Қазақстан • 15 Ақпан, 2019

Смартфоныңыз денсаулығыңыздың көмекшісіне айналады

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді сіздің жүрек қағысыңыздан тартып, неше сағат ұйықтап, қанша қадам жүргеніңіздің барлығы электронды паспорт арқылы дәрігеріңізге жетіп отырады. Денсаулығыңызды қадағалап қана қоймай, дәрігеріңіздің ескертпелерін жеткізіп тұратын бұл онлайн жүйе осы жылдың жазында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан бастау алмақ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында вице-министр Олжас Әбішев айтты.    

Смартфоныңыз денсаулығыңыздың көмекшісіне айналады

Медицина саласындағы цифрландыру бойынша баяндама жасаған вице-министр қанатқақты жобаның  артықшылықтарына тоқталды.

«Биылдан бастап электронды үкімет порталынан өзіңіздің медициналық төлқұжатыңызды ешқандай қосымшасыз смартфоныңызға көшіре аласыз. Ол сіздің күніне қанша қадам жүргеніңізді, неше сағат ұйықтағаныңызды, тағы басқа мәліметтерді дәрігеріңізге жеткізіп отырады. Сондай-ақ, қай күні қабылдауға келіп, скринингтен өтетініңіз туралы хабарлама келіп тұрады. Мысалы, жүкті әйелдерге тексерілетін уақытын есіне салып, балаларының екпеге келетін күнін алдын ала айтып отырады. Бұл барлық пациент пен дәрігер арасындағы байланысты арттырады. Яғни смартфоныңыз денсаулығыңыздың көмекшісіне айналып, сізге интерактивті қызмет көрсетеді. Аталған жүйе биыл жаздан бастап Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында қолданысқа енбек», деді О.Әбішев.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бір жағынан ескертулерді елемей, салауатты өмір салтын сақтамаған науқастардан орынсыз шағым түскен жағдайда дәлел де бола алатын көрінеді.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше