Таным • 20 Ақпан, 2019

Есте қалғандар (Өткенді еске алу ретінде)

563 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әуеш Қошмағамбетұлының бұл мақаласы 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №407 санында жарияланыпты. Естеліктегі «І кеңес үйінде 46-бөлмеде Әбдірахман деген жігіт тұрады... Емлең дұрыс екен, арызыңды соған бер, солар алар», деді, көзілдірігін киген қар­таңдау кісі. Бұл – Ахаң еді» деген сөйлемнің өзі жанға жылу сый­­лайтындай. Естелік газет өмі­рінің сол кезгі қиындығын көз­бен көргендей күй кештіреді.

Есте қалғандар (Өткенді еске алу ретінде)

... кеңес көшесінде кездесіп, арызымды ұсындым. Арызым қызмет етуге орын сұрап жазылған еді.

«І кеңес үйінде 46-бөлмеде Әбдірахман деген жігіт тұрады. Олар қазақ тілінде «Еңбек­шіл қазақ» деген газет шығармақ. Емлең дұрыс екен, арызыңды соған бер, солар алар», – деді, көзілдірігін киген қартаңдау кісі. Бұл – Ахаң еді.

І кеңес үйіндегі 46-бөлмені таптым. Үйінде жоқ екен. Біраздан келді. Дудардай ұзын қара шашты сұлу жігіт көзін қысыңқырап қарап, арызымды үстінен бір шолып өтті де, бір жапырақ қағаз жазып: «30-бөлмеде Алдоңғарұлы деген жігіт бар, соған жолық», деп жіберді. Бұл жолыққаным Әбдірахман Байділдаұлы еді. 

Қағазында «жараса, мына жігітті қызметке ал» деп жазылған.

30-бөлмеге келдім. Өзімдей жас, сары жігіт кездесті. Бұл Ерғали Алдоңғарұлы еді. 

Арызыммен қоса, записканы бердім. Ары­зымды оқып, жаздырып қарап, қызметке алынатынымды айтты.

Қазір өзімен бірге «Еңбекшіл қазақтың» қалған материалын ала баспаханаға ертіп баратынын білдірді. Материалдарды портфеліне салып жатып: «баспахананы сенің бірінші көруің шығар», – деді. «Иә» дедім мен. Дұрысында солай еді. 

Баспаханада 

Келдік. Баспахана Успен көшесінде, екі қабат үйдің астыңғысында екен. Ішіне кірдік. Терезесін қырау басқан қараңғы, салқын бөлме екен. Әрекет тым шабан, жай. Он шақты жұмыскер ортадағы кішкене темір пешке от жағып жылынып тұр. Шұқылап бірдеме істеген болады да, тоңдым деп қайта отқа тығылады. Біреуіне жақындап, алдыңғы берген материалдардың теріліп-терілмегенін, газеттің қашан теріліп бітетінін сұрады.

– Бір жұмада теріліп болар, – деді біреуі.

– Нан, отын беріңдер, – деді ашуланып екіншісі.

Нан қайдан берілсін, біздің қолда нан тұр ма, материал ғана берілді. Бірақ сол кезде газеттің бір нөмірі жұмадан артық терілді. 

Ол кезде 

Ол кезде «Еңбекшіл қазақта» бас мақала аштыққа ұшыраған гүбірнелерге жәрдем беру керектігіне арналып, хабарларында ішкі Ресейдегі, Қазақстандағы аштардың сандары, оларға қанша жәрдем керектігі көрсетілетін. Ол кезде бір ғана баспахана жұмыскерлері емес, жалпы ел, жалпы кеңестер одағының мұқтажы нан еді, елге нан табу еді, аштыққа ұшыраған елді тойындыру еді.

Қазірде 

Бұған үш жыл өтті. Үш жылда адам таң­ғалғандай өзгеріс болған. Жақын арада баспаханаға бардым. Жұмыскерлердің жапсырма газетін оқысам, бір жұмыскер расходтан ауысқан ақшаны сандыққа сақтамай, кассаға сақтау туралы пікірін айтыпты.

Бүтін мазмұнын аштық, аштықпен кү­ресу, жәрдем шаралары алған «Еңбекшіл қа­зақ» қазірде сыртқы елдердегі саяси хал, ке­ңестер одағының шаруашылығы, Қазақ­стан шаруашылығын қалай көтеру, елді қо­­ныстандыру, елді ағарту туралы жазып отыр.

Бұл азамат соғысы, одан кейін 22-жылдың тарихи апатынан кейін ел түлеп, шаруашылық жанданып, жаңа жұртшылыққа бет түзегенін көрсетеді.

«Еңбекшіл қазақ» ауыр, қиын, жағдайсыз шарттардан өтіп, еңбекші елімен бірге жанданып, көркейіп келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде баспахана жұмыскерлері «нан» сұрамайды, материал сұрайды. Бүгін «Еңбек­ші қазақтың» бес жасқа аяқ басқан тойын тойлап отырмыз, енді бес жылдан кейін бүгініміз де ойыншық болып қалар. 

Дайындаған Ұларбек Нұрғалымұлы,

журналист