Қоғам • 19 Ақпан, 2019

Түркістанды түлететін туризм

599 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінде қала өмірінде үлкен өзгерістер болуда. Құрылыс қарқын алып, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы оң өзгерістердің көрінісі. 

Түркістанды түлететін туризм

Әкімшілік-іскерлік орталығын­дағы 48,4 гектар аумаққа бірінші кезекте салынуы тиіс 13 нысанға жер телімдері толығымен босатылып, облыстық әкімдік пен басқармалар және департаменттерге арналған ғи­­­мараттар салынуда. Сондай-ақ Түр­кістан қаласының рухани-мәдени ай­мағында «Самұрық қазына» ҰӘҚ АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының, 7000 орынға шақ­­талған стадионның құрылысы қар­қынды жүргізілуде. «Ұлы дала елі» орта­лығында және көпқабатты тұрғын үй­лердің құрылысында да жұмыс қызу. Құрылысшылар нысандарды мер­зімінде аяқтау мақсатында бүгінде екі ауысымдық, яғни 12 са­ғаттық жұмыс жүйесіне көшкен. Сон­дай-ақ барлық салада Елбасы тарапынан беріл­ген тапсырмалар мен жүк­телген мін­деттерді орындауда жауапкершілік артқан. 

Тағы бір оң өзгеріс қалаға келуші­лер саны көбейе түскен. Өткен жы­лы туристер мен зияратшыларға көр­сетілген түрлі қызметтерден 3 млрд 974 млн теңге қаржы түсіп, ІЖӨ-нің 5,3%-ын құрауы сөзімізге дәлел. Нақ­тырақ айтсақ, 2017 жылы 1 144 мың турист келген болса, өткен жылы кел­ген туристердің саны 1 495 мыңға жеткен. Оның ішінде алыс-жақын шетелден келген туристер саны – 40 мың. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 30,7%-ға артып отыр. Осы орайда қаладағы 21 қонақүйдің қатарына туристерге заманауи үлгіде қызмет көрсететін «Роял Гранд Отел» қонақүй кешені қосылды. Жалпы қалада 978 орынды 22 қонақ үй қызмет көрсетуде. Сонымен қатар сервистік қызметтің сапасын арттыру мақсатында бес жұлдызды «Риксос-Түркістан» қо­нақүй кешенінің құрылысы басталса, алдағы уақытта Малайзия, Түркия мемлекеттері тарапынан жоғары са­наттағы қонақүйлер салумен қатар ар­найы кәсіби мамандар дайындайтын «Туризм колледжін» ашу жоспарланып отыр. «Келушілерге ыңғайлы жағдай жасау арқылы тұрақты табыс көзін қалыптастыру басты мақсат. Бұл тек қала көлеміндегі мәселе емес. Түркістанды туристік өңірге айналдыру мақсатында республика көлемінде және облыс әкімдігінің ықпалымен кешенді жұмыстар ат­қарылып келеді. Мәселен, соңғы 5-6 жылда қала аумағында туризм саласын жетілдіру үшін 10-ға тарта нысан бой көтерді. Оның ішінде, өңіріміздегі қасиетті орындарға баратын жолдар салынып, инфрақұрылымдары қа­лыптастырылды», дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

Қала әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынында келтірген мә­лі­меттеріне қарағанда, барлық салада ілгерілеу бар. Мысалы, үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыты бойынша «Өңірлік кә­сіпкерлікті қолдау картасындағы» құны 9 млрд 770 млн теңгенi құ­райтын 12 жоба iске қосылып, 774 жұмыс орны ашылған. Биыл құрылыс материалдарын өндіретін 4 жоба және постерминал өндіретін 1 жоба іс­ке қосылады деп жоспарлануда. Қо­сымша 295 жаңа жұмыс орны ашы­латын болады. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы арқылы жұ­мыспен қамтылғандардың саны 25 428-ге жетті. Сондай-ақ Елбасының «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлығына сәйкес, 400 гектар жер телімінде арнайы экономикалық аймақ құру жос­парлануда. Еліміздің Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жезқазған сияқты 6 өңі­рінің тауарларға деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған тоғыз жолдың торабындағы Түркістанда сау­да логистикасын дамытуға то­лық мүмкіндік бар. Осыған байла­нысты қалада 20 гектар жерге сау­да-логистикалық орталығына ин­фрақұрылым жүргізілген. Қала әкі­мінің мәлімдеуінше, өткен жылы не­гізгі капиталға тартылған инвестиция 28 млрд 313 млн теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 133 пайыз бол­ған. Ал ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға артық орындалған. Осылайша Түркістан қаласы ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштер бойынша басқа аудан, қалалардың ішінде бірінші орынды иеленіп отыр. Қала тұрғындарының қосымша табыс табуы­на мүмкіндік беретін үй іргелік жерде жылыжай салу жұмысы жақсы жолға қойылған. Өткен жылы жалпы көлемі 7,7 гектарды құрайтын 73 жылыжайдан 245 тонна өнім жиналған. 

Қала тұрғындарының саны ар­та түскен және алдағы уақытта көбейе­тіні мәлім. Бүгінгі таңға тұрғын үй кезегінде 2160 бюджеттік сала қыз­мет­кері, 6525 әлеуметтік әлсіз топ­тағы азаматтар, барлығы 8685 адам тұр екен. «Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы «Отырар» мөлтек ауда­нында бой көтерген 1536 пәтерлі 26 үйді биыл кезең кезеңімен ел игі­лігіне беру жоспарланып отыр. Яғни, 11 үй бірінші жартыжылдықта, 9 үй екінші жартыжылдықта үй кезе­гін­дегі азаматтарға берілетін болады. Ал 336 пәтерлі 6 көпқабатты үй­ «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасында» басымдық берілген «7-20-25» бағдарламасы аясында 2019 жыл­дың маусым айында пайдалануға беріледі», деді қала әкімі. Сондай-ақ Ә.Өсербаев биыл Түркістан тұрғын­дарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылатынын атап өтті. Қа­­ла­ны газбен қамту 3 кезеңмен жү­зеге асырылуда. Бірінші кезеңнің жұ­мыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 42918-ден ас­там қала тұрғынына табиғи газ бе­рілді. Бүгінде ІІ-ІІІ кезеңнің құны 

20 ­млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұ­мыстары басталған. «Биыл осы мақ­сатқа 4 545 млн теңге бөлініп, халықты табиғи газбен қамту көрсеткішін 58 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ал 2020 жылы қала 100% табиғи газбен қамтылатын болады», деді қала әкімі. 

Түркістан қаласында өнеркәсiп және кәсiпкерлiк саласында жұмыс істейтін 39 кәсіпорын өткен жылы 12 млрд 467 млн теңгенің өнімін өн­дір­ген. Жалпы өңiрлiк өнiм 74 млрд 803 млн теңге болып, оның көле­мі жан басына шаққанда 452 мың тең­гені құраған. Жалпы өңірлік өнім көлемінде өзіндік үлесі бар өнеркәсіп саласы – 16,7%, ауылшаруашылық саласы – 8,0%, орындалған құрылыс жұ­мыстары – 16,8%, ал сауда-саттық саласы мен шағын бизнесі дамыған Түркістандағы тауар айналымы мен қызметтерді өткізу көлемінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 58,5 пайызға жеткен.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы