Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Мұқтаж жандардың мұңын тыңдады

300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмір күнде той емес. Өмір болған соң тұрғындарды тол­­­ған­­дыратын тұрмыс­тық мәсе­лелер болмай тұрмай­ды. Осындай кезде кімге жо­лығып, көмекті кім­­нен сұра­рын білмей бастарын тауға да, тасқа да соғып жүретін жандар жетерлік. Мұндай көрі­ніс жер­гілікті органдардың тұр­ғындармен, соның ішінде шын мәнінде қам­қорлыққа зәру жандармен байланыс­ты терең­дете түсу қажеттігін көр­се­теді.

Мұқтаж жандардың мұңын тыңдады

Осы орайда Ақтөбе облыс­тық әкімдігінің бастамасымен «Ашық есік күндері» өтуде. Қазіргі кезде өңірде 1 миллионға жуық, соның ішінде Ақтөбе қаласында бес жүз мыңнан астам халық тұрады. Оның белгілі бір бөлігін тұрмысы төмен отбасылар, көп балалы аналар, әр­түрлі әлеуметтік көмекті ке­рек ете­­­тін өзге де мұқтаж жан­дар құ­­рай­­ды. Жергілікті өкі­летт­і ор­ган жетек­шілерінің олар­дың бә­рін бір­дей қабылдап, мұң-мұқтаж­дарын бөлі­суге мүм­кін­дігі бола бермейтіні бел­гілі.

Сондықтан өңірде тұрғын­дар­­ға жан-жақты қолдау көрсету үшін «Ашық есік күндерін» өткізу тәжірибесі енгізілді. Со­ған сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, қала және облыс әкімдіктерінің жауапты маман­дары мен қызметкерлері және облыстық басқармалар мен де­пар­таменттер басшылары қа­был­даулар жүргізе бастады. Осын­дай кездесулер кезінде күр­делі жағдайға тап болған отбасылардың жай-күйі сараланып, өтініш, тілек­­тері бақылауға алынады. Әрі шын мәніндегі көмекке мұқтаж отба­сыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті көмек көрсету жолдары белгіленеді. 

«Ашық есік күндерінің» ал­ғашқы кезеңінде өңірде көп ­ба­лалы аналарды алаңдататын жайт­­тар аз емес екендігі анық­­тал­д­ы. Соның ішінде олар­ тұ­рақ­ты баспана және әлеумет­тік жәр­демақылар мен төлемдер төлеу жөніндегі жайттарды орта­ға тастады. Осы екі мәселеге қатыс­ты төмендегідей түйіндер жасалды. Арнайы жасалған келісімге сәйкес, көп балалы аналарға пәтер берудің өзіндік тәртібі бар. Бүгін тұрғын үй алу мен оған ие болу жөніндегі заңдылықтар мен нормативтерге сәйкес баршаға бірдей тегін баспана ұсынылмайды. Әйтсе де табысы төмен отбасылар жалға беру бас­паналарға қол жеткізе ала­ды. Өңірдегі құрылыс компания­лары биыл жалға берілетін құры­лыс көлемін өт­кен жылмен салыс­тырғанда әжеп­тәуір өсірді. Бұл тұрғындар тілегін толықтай қанағаттандыра алады.

Көп балалы отбасыларға ар­нал­ған тұрғын үй кезегі сақтал­ма­са немесе тым ұзаққа созылып кет­се әртүрлі түсінбестіктер тууы мүм­­кін. Мысалы, Қарғалы ауы­лы­ның­ тұрғыны, «Алтын алқа» ие­ге­рі Жансая Керімбаева тұр­ғын үй ке­зегіне жеті жыл бұ­рын тұр­ған екен. Содан бері әлі күнге кезегі қай шамада еке­нін біле алмай жүр. Мұндай өті­ніш айтушылар жеткі­лікті. Бұл жайттың өзі тұрғын үй кезегіне ашықтық пен жариялылық қажет екенін көр­сетеді.

Ал көп балалы аналардың кө­кейінде жүрген ортақ мәселе – жәр­демақының жай-күйіне келсек, оның шешімі жергілікті атқарушы органдардың қолында тұрмағаны анық. Дегенмен, бұл арада кейбір деректерді оқырман назарына бере кеткеннің ар­тық­шылығы жоқ секілді. Ай­та­­лық, Ақтөбе қалалық әкім­дігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мінің басшысы Мақпал Тұрма­ғамбетованың ай­туынша, облыс орталығында 7 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Олардың жартысынан аста­мы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері.

«Тіркелген көп балалы ана­лардың барлығы да мемлекет­тен 16160 теңге көлемінде жәр­демақы алады. Олар мұның азды­ғын алға тартып, алдағы уақытта үкімет та­ра­­пынан оны өсіру жолдары белгіленсе, көп балалы аналар үшін әжептәуір қаржы­лық қолдау бола алатынын ал­­ға тартады. Сонымен бірге мұн­­дай қадам бала тууды ын­талан­дырудың бір тұтқасы болар еді», дей­ді көп балалы ана Шамсия Құрашева. 

«Ашық есік күндері» кезінде аналардың бір тобы атаулы әлеу­меттік көмек алуға қатысты мәсе­­ле­лерді де алға тартты. Сон­дай-ақ сту­дент­тердің шәкір­тақы­сы мен­ м­үгедек балалар үшін төле­не­тін жәрдемақы табыс көзі ре­тін­де есептелмесе екен деген ой-тілек­терін жет­кіз­ді. 

Бүгін де үлкенді-кіші­лі­­ қа­ла­лардың шеткері ай­мақ­­­та­ры мен іргелес саяжай аумақ­та­рында тұра­тын қарапайым тұр­ғын­дардың жай-күйі өкілетті ор­гандардың ұдайы назарында болуы керектігін өмір­дің өзі көр­сетті. Бұл мәселеге қа­тысты түйткілдер Ақтөбе аума­ғын­­да да кездесіп қалатынына «Ашық есік күндері» кезінде көз жеткіздік. Айталық, Ақтөбе қала­сының іргесіндегі «Геолог-1» саяжай аумағынан келген аналар білім беру саласы жетекшілеріне қыс­тың көзі қырауда балаларын мек­­тепке жеткізетін автобустың тоқ­тап қалғанын қынжыла айтып берді. 

Сондай-ақ сая­жай учаскелерінің арасында бо­­сып жүр­ген қаңғыбас иттер көп. Тұрақты мекенжайы жоқ мас­­­күнем жандар да көп кез­деседі. Жұ­мыста жүрген ата-ана­­лардың балаларын мектептен кү­тіп алуына үнемі мүмкіндігі бола бер­мейді. 

Жергілікті мемлекеттік орган өкіл­­деріне тұрғындардың жет­кізген ша­ғымдары сан алуан – тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы, жер қа­ты­нас­тары және білім беру, денсаулық сақтау саласындағы түйт­кілдер. 

– Бұлардың бірде-бірі ескеру­сіз қалмайды. Арыз-шағымдар мен өтініш-тілектердің жергілік­ті жерге қатысты бөлігін тіке­лей өзі­міз шешуге шешім қабыл­дадық. Ал өз құзыретімізге кір­мей­­­т­ін мә­се­лелерді жоғары мем­­л­екет­­тік органдардың назарына беру­ді ойластырып отырмыз. Тұр­ғындар көтерген мәселелерге орай бәріне нақты жауап қай­таруға тырыс­тық. Сонымен бірге әкім­дік пен басқарма, департаменттерге түскен тілектер жан-­жақты тал­данып, зерт­теліп, сүз­­гі­ден өткізіліп, тиісті қоры­­тынды шығарылатын болады. Қа­лай дегенде де, мұқтаж жандар қам­қорлықсыз қалмайды, – деді Ақ­­төбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Темір ҚҰСАЙЫН, 

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ