісі екенін ұмытпасақ екен дегіміз келеді.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше