19 Ақпан, 2019

Көп балалы отбасыларға нақты қолдау жасалуда

773 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстандағы көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 245 миллион теңге қаржы бағытталмақ. 

Көп балалы отбасыларға нақты қолдау жасалуда

Сонымен қатар өңірдегі әлеу­­меттік тұрғыдан аз қам­тыл­ған және көп балалы отбасылардың колледжде оқитын балалары (4200) тамақпен және шәкірт­ақымен тегін қамтылады. Бұған 

3 миллиард теңге көлемінде қар­­жы бөлінеді. Аймақтағы аз қам­тылған және көп балалы отба­сы­лардың мектеп жасындағы балаларына форма сатып алуға 500 мил­­лион теңге көлемінде жәр­дем көр­сетілмек. Осы санат­тағы отба­сы­лардың балалары жазғы демалыспен, сауықтырумен 100 пайызға қамтылады. Облыс әкімі Даниал Ахметов осындай жа­ғым­ды жаңалықты 15 ақпанда Өс­кеменде өткен «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясында жеткізіп, мұның бәрі Елбасы тапсырмасы аясында жүзеге асырылатынын айтқан-ды. 

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 26149 көп балалы отбасы бар. Осы отбасылардың 1736 баласы балабақшаға (шағын орталыққа) баратын болса, соның 188-і жекеменшік балабақшаларда тәр­­­бие­ленуде. Бұл балалар жо­ға­­рыдағы жеңілдіктерге қол жет­кізе ала ма? Мәселен, Се­мей­­де бизнестің әлеуметтік жа­уап­­­кершілігі аясында 18 жеке- мен­шік балабақшада көп балалы отба­сыдан шыққан 49 бал­ғын тамақ­тану төлемінен боса­тылған екен. Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлерді Семей үлгісінде көп ­балалы от­басыларға қамқорлық танытып, жеңілдік жасауға шақырды.  

Көп балалы, тек көп балалы емес, кез келген отбасыны күз жақындағанда толғандыратын мәселенің үлкені – мектеп формасы. Енді облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктері көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына форма сатып алу үшін 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөледі. Д.Ахметов конференцияда жаппай оқу қорының жиынтық көлемін 3 пайызға көтеруді тапсырды. Облыста жаппай оқу қорының көлемі бүгінгі таңда 2,2 пайызды немесе 1,4 миллиард теңгені құрайды. Осы қаражаттың 85 пайызы, яғни 1,21 миллиард теңгесі мектеп оқу­шыларын ыстық тамақпен қамтуға жұмсалады. Демек, 500 миллион теңге көлемінде бөлі­нетін қаржы ата-аналар үшін айтар­лықтай жәрдем әрі үнем болмақ. 

Колледждерде тегін оқуға болады

Өңірдегі әлеуметтік тұр­ғы­дан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледжде оқитын балаларын тамақпен және шәкіртақымен тегін қам­­ту үшін 3 миллиард теңге кө­ле­мінде қаржы бөлінетінін жо­ғарыда айттық. 3 миллиард дегеніңіз – 4200 бала тегін білім алады деген сөз. Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне сенсек, өңірде жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды дайындау үшін екінші жыл қатарынан жергілікті бюджет есебінен мем­лекеттік тапсырыс көлемі 10 па­йызға ұлғайыпты. 2018 жылы 5560 бюджеттік орын бөлінсе, соның 47,4 пайызы жұмысшы, 52,6 пайызы орта буын мамандарын дайындауға бағытталды. Ал биыл 6200 бюджеттік орын (44,8 пайызы жұмысшы, 55,2 пайызы орта буын мамандары) қарастырылып отыр. «Бұл дегеніңіз – аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына үлкен мүмкіндік. Те­гін оқу мүмкіндігі. Жоғарыда атап өткен мемлекеттік тапсы­рыс­тан бөлек Тиімді еңбекпен қам­ту бағдар­ламасы бойын­ша­ облысқа жыл сайын респуб­ликалық бюджет есебінен 1730 орын бөлінеді. Қандай да бір себептермен бай­қаудан өте ал­маған бала осы бағдарлама арқылы колледжде­ тегін оқи алады. Биыл осы бағдар­лама шеңберінде тұңғыш рет орта буын, яғни педагог мамандарды даярлауға ерекше көңіл бө­лінбек. Бұл бағдарламаның ерек­шелігі, түлек оқуға конкурссыз қабылданады. Студенттің сабақ үлгеріміне қарамастан шәкіртақы төленеді, ыстық тамақпен, жол­ақысымен қамта­масыз еті­леді. Көп балалы отбасы­лар­дың балалары, әсіресе шал­ғай ауылдарда тұратындары осы мүм­­кін­дікті пайдаланса дейміз», дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. 

Бірден ескерте кетейік, те­гін оқуға мүмкіндік алу үшін тү­лек жұмысшы мамандықтары (электр дәнекерлеуші, құры­лыс жұмыстарының әрлеуші ше­бері, мал дәрігері, көлік жөн­деу слесары) және орта буын (педа­гогикалық, техникал­ық жә­не меди­циналық) мамандық­та­рын таң­дауы керек.

Көп балалы аналар қауымдастығы құрылады

Д.Ахметов конференция барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламаларды үйлестіру басқар­масына 1 ай ішінде қала-аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2017 жылы жасалған әлеуметтік картаны жандандырып, өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әрқайсысының жағдайын жеке-жеке саралап, әсі­ресе баспана, тұрмыстық мәсе­лелеріне жіті назар аударуды тапсырды. Мәселе де­м­ек­ші, аймақ басшысы 15 ақ­пан­да Өскеменде өңірдің бір топ көп балалы аналарымен кез­дескенде аналар тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Бірі «бұрынғыдай қоғамдық көлік­терде, темір жолда жеңілдік қа­рас­­тырыла ма?» десе, енді бірі «коммуналдық төлемдерге же­ңіл­дік жасалса» деді.  Же­ті баланың анасы Мәдина Сан­баева бірнеше жыл бұрын об­лыс­тағы көп балалы аналарға ар­найы карточка беріліп, бассейндерге, мәдениет орындарына, саябақтарға жеңілдік көр­­сетілгенін айтып, осыны қай­­та қалпына келтірсе деген тіле­гін жеткізді. «Көп балалы от­басылардың бұған дейін кол­леджге түсіп, ақылы оқу оқып жүрген балаларының әрі қарай тегін білім алуына жағ­дай жасау мәселесін де қарас­тырамыз. Бұл үшін Білім және ғылым министрлігінің бұй­рығына өз­геріс енгізу керек. Об­лыстық бас­қармаларға тиісті тапсырмалар берілді. Әлеуметтік карта жасалады. Әлеуметтік карта жасал­ғаннан кейін көп балалы ана­лар қауымдастығын құрып, сіздермен бірлесе жұмыс істей­міз. Бұл та­раптағы жұмысты сіз­дер де қа­дағалайтын бола­сыздар»,­ деді облыс әкімі көп ба­лалы аналарға.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы