Әлем • 18 Ақпан, 2019

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық ынтымақтастығы талқыланды

682 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Сеул қаласында Ханян университетінің ұйымдастыруы­­­мен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында «2019 Корея – Орталық Азия халықаралық конференция­сы» (2019 Korea-Central Asia Inter­national Conference) деген атпен конференция өтті.

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық ынтымақтастығы талқыланды

Конференция «Қазақстан Республи­касы мен Корея Республикасы арасын­дағы стратегиялық әріптестікті дамыту­дың жаңа Солтүстік экономикалық ынты­мақтастығының көрінісі» деген тақырып аясында өрбіді. Аталмыш конференция­ға Қазақстан мен оңтүстіккореялық ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Оңтүс­тік Корея тарапынан бірқатар белгілі профессорлар, соның ішінде дипломатия­лық академия профессоры Ко Нам Чже, Енсе университетінің профессоры Ко Ту Санг, Сыртқы істер министрінің Еуразия бөлімінің бірінші хатшысы Че Ки Чон және басқалары қатысты. Қазақстандық тараптан Еуразия­лық зерттеу институты­ның аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбен, қытай­тану орталығының жетекшісі және қытайтанушы Әділ Қаукенов, «Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының» Қытай және азиятану бағдарламасының жетекшісі Руслан Ізімов, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева баяндама жасап, пікір алмасып, корейлік тараптың сұрақтарына жауап берді. Осы конференцияда Қазақ­стан Республикасының Оңтүстік Корея­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипло­матия­лық және сауда-экономикалық байланыстар мен ынтымақтастыққа кеңірек тоқталды. Конференцияға Қазақ­станда дип­ло­матиялық қызметте болған экс елші Пэк Чу Хен мен Танзания елінде елші болған Сон Гым Ен мырза модератор болды. Экс-елші Пек Чу Хен Қазақстан Рес­пуб­ликасының халықаралық деңгейдегі беделіне тоқтала келіп, мемлекетіміздің жүргізіп отырған қоғамдық келісім және ұлтаралық татулық саясатына үлкен баға берді. Тіпті Мемлекет басшысының осы жүргізіп отырған саясаты халықаралық қауымдастық пен БҰҰ-да зор бағаға ие болып, Пан Ги Мун БҰҰ Бас хатшысы болған жылдары Қазақстан саясаты­ның осы моделін насихаттау бағытын­да жұмыстар жасалғандығын атап өтті. Әйгілі дипломат Президентіміздің саясатына қатты қызығушы­лық танытқанын жасырмады. Осы ретте Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық рөлі мен міндетін, ішкі және сыртқы саясатта тепе­-теңдікті сақтап, алпауыттар арасында май­д­ан қылшық суырғандай сұңғыла саясат жүргізіп, ТМД елдерінің ішінде ерекше белсенділік танытып, Қазақстанның беде­лін халықаралық аренада көтерген басшы ретінде жоғары бағалайтынын айтты.

Конференция барысында корей ға­лымдары Қазақстанның дамуы мен Оң­түстік Кореямен стратегиялық әріптес­тігінің бағыттарына тоқталды. Әлеуметтік экономика саласының маманы, ғалым Ли Сан Чжун Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының оң нәтиже берген­дігін, осы бағдарламадан кейін келе­сіде қандай бағдарлама шығатыны­на қызығу­шылық танытты. Корея мен Қазақстан бизнесі ынтымақтастығы­на қатысты Дәурен Әбен «Корейлік кәсіпкерлер қазақстандық корейлермен ғана ынтымақтастық жасамай, қазақ компанияларымен де әріптестікті кең көлемде жүзеге асырып, әріптестік аясын әртараптандыру керектігіне» баса назар аудартты. Корей ғалымдары мен қазақ ғалымдарының арасында Оңтүстік Кореяның Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіру, кірмеуі туралы да сөз болды. Тараптардың ойынша ол уақыт еншісіндегі мәселе. Жалпы, Оңтүстік Корея елінің бір кезде «Азиядағы өзара ық­палдастық және сенім шаралары жөнін­дегі кеңеске» кіруге ниеті болғандығы айтылды. Қазіргі таңда ол ниет Үндістан­ның мүше болуына байланысты бәсеңсіп, оңтүстіккореялық дипломаттарды әртүрлі ойға қалдырып отырғандығы жасырын еместігі сөз болды. Алайда кейінгі жыл­дары екі ел арасындағы қарым-қатынас­тың бұрынғыға қарағанда саябырсып қал­ғандығын, сауда-экономикалық көрсет­кіштер жоғарғы деңгейде болса да, бұл межені тоқмейілсіп, місе тұтып қалмау керек деген ғалымдардың пікірлері естіл­ді. Қазіргі стратегиялық қарым-қаты­насты одан әрі жетілдіріп, жандандырып отыру керектігі, оның маңыздылығы мен өміршеңдігі туралы ой қозғалды. Оты­рыста екі ел арасында алдағы уақытта іскерлік кеңес құрып, оған елдеріміздің білік­ті мамандарын, корейтанушы, орталық азия­танушы зерттеушілерді, түрлі саланың сарапшыларын тарту қажеттігі баса айтылды.  

Дастан Ақаш,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

Оңтүстік Корея, 

Сеул қаласы