Президент • 19 Ақпан, 2019

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

Келісімге 2017 жылғы 29 қарашада Минск қаласында қол қойылған болатын. Құжат қорғаныс өнеркәсібі саласында Қазақстан мен Беларусь кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды реттейді.

Заң жобасы әскери мақсаттағы өнімді (қару-жарақ, әскери техника, әскери мақсаттағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, зияткерлік қызмет нәтижелері және әскери саладағы ғылыми-техникалық ақпарат), сондай-ақ қос мақсатта қолданылатын тауарларды (азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ өз ерекшеліктері мен қасиеттеріне байланысты жаппай қырып-жою қаруын және өзге де қару түрлерін жасау мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін шикізат, жабдық, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) әзірлеу, жасау, жаңғырту және жөндеу; әскери-техникалық мақсаттағы қызметтерді көрсету; өз мұқтаждықтары үшін әскери мақсаттағы өнімді, сондай-ақ қос мақсатта қолданылатын тауарларды жасау, жаңғырту және жөндеу үшін қажетті өнімді беруді жүзеге асыру мәселелерін регламенттейді.

Келісімнің аясында өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы үшін берілетін өнімді және әскери-техникалық мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді квоталаудан және лицензиялаудан босату сияқты қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін болады.

Келісімде тараптардың уәкілетті құзырлы органдары айқындалған, Келісімнің аясында берілген немесе құрылған зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар белгіленген, тараптар беретін өнімнің сапасын бақылау және оны қабылдап алу мәселелері реттелген.

Комитетте сондай-ақ «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы 30 қарашада Минск қаласында қол қойды. Келісімнің мақсаты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделерінде өзара іс-қимылды дамыту болып табылады.

Заң жобасындағы ережелерге сәйкес тараптар мемлекетаралық ынтымақтастық және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту негізінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігі жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді, ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін қалыптастыру және халықаралық құқықтық базаны жетілдіру бойынша бірлесіп күш жұмсайды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне бірлескен ден қоюдың іс жүзіндегі тетіктерін қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы сенімді нығайту шараларын дамыта отырып тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды жүзеге асырады, ғылыми-техникалық әзірлемелерді ынталандырады, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің технологиялық негіздерін жетілдіру бойынша келісілген шараларды қабылдайды.

Сондай-ақ, осы Келісімнің аясындағы ынтымақтастық барысында берілетін немесе жасалатын ақпараттың қорғалуы көзделеді, оның қолжетімділігі мен таратылуы тараптардың заңнамасына сәйкес шектелген. Құжаттар Сенат қарауына берілді.