Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Ауыл аманатын арқалаған экспедиция

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Qazaqstan dauiri» газеті «Нұр Отан» партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» сайтымен бірлесіп жыл сайын экспедиция ұйымдастырып келеді. Экспедицияның басты мақсаты – еліміздің әр облыс, ауданын аралап аймақ тұрғындарымен кездесу, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап оны тиісті мекемелерге жеткізу.

Ауыл аманатын арқалаған экспедиция

Аталған игі шара былтыр да жалғасын тауып экспедиция құрамы «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» деген атпен барлық өңірде болды. Алтай мен Атыраудың ара­­сында өткен экспедиция бары­сында еліміздің 27 жылдағы жетістіктері пысықталып, әлі де шешілуі тиіс мәселелер газет бетінде жарық көрді. Өткен жұ­мада өңірлерге жасалған сапар­дың қорытындысы ретін­де арнайы жиын ұйымдас­тырылған болатын. Оған «Нұр Отан» партиясы, Парла­мент депутаттары, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің өкіл­дері, зиялы қауым өкілдері қа­тыс­ты. Кездесу барысында «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаева аталған шараның биыл оныншы рет өткізіліп отырғанын айтты.

̶ Елімізде 7,5 мың ауыл бар болса, «Qazaqstan dauiri» газе­тінің ұжымы соның 5 мың­­нан астамын аралап шық­ты. Журналисті аяғы асырай­ды демекші, республи­каның түкпір-түкпірін аралап қана қоймай, сонда өмір сүріп отыр­­ған халықтың мұң-мұқ­та­­жын, түйткілді мәсе­ле­ле­­рін қағазға түсіреміз. Тіл­шілердің қолында билік бол­ма­­ғанымен, соған жеткізетін қа­рымды қаламымыз бар. Бар­­лық көрген-білгенімізді, түйгенімізді тиісті органдарға, оның басшыларына жеткіземіз. Маңдай терімізді төгіп, атқа­рып жатқан жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Бір мы­­­сал, бұрын «Дипломмен ауыл­­­ға!» жобасымен елді мекен­­дерге мұ­ға­­лімдерді, дә­­рі­герлерді жі­бе­ретін еді. Кейін Ауыл ша­руашылығы министрлігі мен «Qazaqstan dauiri» газеті ты­ғыз қарым-қа­ты­нас орнатып, басылымның ұсы­нысы бойынша ауылға зоо­техниктер мен мал дәрі­гер­лерін де аталған жоба арқылы жібертуге мүмкіндік туды, –деді С. Мешітбаева.

Жиында «Qazaqstan dauiri» басылымының бас редакторы Ертай Айғалиұлы былтырғы экспедиция аясында көтерілген тақырыптарға тоқталып, әр облыстағы ағайынның түйт­кілді мәселелерін баяндады. Экспедицияның қорытындысы бойынша тұжырымдама жа­саған газет ұжымы жастарды ауылға тарту, жергілікті өзін-өзі басқару, ауылдағы ин­фра­­құрылым, табиғи, өңірлік жағдайларға байланысты мамандандыру, жем-шөп дайындау, кооператив мәселесі сынды өзге де салалық, маусымдық проблемаларды жіпке тізді. Ауылдағы ағайынның аманатын арқалай келген экспедиция мүшелері қойылған сауалдардың жауабын, мәсе­ленің мән-жайын құзырлы органдардан сұрады. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі және өзге де ведомство өкілдері айтылған та­­лап-тілектерге жауап беріп, ал­­дағы уақытта нақты қандай шаралар қабылдау керектігін егжей-тегжейлі баяндады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»