Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

Бердібек Сапарбаев: ақтөбеліктер тарифтердің төмендегенін сезінулері керек

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында коммуналды қызметтер тарифінің төмендеуін бақылайтын жұмыс топтары құрылды. Тиісті тапсырманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды қызмет кәсіпорындарының басшылары қатысқан жиында берді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі  хабарлады.

Бердібек Сапарбаев: ақтөбеліктер тарифтердің төмендегенін сезінулері керек

«Тарифтерді төмендеді дейсіздер, ал халық төмендегенін көріп тұрмағандарын айтады. Бірінші кезекте, халық мұны қалтасымен сезінуі керек»,-деді облыс әкімі коммуналды қызмет басшыларына.

Оның тапсырмасымен Ақтөбеде, сонымен қатар облыстың барлық аудандарында 19 ақпаннан бастап арзандатылған тарифтерге қатысты ағымдағы жағдайға мониторинг жасауға кірісетін жұмыс топтары құрылды.

Бердібек Сапарбаев: «Жұмыс топтарына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен өзге қоғам қайраткерлері де кіру керек. Пәтерлерді аралап, адамдармен сөйлессін, түбіртектерін алып, салыстырсын. Тарифтерді төмендету – мемлекет басшысының міндетті түрде орындалуы тиіс тапсырмасы, мұны әрбір үй иесі сезінуі керек»,- деп атап өтті.

Еске салайық, жаңа жылдан бастап өңірде коммуналды қызмметтердің барлық түрінің құны  төменген болатын. Коммуналды қызметтердің мәліметтеріне сүйенсек, облыста газ, жылу тарифтері 10,2%, жарық 3% арзандады. Сумен жабдықтау  5,5%, су тарту 5,9% төмендеген. Жеделсаты қызметінің тарифі 10% азайып, ПИК қызметі 7,3% арзандады. Домофон қызметі үшін ақтөбеліктер 5% арзан төлей бастады.