Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Ұшқыр уақытқа ұшақ қызметі керек

886 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемнің дамыған елдеріндегідей Қазақстанда да уақыттың қадірі артып келеді. Расында да, біз қазір уақытты үнемдеуге кірістік. Елімізге енген жаңа технологиялар осыған мүмкіндік беруде. Электронды үкіметтің құрылуы нәтижесінде адамдар үйден шықпай-ақ, уақытын жоғалтып тиісті мекемелерге барып кезекке тұрмай-ақ оның қызметін бір демде алатын жағдайға жетті. Ұшақ пен пойыз билеттері де үйден шықпай-ақ ақшасы төленіп, қолға тиетін болды.

Ұшқыр уақытқа ұшақ қызметі керек

Адамдардың уақытты үнем­ді пай­далануға деген ұмты­лы­сы ав­токөлік пен пойызды қойып, ұшақ қызметін жиі пай­д­­а­ла­на бас­та­ғандығынан да көрінеді. Мәселен, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі­нің деректері бойын­ша елі­міз­дегі транзиттік әуе жолау­шы­ларының саны 2010 жылы 20 мың адамды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 620 мың адамға, ал өткен жылы 900 мың адамға дейін өскен. Демек, сегіз жылдың ішінде 45 есе өскен.

Бұл нені білдіреді? Осы сегіз жыл­дың ішінде біз соншама ба­йып кеттік пе? Жоқ, олай емес. Бәл­­кім, бұрынғыға қарағанда жағ­дай жақсара түскен шығар. Бі­рақ қалай алып қарағанда да, біз­дің 45 есе байымағанымыз анық.

Ендеше, бұл фактор бірін­ші кезекте уақыттың қадірі­нің артуына байланысты адамдардың таңдауды ұшақ қыз­метін пай­далануға қарай жасай бас­та­ғандығын білдіреді. Рас, сөз болып отырған кезең аралығында еліміздің қалаларының арасында және халықаралық бағыттар бойынша әуе компаниялары­ның қызметі жақсара түскені анық. Бұ­рынғыға қара­ғанда турис­тер қатары да арта түс­кені бел­гілі. Мұның бәрі жоққа шы­ға­рыл­­майды. Бірақ бәрібір бас­ты фак­тор ретін­де адам­дардың таң­­дау­ды ұшақ қыз­метін пайда­ла­нуға қарай жасағандығы көрініп тұрған шындық деп ойлаймыз. 

Мұндай жағдайдың орын алуының бір себебі, біздің ойы­мызша, біздің жер және климат­тық жағдайымызға да көбірек байланысты. Қазақстан – кең­байтақ. Біздің жеріміздің аумағы пойызбен немесе автокөлікпен 5-6 сағатта бір шетінен екінші шетіне шыға салатын Еуропа­ның шағын елдеріндегідей емес. Жолдарымыз да жарқырап тұрған жоқ әзірге. 

Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне автокөлік немесе пойызбен жету үшін кемінде үш-төрт күн уақытты жоғалтуға тура келеді. Ал ұшаққа мінсеңіз, осы қашықтыққа әрі кеткенде үш-төрт сағатта жетесіз. Сондықтан Қа­зақстан секілді алып далалы елде басқа көліктерге қарағанда ұшаққа міну уақыт жағынан ал­ғанда тиімді болатыны түсі­нікті. Демек, ұшақ қызметінің баға­сы арзандайтын болса, адамдар қозғалысына тың серпін бере­тіні қазірдің өзінде белгілі бола түсуде.

Осы құбылыс пен жағдайды ескере отырып, Үкімет биылдан бастап елімізде ұшақ қызметінің бағасын арзандату бағытында жаңа шешім қабылдады. Жаңа әуе компаниясы құрылатын болды. Қазір бұл мәселемен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шұғылдануда. 

«Азаматтық авиация саласында тұрақты өсім көрсеткіші бар. Өткен жылы транзиттік әуе жо­лаушыларының саны 900 мың адамға жетсе, 2020 жылы бұл көр­сеткіш 1,6 млн адамға жетеді деп болжап отырмыз. Осыған жағ­дай туғызу үшін биылғы бірінші жартыжылдықта бюджеті төмен «Fly Arystan» әуе компа­ния­сын іске қосу жоспарланып отыр. Осы компания арқылы алғашқы жылы «Эйр Астанадан» 2 есе төмен бағамен 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарлануда», деді бұл жайында аталған министрліктің басшысы Жеңіс Қасымбек.

Бізге белгілі мәліметтер бо­йын­ша, бюд­жеттік әуе компа­ния­сының қыз­меті ағым­дағы жылдың мамыр айында бас­талмақ. Бірінші кезекте оның әуе паркі төрт Airbus ұша­ғынан құралатын бола­ды. Ал билеттер наурыз айының соңынан бастап сатыла бастайды. Егер Қазақстан бойынша «Эйр Астана» әуе компаниясының билет құны орта есеппен 100 долларды құраса, «Fly Arystan» әуе компаниясының билет құны 40-45 доллар деңгейінде қалыптасады. Мұнан кейінгі төрт жылда ком­панияның әуе паркіндегі ұшақтар саны 15-ке дейін жетеді деп жос­парлануда. Ұшақтардың барлығы жаңа­дан сатылып алынбақ. 

Жалпы, Қазақстанда енді құ­ры­лып жатқан «Fly Arystan» секіл­ді бюджеттік әуе компаниялары шетелдерде жаңалық емес. Лоу­костер әуе компанияларының қыз­меті ең әуелі өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдарында АҚШ-та бас­талып, тоқсаныншы жылдары Еуро­паға кеңінен тараған. 2000 жылдардан бастап Ресейдің қалаларын да қамтыған, қазір бұл елдің ондаған ірі қаласына лоукостер компаниялар қызмет көрсетеді.

Әдетте лоукостер әуе компаниялары халықты билет құны­ның арзандығымен қызықтыра­ды. Мәселен, ирландиялық «Ryanair»-дің кейбір Еуропа­ның кейбір қалаларына ұшатын ұшақтарының билет бағасы 7-10 еуродан басталатын көрінеді.Сон­дықтан қазір оның қызметі бүкіл Еуро­паға ке­ңінен тараған деп айтуға болады.

Лоукостер компаниялар қыз­­метінің бағасы соншама арзан болуының сыры неде? Бірін­­шіден, олар шығынды барын­­ша үнем­деуге тырысады. Мәсе­лен, билет­тер онлайн режім­де саты­латын­дықтан, арнайы әуе кассаларының қыз­меті пай­да­ланылмайды. Яғни, ұшақ би­летін сатқаны үшін ко­миссиялық ақы алынбайды. Сон­дай-ақ жолау­шыларға ұшақта та­мақ беріл­мейді. Берілсе, ол үшін жеке ақы а­лынуы, баға­сы қымбаттау болуы мүмкін. Борт­серік секілді ұшақ қыз­­мет­керлері әмбебап болып, бірнеше адамның жұмысын қатар алып жүре алады.

Екіншіден, мұндай әуе ком­па­ния­ларының ұшақтарында әрбір шаршы метр жер үнем­деледі. Орындықтар бір-біріне жа­қын орналастырылады, крес­лолардың арқалығы жазылмауы да қалыпты жағдай саналады. Солай үнемделген жерлерге қосымша креслолар қойылып, билет көбірек сатылады.

Лоукостер әуе компаниялары әдетте тиімділігі жоғары жаңа ұшақтарды пай­даланады. Сәй­кесінше оларға жұм­са­латын тех­никалық шығын да аз. Ұшақтар ескіре бастағанда оларды бас­қа компанияларға сату арқылы олар­ды сатып алуға жұмсай­тын шы­ғындарын өтеп алып отыра­­ды. Демек, лоукостерлік қызмет­ті құ­рушы ком­пания қаржы мен тәжі­рибе жағынан әлеует­ті болуы керек. Бізде бұл қызмет елі­­міз­дегі ең қуатты саналатын «Эйр Астана» базасында ұйым­дастырып жат­қанын айта кетейік.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ­станда «Fly Arystan» секілді лоукостер компания құру тиім­сіз делінген еді. Өйткені ұшақ қызметін пайдаланатын адамдар аз болатын. Ал қазір транзиттік әуе жолаушыларының көбей­­гені осындай қызметті ұйымдас­ты­ру­ға мүмкіндік бергендей. Егер ол жемісті жұмыс істесе, мұны Қазақстандағы әуе компаниялары қызметінің үлкен бір белесі деп санауға болады.

– Мұндағы негізгі мәселе – ұшақпен қаты­найтын жолау­шы­лардың әлі де болса аздығы. Әрине, оған қаржылық мүм­кін­­діктің шектеулілігі әсер етіп отыр. Мәселен, Еуропада  бір адам  жы­­лы­­на орта есеппен 1,7 рет ұшса, АҚШ-та тұр­ғындардың қозғалыс коэф­фи­циен­ті 2,5-ті құрайды. Қазақ­станда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз. Сондықтан ұшақ қызметінің құнын арзандату жолдарын қа­растыруды қолдау керек,– дейді ІАТА-ның (Халықаралық әуе көлігі қауым­дастығы) аймақтағы өкілі Джордан Карамалаков.

Д.Карамалаковтың пікірін­ше, Қазақ­станда қабылданған ішкі туризм­ді дамыту бағдар­ла­ма­сы бойынша 10 турис­тік клас­тер пайда болуы тиіс. Бірақ оны жүзе­ге асыру үшін туристер­дің қалай келіп-кететінін анықтап алу керек.  Өкі­­ніш­ке қарай, бұл бағдарламаның Қазақ­­стан­ның авиация индустриясы қызметімен байланысы байқалмайды. Әуе тасымалын қалайтын шетелдік және отандық жолаушылар­дың еліміздегі ең тартымды деген жер­лерге қалай жететіні әлі нақты­ланбаған.

Сарапшылардың пікірінше, тағы бір ескерілуге тиіс мәселе – әуежайлар көрсететін қызмет бағасын ретке келтіру. Мәселен, лоу­костер мен басқа әуе компа­ниясының жолаушылар үшін бір­дей тариф саясатын қолдануының жөні жоқ секілді. Өйткені лоу­костердің жолаушысы, әдетте, өте ықшам жүреді. Оның артық жүк алуына рұқсат берілмейді, ол үшін қосымша ақы алынады. Міне, осындай жағдайда қолында шағын портфелі ғана бар сыбай-салтаң жолаушы мен бірнеше сөмке сүйреткен жолаушыға тариф те әртүрлі болуға тиіс.

Көріп отырғанымыздай, нарық экономикасы жағдайын­дағы уақыт қадірінің ерекше артуы, оның материалдануы және ұшақ­тар қызметіндегі бәсекенің артып, бағаның төмендей түсуі – адамдарды әуе компаниясының қызметін пайдалануға итермелей түсуде. Ұшқыр уақыт ұшақ қызметін барынша жандандыруды талап етіп отыр. Үкіметтің «Эйр Астана» әуе компаниясымен бірлесіп қолға алған ісін соған сай әрекет деп түсіндік.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»