Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Жалғызілікті қариялар қараусыз қалмайды

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет тарапынан қараусыз қалған қарттарды қамқорлыққа алып, олқылықтың орнын толтыру бағытында қажетті шаралар атқарылуда. Бүгінде Ақмола өңірінде 10 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Оның алтауы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.

Жалғызілікті қариялар қараусыз қалмайды

Малотимофеевка се­ло­сын­­дағы әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы құрқылтайдың ұя­­сын­­дай жып-жылы екен. Іші-сырты кірсе шық­қысыз болып жай­нап тұр. Жаңағы әзірде терезеден сыртқа қараған кейуананың кескінін көргенбіз. Жол қарап тұрған, елегізіп әлдекімді тосып тұрған адамның кейпі. Сырт­тағы ерсілі-қарсылы жүріп жат­қан, көңілдерінде ешбір кірбің жоқ адамдарға қарап, біз де сендер тәрізді болғанбыз деп тұр­ған тәрізді. Қанша жерден қам­қорлықты көріп жатса да, кө­кіректе әлдебір сағыныш сезім­дердің кілкілдеп тұнып тұруы да мүмкін ғой. Бұл орталықта қазіргі күні 180-ге жуық ег­де адам тұрады. Олардың 116-ы зейнеткер болса, 58-і мүмкіндігі шектеулі жан­дар. Жасы тоқсаннан асқан төрт қария осы орталықтың ақ­са­­қалдары мен әжелері. Бір кезде қоғам байлығын еселеуге тұла бойларындағы бар қажыр-қай­ратты, күш-қуатты сарқа жұм­саған бес бірдей тыл ардагері бар.

Қариялар қамқор­лықтан кенде емес. Осы­дан үш жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліпті. Ғимараттың іші­нен таза да ұқыпты қол­дың ізі байқалады. Жиһаздар да көз  жауын алатындай әдемі.

– Соңғы үш жылда интернат үйлеріне көп көңіл бөлінді, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахмет­жанова, – бар­лық ғима­рат­қа күрделі жөндеу жұ­мысын жүргіздік.

Мұндағы орталық жалпы үлгі­де­гі қарттар үйі екен. Ен­ді­гі қалған ғұмырын осын­да өт­­­­кі­­зетін қарттарға педагоги­ка­лық, мәдениет, құқықтық, әлеу­­­­­меттік тәрізді сегіз қызмет түрі ұсынылады. Жай ғана күн өт­кі­зу емес, интернат тұрғын­да­ры әр күнін мазмұнды әрі ма­­­ғы­­­налы өткізуіне айрықша көңіл бөлінген. Рухани жан дү­ние­лері ойсырай олқы тартып, қам­көңілдер қажымау үшін де жанашырлық жасалуда. Мәселен, осы орталықтағы «Молодушки» деп аталатын ансамбльдің көңіл аулаудағы көрікті ісі атап айтуға тұрарлық. Ансамбль мүшелері қазақ және орыс тілдеріндегі сырлы да сазды әндерді шырқаған сәтте, асарын асап, жасарын жа­­саған егде адамдардың жан дүние­­лері қорғасындай балқып, жүздері нұрланып кетеді екен. Бір жағы ән құдіреті болса, екінші жағынан ат жалын тартып мініп жүрген, біз түсіне бермейтін өткен күн­­дер­ге деген  сағыныштың шарпуы шығар. Әсем әндердің көкі­регін қоламтаның шоғындай қыз­­дыратын қызуымен бір жадырап қалған мұндағы тыңдар­ман қауым осы бір сәттің үзілмеуін қалайды.

Қариялар облыстық және республикалық дең­гейде ауық-ауық өтіп тұратын сайыстарға үзбей қатысады екен. Мәселен, олар дарт, кегель, шең­берге доп лақтыру, дойбы мен шахмат, тоғыз құма­лақ ойындарынан бақ сынап, жүлдегер атанған. Он мәрте алтын медаль иеленген. Тоғыз құмалақ ойынының хас шебері Жанахмет Тұманов ақсақал Астана қаласында өткен спартакиадада жүлделі орынға ие болып, ортақ қордағы алтын медальдардың қатарын көбейте түсуге өз үлесін қосқан.

– Астана команда­сының құра­мында ойна­дық, – дейді Жа­нахмет ақсақал, – Ақтау, Атырау, Қызылордадан келген коман­далармен күш сынас­тық. Мерейіміз үс­тем болды.

Жеңіс деген ұғымның қан­ша­лықты қуаныш сыйлайтынын ақсақалдың лебізінен анық аңғаруға болатындай. Тұла бо­йың­ды шымырлататын шалқар сезімді сол бір сәт жасқа да, кәрі­ге де бірдей екен-ау.

Қартайғанда қараусыз қалу шын мәнінде қанша­лықты қасі­рет. Бірақ, бұл өзі бүгін ғана пайда болған көрініс емес. Мәселен, осы селодағы орталық сонау 1935 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді екен. Бір әттеген-айы, ал­пысыншы жылдардан бері жанардан жырақ қалып, ептеп тозғанға да ұқсайды. Тек 2016 жылы ғана бюджеттен 167 миллион теңге қаражат бөлініп, күр­делі жөндеу жұмыстары жа­сал­ған. Содан бері жоғарыда біз сипаттағандай жаң­ғырған, жа­сар­ған кейіпке ие болып, жұ­тынып тұр.

Орталықта жалғыз спорт үйір­­­мелері ғана емес, жан азығы – көркем әдебиетті де серік етуге әбден болады. Мұндағы кі­тап­ха­наның қоры аса бай және бір­неше тілде. Қариялардың көңі­лі қала­ған әдебиетті іркіл­мей тауып алуларына әбден болады.

Ас-суына да, дәрі-дәрмегіне де орталық тұрғындары дән разы. Қызметкерлердің аялы ала­­­­қандарының ғана емес, ізгі жү­ректерінің де шуағын сезініп жүр. Дәл осы жерде алуан-алуан тағдыр бар. Бірі ұрпақсыз болса, енді бірі қайырымсыз перзенттің қарамай кеткен қасіретін тартып жүр. Мемлекет сол олқылықтың орнын толтырып жатса да, терезеге үңілген кейуанаға көзің түскенде көкіректегі көрікті ой сүттей іріп кетеді екен.

Қалай болған күнде де тағ­­дыр­дың тәлкегіне ұшыраған қа­рия­лардың қараусыз қалмай­тын­­дығы анық. Осыған көзіміз жетіп тұрып, іштей шүкіршілік айттық.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы